Accessibility links

АҚШ президенті Барак Обама Иранға достық қолын ұсынды


АҚШ және Иран тулары. 12 наурыз 2009 жыл.
АҚШ және Иран тулары. 12 наурыз 2009 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама Наурыз мерекесі қарсаңында Иранға жаңа жолдау жасады. Ол онда ресми Теһранмен қарым-қатынаста жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр.

АҚШ пен Иран қарым-қатынастарының болашағы туралы сөз қозғағанда Құрама Штаттар президенті Барак Обама мейлінше құрметке толы ниетпен сөздерін барынша шынайы жеткізуге тырысты.

“Жаңа жылдарыңыз қарсаңында сіздердің, яғни Иран халқы мен басшыларының қос ел қарым-қатынастары болашағы туралы біздің көзқарастарымызды түсінулеріңізді қалаймыз. Ол болашақ біздің халықтарымыз қарым-қатынастарының жаңа белеске көтерілген, сондай-ақ әріптестік пен іскерлік байланыстарда жаңа мүмкіндіктер пайда болатын кезең болмақшы. Ол болашақ ескі жікке бөлінушіліктердің барлығы да жойылатын және сіздер мен көршілеріңіз, тұтастай ғалам түбегейлі қауіпсіздік пен мызғымас бейбітшілікте өмір сүретін дәуір болмашқы”,-деді президент Обама.

Алайда Барак Обама ол жікке бөлінушіліктің төркініне тоқтала қойған жоқ. Олардың бірі - Вашингтон қарсы боп келе жатқан Иранның ядролық бағдарламасы. Екіншісі - Хамас пен Хезболла топтарын ресми Теһран қолдап келеді деген айыптау. Ол топтарды Вашингтон лаңкестік ұйымдар қатарына жатқызған болатын.

Әлем елдері қауымдастығында Иранның алар орыны-өзгеше. Дей тұрғанмен ол орынға лаңкестік пен қару арқылы емес, бейбітшіл әрекеттер арқылы, Иран халқы мен өркениетінің ғажайып жасампаздық мүмкіндіктерін көрсете отырып жетуге болады деді Обама.

Иранның ядролық бағдарламасына орай туындаған текетіреске қарсы шыға отырып, Обама сайлауалды науқанында Иранмен тікелей сөйлесулерге ұмтылатынына уәде берген болатын.

Сондай-ақ АҚШ президенті Барак Обама қаңтардың 20-да болған ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзінде “егер Иран қол алысуға әзір болса”, қолын бірінші ұсынуға өзінің дайын екенін айтқан болатын. Обама сол берген уәделерінің үддесінен шығып отыр.

Ресми Теһран Обаманың бұл үндеуіне наурыздың 20-сы күні аса сақтықпен жауап берді.

Атап айтқанда Иран президенті Махмуд Ахмадинежадтың баспасөз жөніндегі көмекшісі Әли Акбар Жаванфекр өз сөзінде: “АҚШ президентінің тараптар арасындағы қарама-қайшылықтарды жойғысы келетін ниетін біз қызу қуаттаймыз”, дей келіп: “Обама енді сөзден іске көшуі тиіс” деп ескертіп өтті.

“Тараптар арасындағы текетірес үшін негізінен АҚШ жауапты, сондай-ақ аймақтағы тұрақсыздықтың жалғыз көзі - Америка әскерінің Ирақ пен Ауғанстанда тұруы”,-деді Жаванфекр.

Обама әкімшілігі осының алдында ғана Теһранды осы айдың соңына белгіленген Ауғанстан ісі бойынша конференция жұмысына қатысуға шақырған болатын. Теһран бұл ұсынысты ойластыратынын айтқан еді.

Иранның қарапайым халқы Америка даусы телеарнасы арқылы берілген Обаманың бұл жолдауын зор ықыласпен қабыл алысты.

Фарда радиосына телефон шалған олардың бірі: “Мен үшін Наурыздағы ең басты сыйлық - Обама мырзаның жолдауы болды. Иран басшылары бұл шақыруға лайықты жауап береді деп сенемін” десе, екіншісі: “Иран дәстүрлеріне қарсы шығушы Теһран ресмилері бұл үндеуді түсінеді деп ойламаймын” деп жауап берген екен.

ЕуроОдақ Обама жолдауын биік бағалап, қос ел арасында жаңа қарым-қатынастар дәуірі басталатынына сенетіндігін айтты.

Ресей елі де Иранның ядролық бағдарламасы дағдарысының тек осындай сөйлесулер арқылы шешілетініне сенім артып отыр.
XS
SM
MD
LG