Accessibility links

АҚШ қорғаныс министрлігі баспасөзде әскерилерге қатысты жарияланатын ақпараттарға әсер етуге ұмтылып отыр


Ирақтағы соғысқа орай ақпарат құралдарында жарық көріп жатқан "жағымсыз" хабарларға қарсы АҚШ Қорғаныс Министрлігі өз тарабынан ақпараттық науқан ұйымдастырғалы отыр, деп мәлімдеді Associated Press агенттігі. Американдық ақпарат қызметі боп табылатын Associated Press Пентагонның ішкі құжатын қолға түсіргенін хабарлауда. АҚШ Қорғаныс Министрінің бұқарамен байланыс бойынша орынбасары Дорранс Смит дайындаған бұл құжатта Ирақтан келіп жатқан, оның пайымдауынша тура емес боп табылатын, хабарларды Пентагон өз тарабынан дұрыс ақпармен түзетіп отыратыны айтылған.

АҚШ Қорғаныс Министрі Дональд Рамсфельд бұқаралық ақпарат құралдарының Ирақтағы соғысқа орай хабарларына жиі шағымданып жатады. Оның сөзінше, журналистер соғыстың жойқын жағын ғана көрсетіп, Американың Ирақ халқына өз елін қайта қалпына келтіруге көмектесіп жатқанын назардан мүлде тыс қалдырады. Соңғы бір жылда американдықтардың Ирақтағы соғысқа деген көзқарасы қатты өзгерді. Алдағы аптада болатын Конгреске аралық сайлаулар қарсаңында өткізілген соңғы арнайы сауалнама барысында көпшілік американдықтың Президент Буштың Ирақ саясатын қолдамайтыны анықталды.

Тарихшы, Вашингтондағы Американ Университетінің профессоры, 2-ші Дүниежүзілік соғысты зерттеген Питер Кузниктің сөзінше, соғыс дәуірінде ақпарат ағымына белгілі дәрежеде әсер ету ұмтылысы бұрын да болған. Алайда, АҚШ Қорғаныс Министрлігі мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы қарым-қатынас соңғы жарым ғасырда түбегейлі түрде өзгерген.

2-ші Дүниежүзілік соғыс кезінде сол кездегі Американ Президенті Франклин Рузвельд Американың соғыстағы әрекеттерін ақпарат құралдары оң жағынан ғана бейнелеуін қалаған еді, - дейді тарихшы Кузник, - және ақпарат құралдары бұл тілекті қуана отырып орындады, өйткені олар Америка "фашизм, милитаризмге" қарсы әділ соғыс жүргізіп отыр деп есептеді.

Соғыстың соңында Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына атомдық бомба тасталған кезде де жұрттың көбі бұл әрекетті ақтап шықты. Өйткені бұл арқылы Жапонияға басып кірудің қажеттілігі жойылып, соғысты тез аяқтауға мүмкіндік туды, қарсыласушы екі жақтан да көптеген адамның өліміне тосқауыл қойылды деп есептеді сол кездегі жұрттың көбі, - дейді Вашингтондағы Американ Университетінің профессоры Питер Кузник.

Тарихшының сөзінше, Америкадағы бұқаралық ақпарат құралдары тарабынан мұндай қолдау таныту жағдайлары 1960-шы жылдарға дейін, Вьетнамдағы соғыс өршігенге дейін сақталды. Осы сәттен бастап ақпарат құралдары Ақ Үй әкімшілігінің соғыс әрекеттері туралы мәліметтеріне күмәнмен қарай бастады, - дейді тарихшы Кузник.

"Сенімсіздік мәселесі Президент Линдон Джонсонның әкімшілігі кезінде пайда болған еді. Вьетнамдағы соғыс ақпарат құралдарына айығудай, оларды сергіткендей әсер етті. Соғыс алаңында болып жатқан оқиғалар мен көпшілікке хабарланған мәлімет арасындағы алшақтықтың зор болғаны сонша, журналистер арасында әр нәрсеге сенімсіздікпен қарау әдеті пайда болды", - дейді Вашингтондағы Американ Университетінің профессоры Питер Кузник.

Тарихшының сөзінше, Ираққа байланысты ақпараттарды қадағалауға тырысу әрекеті арқылы Буш әкімшілігі жаңалық ашып отырған жоқ. Үкіметтік мекемелер, әсіресе Қорғаныс Министрлігі, әрдайым өздері үшін жағымсыз хабарлардың кері әсерін шектеуге тырысып бағады,- дейді тарихшы Кузник, - тек бұл жолы Рамсфельдтың жетекшілігіндегі Пентагон бұл әрекетті жүйелі етуге тырысып отыр.
XS
SM
MD
LG