Accessibility links

БҰҰ-ның «көгілдір беретті» әскері Қырғызстанға кіре ме?


БҰҰ бітімгер әскері Дарфурға келіп жетті. 21 маусым 2010 ж.

БҰҰ бітімгер әскері Дарфурға келіп жетті. 21 маусым 2010 ж.

Қырғызстандағы қақтығыстан соң БҰҰ-ның бітімгершілік күштеріне қатысты түрлі сауал туындап жатыр. Орталық Азияның бірқатар саясаткерлері БҰҰ әскерін Қырғызстанның оңтүстік аймағына кіргізуге шақырды.


ОТ ПЕН ОҚТЫҢ ОРТАСЫНДА

Ник Бирнбэк 1988 жылы БҰҰ-ның бейбіт әскері сапында Босния және Герцеговинадағы жұмысына кіріскенде елдің батысындағы Дрвар қаласында әлдекімдер серб ұлтты егде жастағы ерлі-зайыптыны айуандықпен өлтірді. Жергілікті тұрғындар бұл қылмысты этникалық хорваттардан көрді.

Бітімгерлер осы аймақта ұлтаралық кикілжіңнің тез арада агрессияға ұласып, жергілікті тұрғындардың бойын ашу-ыза кернегеніне куә болды деп еске алады Ник Бирнбэк.

«БҰҰ-ның көптеген ғимараттары мен біздің көліктер өртеніп кетті. Өз адамдарымызды көшіруге мәжбүр болдық. Жараландық. Қасіретке толы уақыт еді. Брчко қаласын және басқа мекендерді тәртіпсіздік жайлады», - дейді Ник Бирнбэк.
БҰҰ бітімгер әскері оққа ұшқан әріптесін көтеріп келеді. Ливан, 24 қаңтар 2007 ж.

Қазіргі күні Бирнбэк БҰҰ-ның бейбітшілік сақтау операциялары жөніндегі департаментінің баспасөз хатшысы болып істейді. Ол Шығыс Тиморда, Эритрея мен Либерияда бітімгер болып қызмет етті. Бірақ Дрвардағы оқиға оның ойынан әлі кетпейді.

Бирнбэктің айтуынша, бас киімнің түсіне байланысты «көгілдір береттілер» деп аталатын БҰҰ-ның бітімгерлері қауіп-қатердің қақ ортасында жүреді. Соңғы бес жылдың ішінде 700-ден астам бітімгер өзінің кәсіби қызметін орындау барысында қаза тапты.

Мыңдаған бітімгерлер жанжал ошағына кез-келген уақытта жөнелтілген сәтте, БҰҰ-ның бюджетінен бейбітшілік орнату операциялары үшін қомақты қаржы бөлініп отырады. Осы жыл оның көлемі шамамен сегіз миллиард долларға жетті.

БҰҰ-ның бейбітшілік сақтау операциялары бірінші мәрте 1948 жылы жаңадан құрылған Израиль мемлекетінде қолданылды. Бітімгерлер аймақта израильдіктер мен араб мемлекеттері арасындағы аса күрделі жағдайда өткен келіссөздердің бейбіт жағдайда өтуін қадағалады.

Содан бері БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің нұсқауымен, жанжал ошақтарында бейбітшілік орнатуға арналған алпыстан астам миссия жүзеге асырылды. Соңғы 62 жылда БҰҰ-ның бітімгерлері осындай 63 операция өткізді.

БҰҰ-ның бейбітшілік орнату жөніндегі 24 мыңнан астам азаматтық және әскер қызметкерлері әлемнің түрлі жанжал ошақтарында жұмыс жасап жатыр. Соңғы он жылда бітімгерлер саны күрт көбейді, алдағы уақытта арта береді.

СЫНҒА ҰШЫРАУ

Соңғы жылдары БҰҰ-ның бейбітшілік орнату операцияларына сыбайласқан жемқорлық, құзыретін асыра пайдалану және тәртіпсіздік күшейгенде шара қолданбау сияқты айыптар жиі тағылып жатыр. БҰҰ «қауіпсіздік аймағы» туралы мәлімдегеніне қарамастан, 1994 жылы шілдедегі қақтығыс кезінде аймақта БҰҰ-ның голландиялық 400 бітімгері болса да, серб күштері сегіз мыңнан астам босниялық мұсылманды қырып тастады.

БҰҰ-ның Руандадағы бітімгершілік операциясы 1994 жылы осы елдегі геноцидті болдырмауға шамасы келмеді, аймақта шамамен 800 мың адам қаза тапқан еді.

Сол кезде БҰҰ-ның бітімгершілік күштерін басқарған Кофи Аннан бірнеше жылдан соң – ұйымның бас хатшысы болып сайланбай тұрып Руандадағы оқиғаға байланысты кешірім сұрады.
Украиналық өзбектер БҰҰ-ның кеңсесінің алдында наразылық акциясын өткізіп тұр. Киев, 16 қаңтар 2010 ж.

Алайда Ник Бирнбэк бітімгершілік күштердің қызметін жақтайды. Оның пікірінше, ең соңғы шара ретінде ғана іске қосылатын «көгілдір береттілер» көп жағдайда содан опық жеп жатады. Бирнбэк БҰҰ-ның бітімгершілік күштерін қолдану халықаралық қауымдастықтың бастапқы емес, соңғы әрекеті деп есептейді.

«Бізді көп жағдайда қолдан келер шара қалмағанда ғана жібереді. Осылайша біз мейлінше ушыққан жағдайға тап боламыз. Біз іске басынан кіріспей, болары болып, бояуы сіңгенде ғана кірісіп жатамыз», - дейді Бирнбэк.

Қауіп-қатер миссияның түріне байланысты түрленіп отырады. Қазіргі таңда БҰҰ-ның бітімгершілік күштері Суданның ең қауіпті батыс аймағы – Дарфурде қызмет етіп жатыр. Мұнда он мыңнан астам әскер қызметкері, соның ішінде полиция мен әскер бақылаушылары бар. Маусым айының соңында Дарфурда шабуылға ұшыраған үш бітімгер қаза тапты, төртіншісі ауыр жараланды.

Қазіргі таңда Гаити, Косово, сонымен бірге Үндістан мен Пәкістанның арасындағы даулы шекаралас аймақта бейбітшілік орнату жөнінде 16 миссия жүзеге асырылып жатыр. Бұған қоса бітімгершілік күштерінің басым бөлігі Африка құрлығындағы Конго Демократиялық Республикасынан бастап Кот-д'Ивуар мен Либерияға дейінгі аймақта орналастырылды.

ҚАБЫЛДАУШЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ КЕЛІСІМІ КЕРЕК

Адам құқығын қорғаушылар БҰҰ-ның бітімгершілік күштерін Қырғызстанға кіргізу туралы бастама көтерді. Республиканың оңтүстігіндегі Ош және Жалал-Абад қалаларында маусым айында қырғыздар мен этникалық өзбектер арасында қақтығыс болған.

Әзірге БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі басқармасы бұл қалалардан босып кеткен тұрғындарға арнап Өзбекстанда уақытша қоныс аймақтарын ұйымдастырумен айналысып жатыр. Бірақ Қырғызстанға бітімгершілік күштер келген жоқ. Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымы да өзінің бітімгерлерін бұл елге жіберуден бас тартты.

Айта кетерлік жайт, БҰҰ-ның бітімгерлері қабылдаушы елдің келісімімен ғана жұмыс істейді. Әдетте олар бейтарап ұстаным сақтайды, қорғану үшін немесе мандат ережелеріне сай күш қолдануы мүмкін. БҰҰ-ның шенеуніктері бейбітшілікті сақтау күштерінің жанжал ошақтарындағы қызметі бейбітшілік орнату емес, бейбіт процестерді қолдау екендігін айтады.

БҰҰ-ның бітімгерлері, бір жағынан алғанда, әлемдегі еркін әскердің ең ірісі. БҰҰ қазіргі таңда 115-ге жуық елді бейбітшілікті сақтауға қажетті сарбаздармен, полиция қызметкерлерімен қамтамасыз етіп отыр. Бангладеш, Пәкістан және Үндістан – бітімгершілік операцияларға көп қатысатын елдердің үштігіне енеді.

Кадр мәселесінде қиыншылық жоқ сияқты. БҰҰ-ның бейбітшілікті сақтау операцияларының қазіргі басшысы Ален Ле Ройдың айтуынша, дамушы елдердегі әскер қызметкерлері БҰҰ-ның бітімгершілік күштеріне қатысуға талпынып отыр.

СҰРАНЫСТАН ҰСЫНЫС КӨП

Ален Ле Ройдың айтуынша, қазіргі таңда БҰҰ-ның бейбітшілікті сақтау жөніндегі операциялар департаментінде сұраныстан гөрі, бітімгершілік операцияларына қатысқысы келетіндердің ұсыныстары көп болып отыр.

«Мемлекеттер арасында бітімгершілік операцияларға қатысу ісінде бәсекелестік болады. Мен көптеген елдерде болдым, олар бітімгершілік операцияларға қатысқысы келетіндіктерін білдіріп отырады, өйткені әрбір сарбаз немесе полиция қызметкері бітімгершілік істерге қатысуды қалайды», - дейді Ален Ле Рой.

Дамушы мемлекеттер БҰҰ-ның бейбітшілікті сақтау операциялары жөніндегі департаментін мамандармен қамтамасыз етсе, дамыған елдер қаржы бөлумен айналысады. АҚШ бітімгершілік операциялар бюджетінің 27 пайызын қамтамасыз етеді, бұл салада ол - ең ірі донор. АҚШ-тан кейін Жапония, Ұлыбритания, Германия және Франция тұр.

Құрамында өз азаматтары бар елдерге БҰҰ әрбір бітімгер үшін орта есеппен алғанда айына мың доллар төлейді. Одан соң жергілікті өзін-өзі басқарушы органдар сарбаз-бітімгердің жалақысын анықтайды.

Ник Бирнбэктің айтуынша, көптеген ұлттық әскер бөлімдері бейбітшілік сақтау жөніндегі миссиядан көп тәжірибе жинап, жақсы дайындықтан өтіп қайтады.

БҰҰ ӘСКЕРІНДЕ ӘЙЕЛДЕР КӨБЕЙДІ

Қазіргі күні БҰҰ-ның бітімгершілік күштері құрамында әйелдер аз. Өткен жылы БҰҰ бітімгершілік операцияларына қатысатын әйел сарбаздардың саны көбейе бастады. 2014 жылы олар 20 пайызға жетеді деп хабарланды.

Бейбітшілікті сақтау операциялары гендерлік мәселелер бөлімінің маманы Клэр Хатчинсонның айтуынша, әйел-бітімгерлердің көп болуы бірқатар елдерде жергілікті тұрғындармен жұмыс істеудің ілгерілеуіне септігін тигізеді.
Әйелдерден ғана тұратын бангладештік полиция Гаитиге келіп жетті. 1 қаңтар 2010 жыл.

«Қоғамдардың бірқатарында, мысалы, Ауғанстанда және басқа да елдерде, ер кісілер әйелдерге жақындай алмайды немесе олармен сөйлесуге тыйым салынған. Сондықтан бітімгершілік күштердің құрамында әйелдер болуы керек. Олар ер кісінің қолынан келмейтін шаруаларды атқара алады», - дейді Клэр Хатчинсон.

БҰҰ бітімгершілік күштеріндегі алғашқы әйелдер бөлімі Үндістанда полиция қызметкерлерінен жасақталды. Олар 2007 жылы Либериядағы бітімгершілік операциясына жіберілді. Содан бері либериялық полицияда БҰҰ-ның бітімгері болғысы келетіндер саны жеті есе көбейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG