Accessibility links

Хиллари Клинтонның адам құқына байланысты көзқарасы өзгерді ме?

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Қытай президенті Ху Жиңтао мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон. Бейжің, 21ақпан, 2009 жыл.

Қытай президенті Ху Жиңтао мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон. Бейжің, 21ақпан, 2009 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон осы қызметтегі алғашқы шетелдік сапарында Азия елдерін аралады. Ол Қытайға сапарында ол елдегі адам құқықтары жайына баса назар аударады деп күтілген еді. Алайда...

Ақпанның 16-сы мен 22-сі аралығындағы Азияға сапарында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Жапония, Индонезия, Оңтүстік Кореяға барып, соңында Қытайға ат басын тіреген болатын.

АҚШ Қазынасы Қытайға 696 миллиард доллар қарыз.

Клинтон ханымның сапар барысындағы мәлімдемесі басқадан бұрын қытайлықтардың өзін қатты таңқалдырса керек.
Ол өз мәлімдемесінде Қытайдағы адам құқықтарының сақталуындағы көлеңкелі әрекеттер қос ел байланыстарына әсер етпеуі керек деді.
Клинтон Бейжіңге қонбас бұрын-ақ, ұшақ ішінде журналистерге берген сұхбатында оларды біраз шошындырып тастаған болатын.

“Сапар барысында адам құқы мәселесі көтеріле ме?-” деген сауалға мемлекеттік хатшы:

“Олардың аталған сұраққа қалай жауап беретінін біз білеміз. Себебі мен Қытай басшыларымен осы тұрғыдағы сөйлесулерді 10 жылдан аса уақыттан бері жүргізіп келемін. Біз оларға бұған орай талап қоя береміз. Алайда біздің бұл талаптарымызға әлемдік экономикалық, әлемдік климат және қауіпсіздік дағдарыстары өз әсерін тигізбеуі тиіс,-” деген еді.

АҚШ Мемлекеттік департаменті ақпанның 26-сы күні жариялаған адам құқықтары бойынша жылдық баяндамасында Қытайды адам құқын аяққа басу мәселесінде өте ауыр қылмыстар жасап келеді деп айыптаған болатын.

Клинтонның мәлімдемесі мен аталған баяндаманың жарық көруі көптеген азаматтар көкейінде Обама әкімшілігінде идея сәйкестігінің қаншалықты дәрежеде реттеліп отырғаны туралы күмән қалдырған еді.

“Вашигтон пост” газеті Клинтон ханымның сөзін әлемдегі құқық қорғаушыларға тұсау болып, Обама әкімшілігі туралы теріс көзқарасқа мұрындық болатын болды деп сынаған еді. "Қытайда демократиялық өзгерістерді жасауға шақырған "Хартия-08" деп аталатын манифесті әзірлеуге көмектескені үшін түрмеге жабылған ғалым Лю Жоубобо сияқты, азаттық пен еркіндік үшін күресуші әлемдегі белсенділердің үмітіне Клинтонның сөзі көлеңке түсірді" деп “Вашингтон пост” газеті қатты сынға алды.

Amnesty International ұйымы болса, Клинтонның Қытайға қатысты көзқарасынан көңілдері қалғандарын арнайы мәлімдемесінде жариялап отыр.

Өкініштісі сол, ақпандағы сапарына дейін Клинтон ханым адам құқын қорғау мәселесінде Қытай халқы үшін қаһарман деп есептелуші еді.
АҚШ-тың бірінші ханымы кезінде, 1995 жылы Хиллари Клинтон әйелдер құқына байланысты БҰҰ-ның конференциясын өткізген болатын. Сол жолы Қытайға барған мәртебелі қонақтар ішінде алғашқы боп Қытайға қатты сын айтқан да Клинтон болатын.

Құқық қорғаушылар арасында мынандай да пікір бар. Клинтон ханымның бұл сапарында Қытайға жұмсақ мінез танытуы бәлкім президент Барак Обама әкімшілігінің сыртқы саясатындағы өзгерістерінің белгісі болар. Сонда экономикалық мәселенің адам құқынан жоғары боп кеткені ме?" дейді олар.

Келесі бір сарапшылардың пікірінше, мүмкін өзгеріс осынау сауалдың мазмұнында емес, Клинтон ханымның мәселені жұмсақ үнмен жеткізудегі иірімдерінде жатқан болар?

Бәлкім Клинтонның бұл мәлімдемесі басшысының көзқарасын білдіруі болар? деген тектес сауалдар мен болжамдар үдеп тұр.
Президенттік сайлауалды науқанында Барак Обама АҚШ-тың сыртқы саясатында диалогтар мен нюанстарға ерекше мән беретінін айтқан болатын.

Әлемдегі адам құқының қорғалуы мәселесінде құрғақ ұрандардан гөрі азаматтардың тұрмыс деңгейі мен олардың құқықтарының қорғалуын жақсартуға бағытталған нақты қадамдарға көп жүгінетінін Обама қайталаумен болған еді.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің ақпанның 26-сы күні жарияланған адам құқықтары бойынша жылдық баяндамасымен таныстыру барысында Клинтон ханым адам құқықтары құндылықтарының өз қызметіндегі ең басты мәселе боп қала беретіндігіне сендіруге тырысты.
XS
SM
MD
LG