Accessibility links

«Гиффеннің ісі ың-шыңсыз жабылмақ. «Америкалық путинизм» дәуірлеп тұр»


Америкалық бизнесмен Джеймс Гиффен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның зайыбы Сара Назарбаевамен бірге

Америкалық бизнесмен Джеймс Гиффен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның зайыбы Сара Назарбаевамен бірге

Джеймс Гиффенге қатысты сот тыңдауының қандай нәтижемен аяқталғаны туралы батыс баспасөзі әрқилы пікір білдіріп жатыр. АҚШ заңгері бұл әрекетті «үкіметтің өз мүддесін күйттеуі» десе, белгілі журналист «америкалық путинизмнің дәуірлеуі» деп бағалайды.


U.S. V. GIFFEN, 03-CR-00404, U.S. DISTRICT COURT, MANHATTAN

Тамыздың 6-сы күні Манхэттен федералдық сотында 69 жастағы АҚШ бизнесмені Джеймс Гиффенге қатысты сот тыңдауы аяқталды. Уильям Паули есімді судья сот шешімін қарашаның 19-ында шығаратын болды. Сонымен қазіргі Қазақстан тарихындағы мұнай ісі бойынша үкіметтің ең атышулы шетелдік кеңесшісі болған адам ары кетсе жарты жылға сотталып, 25 мың доллар айыппұл төлеуі мүмкін.

Бұған дейін Гиффенге қазақстандық жоғары лауазымды шенеуніктің, оның әйелі мен бірнеше серігінің шетелдік есеп-шоттарына америкалық мұнай компанияларының есебінен 80 миллион шамасында АҚШ долларын пара ретінде аударды деген айып тағылған еді. Бұл ақшаға қоса ықпалды кеңесші қазақстандық лауазымды тұлғаға қымбат моторлы шаналар, әйел адамға арналған ішіктер мен әшекей бұйымдарын сыйлап, қызының Швейцариядағы оқу ақысын төледі деп хабарланған. АҚШ прокуратурасы Гиффенді америкалық Mobil Oil сияқты бірнеше компания мен Қазақстан үкіметінің арасында алты ірі мұнай келісім-шартын жасауға қатысып (оның ішінде Теңіз кеніші де бар), қазақстандық аса жоғары лауазымды шенеунікке пара жеткізіп тұрды деп айыптап келген.

2007 жылы АҚШ, Швейцария мен Қазақстан үкіметтерінің келісімі бойынша швейцариялық банк есеп-шоттарында тұтылып қалған 84 миллион АҚШ долларын арнайы қор құру арқылы қазақстандық әлеуметтік жәрдемге мұқтаж балаларға бөлу туралы шешім қабылданды.

ДАУДЫҢ СОҢЫ – МОТОРЛЫ ШАНА?

Тамыздың 6-сы күні аяқталған сот тыңдауы кезінде бұл айыптардың бәрі түсіп қалды. Тек жалпы құны 16 мың доллар тұратын екі моторлы шана ғана айтылады. Оның өзін Гиффен емес, бизнесменнің Mercator атты жекеменшік компаниясы берген болып шықты. Ал Джеймс Гиффен «1996 жылы британиялық Виргиния аралдарында тіркелген Condor Capital Management компаниясының швейцариялық банкіндегі есеп-шотына иелік ететінін жасырып қалған, сөйтіп салықтан жалтарған» деген айыпты ғана мойындап отыр. Гиффеннің адвокаты Уильям Шварц болса Mercator компаниясының екі моторлы шананы жоғары лауазымды қазақстандық шенеунікке «оны тиісінше әрекет етуге ынталандыру үшін» ғана бергенін айтып, ақтап шығуды сұрап шағым түсірді.
[Гиффен де жеңіл жазамен құтылмақ], АҚШ үкіметі де абыройын сақтап қалмақшы

Bloomberg ақпарат агенттігіне сұхбат берген Лос-Анджелестегі Sroock & Stroock & Lavan LLP ұйымының заңгері Майкл Пэрлис сот процесінің бұлайша сипат алуын «қасқыр да тоқ, қой да аман» деп бағалады. Сөзбе-сөз айтқанда «[Гиффен де жеңіл жазамен құтылмақ], АҚШ үкіметі де абыройын сақтап қалмақшы». Пэрлистің айтуынша Гиффенді ақталды деп те санауға болады. Өйткені оған тағылған ауыр айыптың барлығы дерлік түсіп қалды. Заңгер мұнай өндіруге қатысты келісім-шарттар жасауға делдал болып жүрген америкалық бизнесменнің күмәнді іс-әрекетіне Орталық барлау қызметі көз жұма қарады деген пікір айтады.

Ал Сингапурда орналасқан Cassin Law LLC заңгерлік компаниясының негізін қалаушы Ричард Кэсин: «Осыншама ел аузына ілінген әйгілі сот ісі сиырқұйымшақтанып аяқталды», - дейді, - «Федералдық сот қарауындағы қылмыстық істердің өте күрделі процесс екені көрінді. Шетелдік заң жүйесі мен басқа үкіметтердің қатысы болды, куәгерлер шетелде жүрді, әсіресе, Гиффен ісі кезінде қалтарысы көп барлау қызметінің мүддесі мен энергетикалық саясат араласып кетті».

«АМЕРИКАЛЫҚ ПУТИНИЗМ»

Орталық Азиядағы мұнай мен газ саясатына қатысты терең талдау жасап жүрген вашингтондық журналист Стив Левин соңғы блог жазбасында Гиффеннің ісін «сылап-сипау» және «америкалық путинизмнің дәуірлеуі» деп бағалады. Левиннің пайымдауынша АҚШ үкіметінің қолында күмәнді ақшаның аударылғаны жөніндегі транзикция құжаттары бола тұра, Гиффеннің АҚШ пен Қазақстан заңдарын бұзғанын дәлелдеу қиынға соқты. Гиффеннің адвокаттары айыптаушы жақты тығырыққа тірей түсті. Өйткені олар Гиффеннің АҚШ-тың Орталық барлау қызметінің агенті ретінде қимылдағанына баса назар аударды. Яғни, америкалық бизнесмен мемлекет мүддесі үшін әрекет еткен болып шықты.

«Гиффен ісі» жүріп жатқан кезде АҚШ-тың Әділет министрлігі мен Орталық барлау қызметі арасында тергеуге қажетті құпия құжаттарды жариялауға қатысты келіспеушілік жиі туындап тұрды. Соттың жеті жылға созылуының бір себебі сонда деп көрсетеді белгілі америкалық журналист.
Гиффеннің адвокаттары айыптаушы жақты тығырыққа тірей түсті. Өйткені олар Гиффеннің АҚШ-тың Орталық барлау қызметінің агенті ретінде қимылдағанына баса назар аударды. Яғни, америкалық бизнесмен мемлекет мүддесі үшін әрекет еткен болып шықты.

Левиннің пікірінше бұл сот процесі 2001 жылғы қыркүйектің 11-і болған терактілерден кейін АҚШ-тағы саяси жағдайдың күрт өзгергенін дәл бейнелеп тұр. Яғни, арнайы қызмет орындары өз мүддесі үшін қызмет еткен адамдарға қатысты құпия мәліметтерді Әділет министрлігі мен сот жүйесіне бермеу үшін түрлі айла-әрекетке барып отыр. Бұл жағдайды Левин «америкалық путинизм» деп атайды. Оның ойынша адвокат Уильям Шварц қазіргі саяси ахуалды жақсы түсінгендіктен Орталық барлау қызметі мен Әділет министрлігінің арасындағы теке-тіресті шебер түрде пайдаланған. Өйткені бұл күресте кімнің басым түсетіні белгілі еді.

Бірақ, FCPA, яғни, АҚШ-тың шетелдегі жемқорлықпен күрес жөніндегі арнайы заңы бойынша Әділет министрлігі өткен жылы үш бірдей сот ісінде басым түскен. 2005 жылы Әзірбайжанға қатысты пара беру ісі, 2007 жылы Нигерияның жоғары лауазымды өкіліне пара беру ісі және 2008 жылы Тайландқа қатысты дәл осындай іс қозғалып, айыпталған адамдардың барлығы жазаға тартылған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG