Accessibility links

Қорлық көрген қыз өзін өлтіретінін мәлімдеді


Ауған қызы Лал Биби (сол жақта) анасымен бірге. Суретті New York Times тілшісі түсірген.

Ауған қызы Лал Биби (сол жақта) анасымен бірге. Суретті New York Times тілшісі түсірген.

Ауғанстан үкіметінің ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмай отырғанын кәмелетке толмаған қызды полицейдің зорлауы әшкере қылды дейді сарапшылар. Полиция беделіне нұқсан келтіретін оқиға Ауғанстан президентінің бұл іске тікелей араласуына түрткі болды.


Мамырдың 17-сі бір топ қарулы адам таңертең ерте келіп, саман кірпішпен қоршалған үйге басып кіріп, 13 жасар Лал Бибиді алып кеткен.

«ӨЛІМДІ ТАҢДАЙМЫЗ»

Келесі күні қыздың некесі қиылып, ұрлап әкеткендердің біреуіне еркінен тыс күйеуге тиген. Биби бес күн қатарынан қараңғы бөлмеде азап тартып, соққыға жығылып, бірнеше рет зорланған. Ұрлап әкеткен адам оның үсті-басын көгертіп, өлімші хәлде үйінің сыртына лақтырып кеткен.

Бибидің анасы аты-жөнін айтпады, бірақ «мен ол адамның жергілікті полицияның қызметкері екенін таныдым» деген. Қылмыскерлер Бибиді байлап жатқанда, бірнеше ер адам анасы мен әкесіне қару кезеніп, жерге жатқызып тастаған.
Ауған әйелдері. (Көрнекі сурет)

Ауған әйелдері. (Көрнекі сурет)


«Жергілікті полиция қарумен келіп, үйімді қоршап алды. Полиция командирінің бұйрығымен олар қызымды сүйреп алып шығып, көлікке салып, әкетіп қалды» дейді қорланған қыздың анасы.

Биби жергілікті ауруханаға жатып емделген екен. Қазір жағдайы жақсарған Бибидің айтуынша, мұның алдында оның немере ағасы жергілікті полицейдің қызын зорламақ болған. Одан кейін полицейден қорқып, ауылдан қашып кеткен.

Оқиға қанды кекке ұласып кетпес үшін тайпа заңдары бойынша мұндай жағдайда жапа шеккен отбасына құн төленеді. Құн ретінде мал-мүлік, ақша немесе әйел төленуі мүмкін. Жапа шеккендер «бадал» деп аталатын құннан бас тартқан соң, абыройы төгілген қыздың әкесі (полицей - ред.) мен бірнеше туысы және полиция командирі мамырдың 17-сі Бибиді үйінен зорлықпен алып кеткен.

Ауғанстанда қыз бала үшін зорлыққа ұшырау өлімге кесілгенмен бірдей. Бұл елде әйелдер тұрмысқа шығу үшін пәктігі сақталуы керек. Отбасы абыройын сақтап қалу үшін қыздары зорлыққа ұшыраған кейбір отбасылар қыздарын өлтіріп тастайды.

Биби егер билік өкілдері айыптының әділ жазасын бермесе, өзім де, отбасым да «өлімді таңдаймыз» деп отыр.
Егер әділдік орнаса, онда жақсы. Олай болмаған жағдайда мен өзімді өртеп өлтірем.

Ол «Егер әділдік орнаса, онда жақсы. Олай болмаған жағдайда мен өзімді өртеп өлтірем» деп мәлімдеген.

Бибидің анасы да билік өкілдеріне ультиматум қойды. Ол «Егер де үкімет әділ үкім шығармайтын болса, қарсылық ретінде Бибиді өлтіріп тастаймын» деп отыр.

«Не сендер әділдік орнатасыңдар, не болмаса қызымның қанын сендердің мойындарыңа жүктеймін. Не сендер қызымды өздерің өртейсіңдер, не өзім оған бензин құйып, жағып жіберем» деген қорланған қыздың анасы.

«ҚОРЛЫҚ КӨРГЕН, БІРАҚ ЗОРЛАНБАҒАН»

Бибидің арызы Ауғанстан президенті Хамид Карзайдың осы іске тікелей араласуына түрткі болды. Алайда Карзай мұның алдында «Полиция бөлімдері қарусыздансын» деген бұйрық берген болатын. Енді «қыздың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?» деген сұрақ туып тұр.

Құндыздағы милиция прокуроры Мохаммед Шариф Сафи бірнеше адамды тұтқындауға бұйрық берген. Олардың арасында Бибидің немере ағасы Мохаммад Исах (полицейді кек алуға итермелеген - ред.); қызы зорлыққа ұшырап, кек алу мақсатында Бибиді зорлады деп айыпталған Ходадад; қыз алып қашуға қатысы бар деген Ходададтың ағасы Сағидад және жергілікті полиция бөлімінің командирі Мохаммад Низами бар.
Ауғанстан президенті Хамид Карзай. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Ауғанстан президенті Хамид Карзай. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)


Сафи күдікті екі адамның қамалғанын айтқанмен, олардың аты-жөнін жарияламады. Ол күдіктілердің барлығы да Ауғанстан жергілікті полициясының (АЖП) қызметкерлері екенін хабарлаған. Ауған үкіметі қазір «Талибан» жасақтарының ықпалы басым аймақтардағы ауылдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұл бөлімдерді (АЖП) қаржыландырып отыр.

Ауғанстан үкіметі ұлттық армия мен полиция қызметкерлерінің санын 352 мыңға дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Бірақ соның өзінде ауған үкіметі алыс аймақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды. Ол аймақтарда негізінен «Талибанның» билігі жүріп тұр. 2014 жылы шетелдік әскери күштер бұл елден кетеді деген жоспар бар. Осы себепті Ауғанстанның жергілікті полициясы олардың орнын басу үшін жәрдемге мұқтаж.

Ауғанстанда 80 бөлімнен тұратын, 13 мың жасақтан құралған жергілікті полицияның қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қайшылықты әрекетін Бибидің ісі әшкере қылды.

Ауғанстанның шығысы мен оңтүстігіндегі бірнеше аймақта бұған дейін сәтті жұмыс жасаған қауіпсіздік қызметі қазір қатаң бақылауға алынды. Себебі, олардың халықты қорқытып ақша алатыны, ауыл тұрғындарын қорлайтыны, сонымен қатар адам құқықтарын аяқ асты ететіні, әйелдерді зорлайтыны, адамдарды негізсіз тұтқындайтыны және жерлерін күштеп тартып алатыны жайында мәліметтер көбейген.
Ауған полициясы АҚШ-қа қарсы наразыларды тарқатып жүр. Кабул, 15 қыркүйек 2010 жыл.

Ауған полициясы АҚШ-қа қарсы наразыларды тарқатып жүр. Кабул, 15 қыркүйек 2010 жыл.


Сафи Бибидің ісі Құндыздағы жергілікті милицияның қатысы бар көптеген қылмысты оқиғалардың бірі ғана. Полицияның зорлық-зомбылығымен күрес басталған 2010 жылдан бері Құндыз аймағында оннан аса полиция қызметкері тұтқындалып, сотталған.

Бүкіл елді дүр сілкіндірген Бибидің ісі осы оқиғаға Ауғанстан президенті Хамид Карзайдың тікелей өзі араласуына ықпал етті. Ол маусымның 3-і мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік кеңесінің жиналысында ішкі істер министріне (ІІМ) күдіктілерді тұтқындауға және Құндыздағы полицияның қаруларын алуға бұйрық берді.

Сол күні жарияланған мәлімдемеде ішкі істер министрі «Жас әйел қорлық көрген, бірақ зорланбаған» деп мәлімдеді.

Карзай 2010 жылы Ауғастандағы АҚШ әскерінің бас қолбасшысы боп тұрған Армия генералы Дэвид Петрэустің АЖП бөлімдерін құру жайлы идеясына қарсы шыққан еді. Ол жергілікті билік өкілдері полицияны өз мүдделеріне пайдалануы мүмкін деген қаупін айтқан. Карзай АЖП-ны құруға Петрэустің «Ауған үкіметі ІІМ-нің қол астындағы бұл бөлімдерді бақылап отырады» деген уәжінен соң келіскен болатын.
Бұл ауылдарды үкіметке бағынбайтын әскери басшылар басқарып отыр. Олар қазір ойына не келсе, соны жасайды.

Саяси сарапшы Наджиб Махмуд «АЖП бөлімдері жергілікті тұлғалардың ықпалында болғандықтан, полицияның Кабулға бағыныштылығы шамалы» дейді.

Наджиб Махмуд «Ауылдарда ақсақалдар мен молдалардың рөлі күшті. Ауылдарды үкіметке бағынбайтын әскери басшылар басқарып отыр. Олар өздеріне көмектескен немесе одақтас болған адамдарды қаруландырған. Өзіңіз көріп тұрғандай, олар қазір ойына не келсе, соны жасайды» дейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG