Accessibility links

Ашынған ауған әйелдері ерлеріне қол жұмсайды


Жол бойында ер адамдар тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы әйелдер шеруіне қарап тұр. Кабул, 24 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Жол бойында ер адамдар тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы әйелдер шеруіне қарап тұр. Кабул, 24 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ауғанстан әйелдерінің отбасында зорлық-зомбылық көретіні туралы жиі айтылады. Енді жапа шегуші ерлер де пайда болды.

АУҒАН ЕРІНЕ ТӘН ЕМЕС ЖАҒДАЙ

Ауғанстан азаматы Сабур Мазари-Шариф қаласының шетіндегі үйінен кетіп қалды. Әйелінің жәбірінен құтылудың жалғыз амалы сол болды.

«Біз үнемі керісіп қаламыз, кейде әйелім сабырын жоғалтып, қатыгезденіп кетеді» дейді ол шекесіндегі тілік пен көгерген бетін көрсетіп.

Елдің солтүстігіндегі қалада жұмыс табудың қиын екенін кінәлі үнмен баяндаған Сабур, отбасындағы ұрыс-керіске қаржы тапшылығы себеп болғанын айтады.

«Жұмысым жоқ, сондықтан отбасымды асырай алмаймын. Үйге құр қол қайтсам әйелім ашуланады. Бірде аяқ киімінің өкшесімен маңдайымнан ұрып жіберді. Бірақ өзге жұрттың бұл туралы білмегенін қалаймын. Біз ауған қоғамында өмір сүреміз, біреу естісе беделіме нұқсан келеді» дейді Сабур.

Ол басына түскен жағдайын айтып, Ауғанстанның тәуелсіз адам құқығы жөніндегі комиссиясының (AIHRC) жергілікті бөлімшесіне хабарласты. Сабур мен басқа да ер адамдардың шағымын тыңдаған комиссия ерлер билігі жүріп тұрған ауған қоғамында отбасында жәбір көретін еркектердің мәселесін шешуге кірісті.

Комиссияның осы айдағы баяндамасында отбасында зорлық-зомбылық көретін ер адамдар туралы деректер көбейгені жазылған. Шынымен сондай жағдайлар жиілеп бара ма, әлде оларды анықтау мүмкіндігі артты ма, ол жағы белгісіз.

Нан сатып тұрған ер адамдар. Кабул, Ауғанстан, 16 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Нан сатып тұрған ер адамдар. Кабул, Ауғанстан, 16 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Бірақ отбасындағы кикілжіңді әшкерелеуге бел буған отағасының ол туралы өте сақтық танытатыны және байқалады. Азаттыққа шын аты-жөнін атаудан бас тартқан 32 жастағы Сабур «әйелінен таяқ жегенін айту ауғандарға тән емес қылық» дейді. Ал Сабурдың зайыбы комиссия өкілімен сөйлесуден бас тартып, Азаттыққа да сұхбат беруге келіспеді.

AIHRC есебінде айтылғандай, отбасында зәбір-жапаға ұшырайтындардың дені –әйел адамдар. Әлімжеттік көру, күштеп некеге беру, арын сақтау үшін өлімге бару сияқты оқиғалар көп тіркелген.

AIHRC пен Әйел ісі жөніндегі министрлік 2013 жылы бүкіл ел бойынша 4 мыңға жуық отбасылық зорлық-зомбылық оқиғасын тіркеген. Солардың ішінде ер адамның жапа шегуіне байланысты 20 оқиға бар. Бірақ AIHRC әйелдерді қолдау бөлімінің жетекшісі Парвин Рахими 10 пайыз жағдайда ер адамдардың жапа шегетінін айтады.

«Ерлерді әйелдері немесе енелері жәбірлеген жағдайлар кездеседі. Көбінесе сөзбен, психикалық тұрғыда қысым көреді» дейді ол.

«ӨШІН КҮЙЕУІНЕН АЛАДЫ»

AIHRC жергілікті бөлімшесі орналасқан Мазар-е-Шариф қаласында жапа шеккен ретінде ресми түрде тіркелген үш ер адам – әйелдерінен «таяқ жегендер».

Отбасылық бөлімнің басшысы Файзия Науабидің айтуынша, зардап шеккен ер адамдардың барлығы жұмыссыз, жастары отыздан асқан. Ол ұйым жинаған ақпаратта «өзін өзі қорғау үшін күш көрсетуі» есепке алынбайтынын, оның орнына «күш көрсеткені туралы зорлық-зомбылық оқиғалары» құжатталғанын айтады. Науабидің пікірінше, соғыс зардабынан титықтап, қайыршылық жағдайға түскен елде ер де, әйел де ашынған, отбасында күш көрсетуге дайын тұрады. Бірақ діни және дәстүрлі тыйымдарға сай оны сыртқа шығармайды.

Жаңа саяси партияның жиынында отырған ерлер мен әйелдер. Кабул, 26 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Жаңа саяси партияның жиынында отырған ерлер мен әйелдер. Кабул, 26 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Әйел адамдар кино, мейрамханаларға бару, саябақта серуендеу дегенді білмейді, үлкен қалалардан тысқары тұратындары тіпті үйден шықпайды.

«Тапшылық пен шектеулерден мезі болып, күйзелген әйелдер өшін күйеуінен алады. Кейде бір болымсыз мәселенің өзі төзімнің таусылуына себеп болады. Әйелі күйеуінің бетінен жұдырықтап ұрып, мотоциклінің шинасын пышақпен жарып тастаған бір оқиға есімде қалыпты. Күйеуі оны отбасылық сейілге апарудан бас тартқан екен. Жұбайы бізге келіп, бейбіт, бақытты отбасы болуымызға көмектесіңдер деп өтінді» дейді Науаби.

Науаби AIHRC бірнеше рет жұбайларға арнап сеанстар өткізгенін айтады. Тіпті жаңағы ер адамға ақша беріп, отбасылық серуен құруына да жәрдемдесіпті.

«Ондай жағдайларды бақылап қана отырмай, кеңес беріп, көмектесуге тырысамыз» дейді ол.

Адам құқығы жөніндегі тәуелсіз комиссия Ауғанстанның 34 провинциясынан кеңселер ашқан. Отбасылық зорлық-зомбылық пен қатыгез қарым-қатынасқа арнап 24 сағат бойы жұмыс істейтін жедел желі де бар.

Базарда киім сатып тұрған ер адам. Кабул, 7 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Базарда киім сатып тұрған ер адам. Кабул, 7 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

«Көптеген адамдар, соның ішінде ер адамдардың басқаларға айтпайтын отбасылық мәселесін бізбен бөлісуі – ісіміздің бағдары кеңейгенін білдіреді деп ойлаймын» дейді Науаби.

Оның айтуынша, қоғамда қалыптасқан көзқарасқа байланысты, өзге көптеген ауған еркектері басында бар жағдай туралы ешкіммен бөліспейді. Мазари-Шарифтегі үш жұп некелерін сақтап қалды. Ауғанстанда ажырасу оңай емес, ол масқара әрекет болып саналады.

Отбасынан кеткен Сабур оны уақытша шара дейді, қайтадан некелік өмірді қалпына келтіруге тырысады. Оған депрессияға ұшыраған деген диагноз қойылды, бірақ өзі дәрі-дәрмек емес, жұмысқа мұқтаж екенін айтады. Ол жергілікті шенеуніктерден бірнеше мәрте жұмыс сұрады, енді жауап күтіп жүр екен.

«Мен бақытсыз елде туған бақытсыз адаммын» дейді ол.

Фарангиз Наджибулла мен Муджиб Рахманның мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG