Accessibility links

Қырғызстан парламенті Манас әуе базасын жабу ұсынысын жақтап дауыс берді

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Қырғызстан парламенті Манас әуе базасын жабуды дауысқа салды.Бішкек, 19 ақпан, 2009 жыл.

Қырғызстан парламенті Манас әуе базасын жабуды дауысқа салды.Бішкек, 19 ақпан, 2009 жыл.

Ақпанның 19-да Қырғызстан парламенті АҚШ пайдаланып келген Манас әуе базасын жабу жөніндегі үкімет ұсынысына басым дауыспен қолдау танытты. Дегенмен де Франс пресс ақпарат агенттігінің хабарлауына қарағанда, әуе базасының тағдырына байланысты дипломаттардың келіссөздері де жалғасып жатыр.

Америка Құрама Штаттары Манас әуе базасы арқылы Ауғанстандағы әскери шараларына қажетті жүктер мен жасақтарын тасымалдайтын еді.

Ай сайын 15 мыңдай америкалық әскерилер Ауғанстандағы жанжал аймақтарына қарай немесе одан кері осы Манас әуе базасы арқылы өтіп жататын. Оған қоса ай сайын 500 тоннадай жүк те тасымалданатын болған.

Соңғы айларда Пәкістанның Хибер қаласы арқылы өтетін жүк жолдары қатынастарын Талибан көтерілісшілері үзіп тастай бергеннен кейін Манастың АҚШ жүк тасымалы үшін маңыздылығы арта түскен болатын.

Президент Құрманбек Бакиев “Манас әуе базасының жалдық ақысын АҚШ қажетті мөлшерде төлемей отыр” дей келіп, ол базаны жабу туралы жоспарды осы айдың басында жариялаған еді. Президенттің жақтастары - саны жағынан Қырғыз парламентінде басымдыққа ие.
Құрама Штаттар пайдаланып келген Манас әуе базасын жабу жөніндегі үкімет бұйрығын қолдап, ақпанның 19-да болған дауысқа салу үдерісін Қырғыз парламентінің спикері Айтбай Тағаев жүргізді.

Ұсынысты қолдап 78 депутат дауыс берген екен. Парламенттің баспасөз кеңсесінің мәліметіне қарағанда, екі депутат бұл шешімге қарсы дауыс берген. Біреуі қалыс қалған.

Манас әуе базасының жабылуына қарсылардың бірі, парламенттегі Социал-демократиялық партия тобының жетекшісі Бақыт Бешимов АҚШ әуе базасын жабудан кейін болуы мүмкін қорытындыларды еске салып, арнайы мәлімдемені оқыды.

Хабарларға қарағанда, егер Бакиев аталған заңға қол қойса, сондай-ақ ел үкіметі мүлікті қайтарып алу туралы жарлық шығарса, онда АҚШ әскерилері Манастан 180 күн ішінде шығуы тиіс болады.

Дей тұрғанмен, Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің деректеріне сүйене отырып, Франс пресс ақпарат агенттігінің хабарлауынша, әуе базасының тағдырына байланысты қос ел дипломаттары күн сайынғы сөйлесулерді одан әрі жүргізуде екен.

Президент Бакиев аталған шешімді, ресми Кремлдің Қырғызстанға 2 миллиард 100 миллион доллар көмек беретіні туралы Ресей президенті Дмитрий Медведевтің уәдесін алғаннан кейін, жасаған болатын.

Қырғызстанның бұл әрекетінен кейін Құрама Штаттар тарапы Ауғанстанға жүк жеткізетін балама жолдарды Орта Азиядан іздестіре бастады.
XS
SM
MD
LG