Accessibility links

Ауған сенаторлары: Facebook пен Twitter-ді жаба тұрайық


Абдулла Абдулланың жақтасы шеру кезінде ұран салып тұр. Кабул, 22 маусым 2014 жыл.

Абдулла Абдулланың жақтасы шеру кезінде ұран салып тұр. Кабул, 22 маусым 2014 жыл.

Ауғанстан депутаттары «Facebook пен Twitter-ді жабу керек» дейді. Себебі президент сайлауындағы екі кандидат Абдулла Абдулла мен Ашраф Ғаниді қолдаушылар әлеуметтік желілерде өштесіп жатыр.

Ауғанстанда саяси дағдарыс басталатындай. Дау төркіні – сайлау. Екі кандидат - Абдулла мен Ғанидің жақтастары әлгі аталған әлеуметтік желілер арқылы бір-бірімен егесіп, өштесе бастаған.

Facebook пен Twitter арқылы бұл екі топ бір-біріне жауығып отыр. Онда жазылған пікірлердің діни және этникалық астары бар. Осыған қарап БҰҰ өкілдері 1990 жылдары бұрқ ете қалған этникалық қақтығыс тағы шаң бере ме деп қауіп ойлайды.

ҚАҚТЫҒЫС ҚАУПІ

Этникалық егес - алаңдауға тұрарлық, қиын қатер. Ал сайлауға түскен Абдулла – жартылай тәжік. Оны елдің солтүстігінде отырған тәжік қауымы қатты қолдайды. Шыққан жері пуштун Ғаниге елдің оңтүстігі мен шығысындағы қауым дем беріп отыр.

Мына бір жазбаның авторы «Абдулланың алаяқтық туралы мәлімдемелері ұлтаралық қақтығыс тұтатып жіберуі мүмкін» дейді. Ал екінші қолданушы «Ғанидің бандасы - этникалық экстремистер. Олар пуштундардың атын жамылып, оларды пайдаланып отыр» деп жазған.

Төменде «Біз қақтығыс отын өшіріп әуреміз, ал Абдулла оған май құйып әуре» деген қолданушыдан екінші адам «Абдулла - тәжік Масудтың мұрагері. Масудтың тұсында этникалық соғыс шықты. Пуштундар неге оған дауыс беріп отыр?» деп сұрайды.

Ұлтаралық қақтығыс шыға ма деп алаңдаған ауған сенаторлары Facebook-ке тыйым салу туралы айта бастады. Телекоммуникация министрлігінің дерегі бойынша, интернеттегі бұл желіні Ауғанстанның бір миллиондай тұрғыны «қызықтайды».

Сенаторлар «әлеуметтік желілерді шұғыл жауып, сайлау нәтижесін шығарып алайық, жаңа президент ант беріп, қызметіне кіріскенше аялдай тұрайық» дейді. Герат провинциясынан сайланған сенатор Монавар Шах Бахадори маусымның 22-сі күні әлеуметтік желілерде айтылған пікірлер «ауған халқының ұлттық мүддесіне қатерлі» және «демократиялық құндылықтарға зиян» деп мәлімдеді. Бахадори «мұндай пікірлер зорлыққа, қақтығысқа ұрындыруы мүмкін» дейді.

Бұл пікірмен келіспейтін депутаттар да бар. Парламентке Герат аймағынан сайланған Нахид Фарид ханым «жұрттың аузын жабуға болмайды, не дейтінін тыңдау керек» деп, «әлеуметтік желілердің маңызды пікір алмасу алаңы екенін» ескертті. Twitter қолданушылар Фарид ханымның бұл сөзін ұнатып отыр. Олардың кейбірі «Цензураға жол жоқ» деген хэштегпен қарсылықтарын жазған.

Ауған үкіметі желілерді жабу туралы заң шығарушылар ұсынысына әзірше пікір білдірмеді. Бірақ президент Хамид Карзай маусымның 14-і күні екі кандидаттың қолдаушыларын сабырға шақырып, «сайлауды сәтімен өткізейік» деген еді.

«АЛАЯҚТЫҚҚА ҚАРСЫ» ШЕРУ

Президент жұртты тату болуға үгіттеп жатқанда Абдулла мен Ғанидің жақтастарының қабақтары келіспей, тіпті кейбірі бір-бірінің жеке басына тиісіп, қыжырту, мұқату асқынды. Сайлау кезінде «Ғани жеңу үшін алаяқтық жасады» деген айыптар көбейіп, екі жақтың таласы өрши түсті.

Соңғы күндері Абдулланы қолдайтын жақ Кабулдың көшесіне шығып, «алаяқтыққа қарсы» шеру өткізді. Бірнеше мың адам «бейбіт шерумен шыдап тұрмыз, бірақ талабымыз орындалмаса, күшке салуға дайынбыз» десті.

Абдулла мен Ғанидің Кабулдағы жақтастары арасындағы келемеж-егес интернет арқылы тарап кетті. Балх провинциясының губернаторы Атта Мохаммад Нур Абдулланы қолдайды. Ол Facebook парағына маусымның 18-і күні 1980 жылғы жиһад кезінде совет басқыншыларына қарсы, майдан алаңына беттеп бара жатқан танкінің суретін жариялады. Астына «Президент болу үшін Ашраф Ғани мына шектен аттауы тиіс. Бұл шектен асу мүмкін емес. Жиһадтың екінші толқыны келе жатыр» деп жазады.

Абдулланың тағы бір жақтасы, ауған барлау қызметінің бұрынғы басшысы Амрулла Салех Facebook парақшасына «алаяқтыққа қарсы аттанған жөн» деп жазды.

БҰҰ екі кандидатты «жақтастарының арынын басу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға» шақырды.

Ауғанстанға көмек көрсететін БҰҰ миссиясының (UNAMA) төрағасы Ян Кубиш маусымның 22-сі күні кейбір әлеуметтік желі беттерінде «көңілді күпті ететін дау-шар» үдеп тұрғанын жазды. Ол жазбалардың «этникалық топтардың күш біріктіруіне әсер етуі мүмкін» екенін, «1990 жылдардағы оңдаған мың бейбіт адамның өмірін қиған қайғылы, қырғын шайқастарды еске салатын сөздер айтылғанын» ескертті.

«Сайлауда заң көп бұзылды» деген Абдулла оның нәтижесін де мойындамайтынын алдын ала мәлімдеп жіберді. Бірінші айналым кезінде Абдулладан 13 пайыз кем дауыс жинаған Ғанидің енді оны «ренжітетін» түрі бар. Дауыс беру қорытындысы шілденің 2-сі күні шығуы тиіс болған, бірақ елдің мына райына байланысты жеңімпазды жариялау кейінге шегеріліп қалды.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG