Accessibility links

Әндіжан оқиғасына 5 жыл толса да, көптеген сұрақтар жауапсыз қалып отыр


Қақтығыста қаза тапқандардың жаназасы. Әндіжан, 14 мамыр 2005 ж.

Қақтығыста қаза тапқандардың жаназасы. Әндіжан, 14 мамыр 2005 ж.

2005 жылғы мамырдың 13-інде президент Ислам Каримовтың бұйрығы бойынша өзбек әскері бірнеше күн бойы үкіметке қарсы бейбіт шерулер өткізіп жатқан наразылық танытушыларға оқ атқан болатын. Бұл оқиға «Әндіжан қырғыны» деп аталып кетті.



Каримов Әндіжан оқиғасына қатысты ақпаратқа шектеу қойып, тәуелсіз тергеудің жүргізілуіне тыйым салды. Сол себепті осы уақытқа дейін сол кездегі зорлық-зомбылыққа не түрткі болғандығы және Әндіжан оқиғасы кезінде нақты қанша адамның қаза болғандығы белгісіз күйі қалып отыр.

НАРАЗЫЛЫҚ ШАРАЛАРЫНА НЕ ТҮРТКІ БОЛДЫ?

2005 жылғы мамырдың 13-і күнгі қантөгістің алдында өзбек халқының елдегі әділетсіз саяси жүйеге, әлеуметтік-экономикалық мүшкіл халге, діни сенімге қатысты репрессияларға қатысты наразылығы өрши түскен. Әсіресе, Өзбекстанның шығыс аймағындағы экономикалық жағдайдың құлдырап кетуі Әндіжандағы демонстрацияға түрткі болды деген болжам да айтылады.
Әндіжандағы толқу, 14 мамыр 2005 ж.

Жергілікті тұрғындар қамауға алынған танымал 23 кәсіпкердің босатылуын талап етті. Әндіжан тұрғындарының көбіне қаржылай көмектескен бұл кәсіпкерлерге үкімет тарапынан тыйым салынған исламшыл «Акрамия» ұйымына мүше болып, экстремистік және сепаратистік әрекеттермен айналысты деген айып тағылған болатын. Мінеки, осы 23 кәсіпкердің тұтқындалуы Әндіжандағы жаппай наразылық шарасына себеп болды. Бұған қоса, Әндіжандағы демонстрацияларға оның алдында бірнеше апта бұрын Қырғызстанда өткен төңкеріс те әсер еткен болуы мүмкін еді.

"АКРАМИЯ" ДЕГЕН НЕ?

Өзбекстан билігі «Акрамияны» Ташкенттегі үкіметті құлатып, ислам мемлекетін құруды көздейтін исламшыл ұйым деп атайды. Кейбіреулер бұл топты ауызбірлігі күшті ұйымшыл бизнес қауымдастығы деп сипаттайды.

«Акрамия» қауымдастығы өз мүшелерін арзан тауарлармен қамтамасыз етіп, Әндіжанда жергілікті қайырымдылық іс-шараларымен айналысқан делінеді. «Акрамия» қауымдастығының мүшелері «Азат Еуропа Азаттық радиосына» берген сұхбатында өздерінің жергілікті билік орындарымен жақсы қарым-қатынаста болғандарын, тіпті ресми өкілдердің қолдауына қол жеткізу үшін оларға пара бергендерін айтқан еді.
Өзбек әскері Әндіжанда, 14 мамыр 2005 ж.

Алайда осы жақсы қарым-қатынастардың күрт нашарлауына не себеп болғандығы белгісіз. Кейбір мәліметтерге қарағанда, «Акрамияны» 1992 жылы математика пәнінің мұғалімі 29 жасар Акрам Юлдошев құрған. 1990 жылдардың аяғында Өзбекстанның билік орындары бұл ұйымға тыйым салған соң «Акрамияның» танымалдығы арта түскен. Юлдошевтің өзі 1999 жылы қамалып, қазір 17 жылдық түрме жазасын өтеп жатыр. Адам құқықтарын қорғаушылар мен оппозициялық тұлғалар және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары мен Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері «Акрамияның» Әндіжан көтерілісіне қатысы жоқ дейді. Ресей бұқаралық ақпарат құралдарының болжамына сәйкес, «Акрамия» деген топ ешқашан болмаған, Өзбекстан үкіметі діни экстремизмге қарсы күресін ақтау үшін бұл топты әдейі ойлап тапқан болуы мүмкін.

ТҮРМЕДЕГІ ТҰТҚЫНДАРДЫ КІМ БОСАТТЫ?

Өзбекстанның билік орындары 23 әндіжандық кәсіпкерді «Акрамияға» мүше болып, сепаратистік және исламшыл мақсаттарды көздеді деген айыптар негізінде қамауға алған болатын. Бұл әрекет әлгі кәсіпкерлерді қолдайтын тұрғындардың ашу-ызасын тудырған еді.

Ресми мәліметтерге сәйкес, мамырдың 12-і күні түнде бір топ адам әскери гарнизонға шабуылдап, қаруларға ие болған соң Әндіжандағы түрмені басып алып, тұтқындарды, олардың ішінде жергілікті кәсіпкерлерді босатқан. Зорлық-зомбылықтан түрмедегі бірнеше күзетші қаза болды және қаруланған адамдар үкіметтік ғимараттарды басып алды деп хабарланды. Ресми ақпарат көздері тек осыдан кейін барып үкімет күштері наразылық шарасын күшпен басып-жаншуға мәжбүр болды дейді.

Алайда мамырдың 12-сіне дейін Әндіжандағы наразылық шарасы бейбіт жағдайда өтті, оған қатысушылар қаруланбаған қарапайым азаматтар еді деп сипатталған болатын. Түрмеге жасалған шабуылға байланысты жауапкершілікті ешкім өз мойнына алмағандықтан, демонстрацияға «Акрамия» тобының мүлдем қатысы болмаған деген болжам айтылды. Әлгі қаруланған адамдардың нақты кімдер болғандығы осы уақытқа дейін белгісіз.

ӘНДІЖАНДА НАҚТЫ ҚАНША АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ?

13 мамырда құрбан болған адамдардың нақты санына байланысты дау әлі жалғасып келеді. Ресми мәліметтерге қарағанда, Әндіжан оқиғасында 187 адам, олардың ішінде 94 террорист, құқық қорғау органдарының 20 қызметкері, 11 сарбаз, 57 қарапайым азамат және 5 белгісіз адам қаза тапқан. Алайда адам құқықтарын қорғаушылар мен үкіметтің қарсыластары «Әндіжан қырғынында» бірнеше жүзден мыңға жуық адам оққа ұшты дейді.
Әндіжан тұрғындары қақтығыс құрбандарының қасынан өтіп барады, 14 мамыр 2005 ж.

Аймақтағы қауіпсіздік бойынша «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» Әндіжан оқиғасына байланысты ресми Ташкенттің ұстанымын қолдап, ол лаңкестер мен экстремистік топтардың әрекеті болды деп сипаттады.

Қантөгістен кейін бір жыл өткен соң 2006 жылы Әндіжанға жіберілген ЕуроОдақ делегациясы қантөгіс туралы ақпараттарды жинай алмады.

ІЗ-ТҮЗСІЗ ЖОҒАЛҒАН МӘЙІТТЕР

Әндіжан оқиғасына куә болған Азаттық радиосы өзбек қызметінің тілшісі мен босқындардың, құқық қорғаушылар мен журналистердің айтуынша, құрбан болған наразылық танытушылардың, олардың ішінде әйелдер мен балалардың денелері көліктермен Әндіжаннан шығарылып, белгісіз жерде жаппай жерленген. Әндіжан тұрғындары қаланың сыртында жалпы зираттар бар деген соң 2005 жылы 27 мамырда Азаттық радиосының тілшісі сол жерге барып, 37 қабірді өз көзімен көрген. Дегенмен, наразылық танытушылар жаппай жерленген қорымдар туралы хабарлар ресми түрде ешқашан расталмаған.

"АКРАМИЯҒА" НЕ БОЛДЫ?

Өзбекстанның үкімет күштері Әндіжанды өз бақылауына алған соң қаланың жүздеген тұрғыны Қырғызстанға босып кетті. Сол жерден 400-ден астам өзбек босқыны кейін Еуропа елдері мен Солтүстік Америкаға және Аустралияға орналастырылды.

Әндіжан оқиғасынан кейін бір жыл өткен соң кейбір босқындар Өзбекстанға оралды деп хабарланған болатын. Азаттық радиосының өзбек қызметінің мәліметінше, Аустралияға көшірілген төрт баланың анасы Дилором Абдуқодирова қаңтар айында Өзбекстанға барған кезінде Ташкент әуежайында қамауға алынып, Әндіжан оқиғасына қатысқаны үшін 10 жылдан астам уақытқа түрмеге жабылды.

23 акрамиялық кәсіпкердің үшеуі қазір Голландияда, біреуі Финляндияда, тағы біреуі АҚШ-та, алтыншысы Швецияда тұрып жатыр. Бір кәсіпкердің тағдыры туралы ақпарат жоқ. Қалған 16 кәсіпкер түрмеде отыр. Олардың бірі Ортиқов Мухаммадшокир жұмбақ жағдайда ажал құшты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG