Accessibility links

Л.Н.Толстой - 180


Лев Толстой қызы Александрамен бірге, 1908
Лев Толстой қызы Александрамен бірге, 1908

Әлем әдебиетінің классигі, жазушы Лев Николаевич Толстой 1828 жылы қыркүйектің 9-да, Тула губерниясының Ясная Полянасында дүниеге келді.

Ұлы ойшыл, қайталанбас дара тұлғаның 180 жылдығы тұсында оның өз кезінде замандастары түсіне алмаған күрделі болмысы жайлы тағы бір ойланып, базбір шығармаларына көз жүгірткенді жөн көрдік.

Толстойдың философиялық көзқарасы, дүниетаным көкжиектері жайлы совет дәуіріндегі оқулықтар мен зерттеу еңбектерде ғалымдардың жұмған аузын ашпауға тырысқандары бесенеден белгілі ғой. Университет қабырғасындағы жылдарымызда жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған бағдарламалар студенттерге кеңірек мағлұмат ұсынатындай көрінуші еді.

Байқап отырсақ, қызыл империя тұсындағы ол “зерттеулер” біртуар дарын шығармаларының бетіндегі тек көбігін ғана қалқып алып, оқырмандарды сонымен алдарқатуға тырысқан екен.
-Толстой өмірінің соңында үйін тастап, ел аралап безіп кетті. Оның негізгі себептерінің бірі-әйелінің жайсыздығында еді. Сондай-ақ жазушы байлықтан безіп, кедейлердің жайын ойлап, мына өмірден баз кешіп кетті,-дейтін еді ұстазымыз. Біз соған иланатынбыз. Осындай ұлы адамды түсінбегені үшін әйеліне іштей кіжінетін сияқты едік. Сөйтсек...

1991 жылы одақтық “Литературная газета” өзінің 7-нөмірінің қосымшасын тұтасымен Ислам тақырыбына арнаған болатын. “Коран”: великая книга- всегда и сегодня” деп аталған еді ол қосымша. Газеттің 3-бетіндегі “Лев Толстой. Письма об Исламе” деген тақырып бірден өзіне тартып тұрды. Оқи бастадық. Кенет... Толстойлық тылсым сырлардың бастау-бұлағы көз алдымызда сылдырай ағып, шөліркеген далаға ылғал жеткізбек үшін асыға жөнелгендей көрінді.

Бұдан бұрын жазушының “Хаджи Мурат” пен “Казаки” повестерін, “Севастопольские рассказы”, “Набег”, “Рубка леса” сияқты тағы басқа да шығармаларын оқи отырып суреткерлік шеберлігі мен заңғар ойшылдығына қайран қалатынбыз. Терең тамырлы болмысының қайнар көздерін дөп баса айта алмайтынбыз. Себебі ол кезде бүкіл қоғам сол бір тақырыптан қашқақтайтындай күйде еді. Жазушы 1910 жылы қарашаның 20-да Рязань-Орал теміржолы бойындағы Астапово, қазіргі Лев Толстой бекетінде дүние салған кезде Ресейде православ шіркеуіне арқа сүйеген ұлы орыстық самодержавияның қылышынан қаны тамып тұрған шағы еді. İле-шала, арада 7 жылдай уақыт өткенде совет үкіметі орнап үлгерді.

Сондықтан классик жазушының өмірінің соңында үйінен безіп, жар жағалап кетуінің сыры, осынау жанкештілік қылықтарының төркіні 90 жылға жуық уақыт бұрмалана көрсетіліп немесе мүлдем айтылмады. Сөйтсек ол кетістің алғы шарттары, сырлары жазушының хаттарында кеңінен көрініс берген екен. Академиктер айта алмаған ол шындықты совет дәуірінде біз сияқты жалаң аяқ студенттер қайдан біле берсін!

“Литературная газетаны” парақтап отырмыз. Мысырлық дінбасы Мұхаммед Абдуллаға 1904 жылы жазған хатында: “Менің насихаттап жүрген дінім- сіздің дініңізбен бірдей. Ол діннің ұстанған шарты- Құдай мен оның жолдаған заңдарын мойындау, жақыныңды сүю, өзіңе қандай жақсылықтың жасалуын тілесең, өзгеге де соны жасау. Менің ойымша адамзат тарихындағы барлық діни принциптер осыдан келіп шығады. Сондықтан ол принциптер еврейлер, браминдер, буддашылар, христиандар мен мұсылмандарға бірдей қатысты”,-деп жазған екен. Осылай дей келіп ұлы жазушы Лев Толстой ойын одан әрі былайша сабақтайды: ”Менің ойымша, дінге толып жатқан қосымшалар, ғажайып сипаттамалар, ырымшылдық атаулы көбірек таңылған сайын, ол қоспалар адамдарды бір-бірінен алшақтатып, тіпті бір-біріне деген дұшпандық сезімін туындатады. Ал керісінше неғұрлым әлгіндей қоспалардан арылып, тазарған сайын ол діндер адам баласының ең басты мақсатына, яғни адамзаттық бірігуге сол ғұрлым жақындай түсер еді...”,-деп жазған екен.

Осы хат жазылардан 3 жыл бұрын, яғни 1901 жылдың 20 ақпанында “Церковные ведомости” газетінде Синодтың жазушы Лев Толстойды шіркеуден аластау жөніндегі шешімі жарияланып және осы шешім Ресейдің барлық шіркеулерінде келушілерге хабарланған еді. “Апыр-ау, бұл шешімге жол болсын! Жазушы соншалықты не бүлдіріп қойған еді?”-деген сауалға жауапты жазушының сол кезеңде жазылған мақалалары мен көркем шығармаларынан табуға болады.

Осы орайда орыс жазушысы Алексей Варламовтың пікірін келтіре кеткен жөн болар: “Әділін айту керек: Толстой шіркеуден бойын аулақ ұстады, онысын жасырған да жоқ”. Шынтуайтында Лев Толстой шіркеуден бойын жай ғана аулақ ұстап қана қоймай, оның Христиан діні теорияларын іс жүзінде бұрмалап жібергенін мейлінше сынға алған болатын. Ақиқатқа жетсем деп талпынған ойшыл қаламгер өзінің рухани ізденістері барысында Иса пайғамбар арқылы Алла тарапынан жіберілген діннің тазалығы үшін күреспек болды. Сандаған сыни мақалалар жазып, Евангелияның түсіндірмесін қайта жазып шықты. Синодтың аталған шешімінен кейін шынайы сенім жолындағы ізденістері мен жазбаларын Толстой одан әрі өрістете түсті. Соның бір мысалы жоғарыда келтірілген мысырлық муфти Мұхаммед Абдуллаға жолдаған хатындағы ойлары еді.

Тағы бір мысал келтіре кетелік. Ұлдарының Ислам дінін қабылдағылары келетіндігін айтып, ақыл сұраған Елена Ефимовна Векилова ханымға 1909 жылдың 13 наурызында жазған хатында ұлы жазушы былай деп ағынан жарылады. “...Мұхаммедтің діні өзінің сыртқы пішіні бойынша православ шіркеуінен әлдеқайда биік тұр. Сондықтан кісінің алдында шіркеулік православие мен Ислам діні екеуінің бірін таңдау мүмкіндігі ғана тұрған болса, онда әрбір саналы адамның ешқандай күмәнсіз Бір Құдайға ғана сыйынуға және Пайғамбарына иман келтіруге шақырушы мұсылмандықты қабылдары сөзсіз”,-дей келіп, Лев Толстой осы хатында шіркеулік православие жөнінде: “...күрделі де түсініксіз діни нанымдардан тұратын- үштік пен ...құпиялылық және әулиелер мен олардың бейнелеріне сыйыну үдерістері...”,-деп сынап өткен екен.

Ақиқатты іздеп, аласұрған ойшыл жазушының шығармалары және оның шіркеуден шеттетілуі ресейліктерді, тұтас қоғамды үлкен рухани сілкіністерге алып келді. Жазушының көзі тірісінде-ақ отандастары “толстовство”, яғни “толстойшылдық” деп аталатын ерекше ағымды қалыптастыруға тырысқан еді. Алайда Толстой ондай идеямен басы бүтін келіспеді. Монотеистік діндердің толып жатқан ағымдарға бөлінуіне қарсы тұрып, сол үшін тіпті замандастарын рухани жаңғыруға бастап шыққан қаламгердің өзінен “көсем” жасауға тырысқандарға үзілді-кесілді наразылық таныту себебі түсінікті де.

Ұлы қаламгердің танымдық тұрғыдағы мұндай сілкіністеріне оның дүниеге көзқарас ерекшеліктері және дін қағидаларын жетік білген дара болмысы себеп болған еді. Ең соңғы демі біткенше ізгілікке шақырып, бір Құдайға ғана сыйынып, құлшылық етуді насихаттап өткен дана Толстойдың ақтық сөзі: “Ақиқатты сүйемін!” деген сөз тіркестері болған екен.
XS
SM
MD
LG