Accessibility links

Ауған сайлаушылары дала командирлеріне сенбейді


Ауғанстан дала командирі Абдул Рашид Дустум Agence France Presse агенттігіне сұхбат беріп отыр. Кабул, 24 желтоқсан 2001 жыл

Ауғанстан дала командирі Абдул Рашид Дустум Agence France Presse агенттігіне сұхбат беріп отыр. Кабул, 24 желтоқсан 2001 жыл

2014 жылы көктемде Ауғанстанда президент сайлауы өтеді. Cайлауға түсетіндер арасында орталық билікті мойындай қоймайтын дала командирлері де бар.

Ауғанстанның сайлау комиссиясы президент сайлауына түсетін 27 кандидатты тексеріп жатыр. Ал жұрттың көбі дала командирлерінің сайлауға түспегенін тілейді.

Ауғанстан президенті сайлауына түсетін әр кандидат өзімен бірге екі адамды, яғни, екі вице-президенттің кандидатурасын да тіркетуі керек.

Ауғанстанның тәуелсіз сайлау комиссиясы бірнеше кандидатты мұқият тексеруі тиіс. Өйткені ол адамдардың атағы 1990 жылдары болған азамат соғысы арқылы шыққан. Дала командирлері мен олардың әскери жасақтарының қатыгездігінен он мыңдаған адам қаза тапқан.

ДАЛА КОМАНДИРЛЕРІ

Ауғанстан президенті Хамид Карзай (оң жақта) дала командирі, генерал Абдул Рашид Достумның жанында отыр. Ауғанстан, Мазари-Шариф, 21 наурыз 2002 жыл.

Ауғанстан президенті Хамид Карзай (оң жақта) дала командирі, генерал Абдул Рашид Достумның жанында отыр. Ауғанстан, Мазари-Шариф, 21 наурыз 2002 жыл.

Сондай командирдің бірі - бұрынғы коммунистік милиция командирі Абдул Рашид Достум. Ол реформатор саналатын әрі Дүниежүзілік банктің бұрынғы қызметкері Ашраф Ғанидің вице-президенті ретінде тіркелген. Ашраф Ғани сайлауға өзімен бірге Достумды ұсынғаны үшін қатал сынға ұшырады.

Ауғандық салафиттердің басшысы Абдул Расул Сайяф пен оның серіктесі Исмаил-Хан - дала командирлері. Сайяфты көп жұрт Кабулде жасаған шектен шыққан әрекеттері үшін айыптайды. Ал Хан Герат провинциясы мен оған жақын аймақтарды жеке иелігіндей билеп-төстеген.

Хазар өлкесінен тіркелген Мохаммад Мохакек те кезінде бүлікшілер жетекшісі болған, жұрт оны адам құқықтарын бұзғаны үшін айыптайды. Ол президент сайлауына түсетін кандидаттардың бірі Абдулла Абдулланың бірінші вице-президенті ретінде тіркелген.

ЖҰРТТЫҢ ПІКІРІ

Қазанның 7-сі күні, президент сайлауына түсетін кандидаттардың есімі белгілі болған соң, ауғандықтардың көбі әлеуметтік желі арқылы наразылықтарын білдірді.

Facebook парақшасында пікір қалдырған Вадуд Паштон есімді тұрғын Достумның бұрынғы қателіктері үшін жақында кешірім сұрағанын мысқылдап, «Бұл - үлгі алатын әрекет. Алдымен жауыздықты істеп ал да, артынан кешірім сұрай сал. Егер мен Достумның ауған жанұяларын қырғаны тәрізді, оның отбасын қырып кетсем, ол мені кешіре ме екен?» деп сұрайды.

Ауғанстанның бұрынғы президенті Бурхануддин Раббанидің жаназасында тұрған президент Хамид Карзай (оң жақтан үшінші) мен вице-президенттер Мохаммад Касим Фахим (оң жақтан екінші) мен Мохаммед Карим Халили (оң жақта) және жаназа оқып тұрған Абдул Расул Сайяф. 23 қыркүйек 2011 жыл.

Ауғанстанның бұрынғы президенті Бурхануддин Раббанидің жаназасында тұрған президент Хамид Карзай (оң жақтан үшінші) мен вице-президенттер Мохаммад Касим Фахим (оң жақтан екінші) мен Мохаммед Карим Халили (оң жақта) және жаназа оқып тұрған Абдул Расул Сайяф. 23 қыркүйек 2011 жыл.

Ализай Шинвари есімді Facebook қолданушы Сайяф пен Ханға қарсылығын жазған. «Сайяф пен Исмаил-Ханды басшымыз деп мойындай алмаспыз» дейді ол. Шинвари жазбасын «Ауғандардың жауы олардың досына айналмайды» деп аяқтаған.

Кабул университетіндегі заң профессоры Вадир Сафи «сайлауға түсетін кейбір адамдарды кандидат ретінде тіркеу түгілі, оларды бостандықта жүргізбеу керек» дейді. Ол «Дала командирлерінің сайлауға түскеніне Батыс кінәлі. Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы әскери қылмыстарды анықтаса, Халықаралық қылмыстық сот істі кері қайтарып алады, сотқа дейін жеткізбейді. Қазір Батыс шын қаласа, оларды сайлау тізімінен алып тастай алады. Әскери қылмыскерлерден құтылған кезде ғана отанымыз тыныштық табады» деп жазған.

Сафидың пікірінше, Ауғанстан сайлау комиссиясы «дала командирлерінің кандидатурасын бекітсе, сайлауда бұрмалау болатыны анық».

САЙЛАУ ЗАҢЫН ӨЗГЕРТУ ҚАЖЕТ

Әйелдер құқығын қорғаушы Сурайя Парликаның айтуынша, «ауғандық әйелдер елдегі мемлекеттік институттардың күйреуі мен көптеген адамдардың өліміне себепкер болған дала командирлерінің билікке келуінен қауіптенеді».

Қарашаның 16-сы күні Ауғанстандағы президент сайлауына түсетін адамдардың соңғы тізімі жарияланады. Құқық қорғаушы Сурайя Парлика «сайлау комиссиясын дала командирлерінің есімін тізімнен алып тастауға шақырады».

Әйелдер құқығын қорғаушы Сурайя Парлика. Кабул, 14 қазан 2009 жыл.

Әйелдер құқығын қорғаушы Сурайя Парлика. Кабул, 14 қазан 2009 жыл.

- Әскери жетекшілерге билікті сеніп тапсыруға бола ма? Сайлау комиссиясы оларды соңғы тізімнен алып тастайды деп үміттенемін. Тіпті сайлауға түскен күнде, оларға адамдар дауыс бермейді деген үмітім бар, - дейді құқық қорғаушы.

Бірақ сайлау комиссиясының кандидаттарды қандай талап бойынша іріктеп, қайсысын тізімнен шығаратыны белгісіз.

Қазанның 9-ы күні Human Rights Watch ( HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы ауған үкіметін «соңғы амнистияны қайта қарап, сайлау заңын өзгертуге» шақырды. Ауғанстандағы қазіргі сайлау заңы бұрын халыққа қарсы қылмыс жасаған кандидаттарды тізімінен алып тастауға мүмкіндік бермей отыр.

Азия аймағы бойынша HRW директоры Брэд Адамстың айтуынша, «ұйым кейбір кандидаттардың заңға қайшы әрекеттерін анықтаған». HRW Достум, Сайяф және Мохакекті «құқығын асыра пайдаланған кандидаттар» деп атады.

- Егер елді талқандауға атсалысқандар билікке келсе, онда Ауғанстанның болашағы жоқ. Олардың көбі шын өкініп, көзқарастарын өзгерткен жоқ. Олар әлі де мафиялық саяси ұйымдарды басқарып келеді. Сарбаздарды да тікелей немесе жанама түрде басқарады. Өзара топ құрып, ел басқаратын саясаткерлерге қарсы шығады, - дейді Брэд Адамс.

Адамстың айтуынша, «қазіргі президент Хамид Карзай мен оны қолдап отырған Батыс елдері Ауғанстанда соңғы 35 жыл ішінде жасалған қылмыстарға жауапты адамдарды сотқа тартпай келеді. Олай болса, олар жасаған қылмыстарға Карзай мен Батыс елдері де кінәлі».

Ауғанстан президенті Хамид Карзай Қытайдағы терракот сарбаздары мұражайында тұр. 26 қыркүйек 2013 жыл.

Ауғанстан президенті Хамид Карзай Қытайдағы терракот сарбаздары мұражайында тұр. 26 қыркүйек 2013 жыл.

Ауғанстанда «Талибан» режимі құлаған соң, 2011 жылы, «өтпелі кезеңдегі әділ сот» атты процесс ұйымдастырылды. Оған БҰҰ өкілдері де қатысты. Олар алдымен құқық бұзушыларды, содан кейін заңдарды бұрмалаушыларды анықтауға тырысты. Бірақ дала командирлерін сотқа тарту мүмкін болмады. «Әділ сотты» соңына дейін жеткізу үшін Карзайға Батыс елдері жеткілікті қысым жасай алмады. Соның кесірінен, бастама аяқсыз қалды.

- Батыс елдері мен Карзай Ауғанстандағы адам құқықтарын бұзған көптеген адамдармен келісімге келді. Енді сол қателіктері өздеріне қауіп төндіреді, - дейді Брэд Адамс.

Әбубәкір Сыддық пен Мұстафа Сәруардың мақаласын ағылшын тілінен аударған - Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG