Accessibility links

Фархунданың қазасы ауған қоғамында наразылық туғызды


ық Afghanistan -- Afghan members of the Solidarity Party of Afghanistan wearing masks bearing an impression of the bloodied face of a woman who was lynched by a mob chant slogans during a protest against the attack in Kabul, March 23, 2015

ық Afghanistan -- Afghan members of the Solidarity Party of Afghanistan wearing masks bearing an impression of the bloodied face of a woman who was lynched by a mob chant slogans during a protest against the attack in Kabul, March 23, 2015

Ауғанстанда жас әйелді ұрып-соғып өлтіру оқиғасы көпшіліктің наразылығын туғызды. Бұл қылмыс елде қорғансыздың күнін кешіп жатқан әйелдер жағдайына қоғам назарын тағы аудартқызды.

Ауғанстанда наурыздың 19-ы күні Фархунда есімді 27 жастағы әйелді бір топ ер адамның ұрып-соғып, азаптап өлтірілуі қоғамда наразылық шеруілері мен әділдікке шақырған талаптарға ұласты. Бұл мәселеге ішкі істер министрлігі мен жоғары лауазымды дін өкілдері араласты. Әйелді өлімші етіп сабауға қатысы бар деген айыппен ондаған адам тұтқындалды, қылмыстық іс-әрекеттерді тоқтатуға тырыспаған деген күдікпен полиция қызметкерлері де жауапқа тартылмақ.

ТОБЫРДЫҢ «​ЖАЗАЛАУЫ»​

Көптеген жылдар бойы Ауғанстан әйел құқығын аяққа таптап келді. Енді саяси партиялар, үкімет пен құқық қорғау топтары бірігіп, осы мәселеге назар аударып жатыр. Фархунданың қазасына байланысты қоғамдағы наразылық халықтың шыдамы шегіне жеткенін көрсетті. Қызды аяусыз тепкілеп, ұрып-соққан топтың шектен шыққан қатыгездігі көпшіліктің жанын түршіктіреді.

«Бұл көріністі ауғанның барлық отбасы көрді, олар қанға боялған жас әйелдің өзін тепкілеген топқа жалынған дауысын естіді. Оқиға оларға қатты әсер етті, әркім өзін құрбандықтың және оның отбасының орнына қойып көрді» дейді Кабулдегі саяси сарапшы, Талибанның бұрынғы шенеунігі Вахид Можда.

Фархунданы ұрып-соғып, таспен атқылап өлтірген топ оны «Құранды өртегені» үшін өз беттерімен жазалаған. Бірақ кейін әйелдің исламның қасиетті кітабын өртемегені анықталған. Қанына қарайған топ есінен танған әйелді өртеп, денесін Кабул өзеніне лақтырған.

Ауғанстандық белсенді әйелдер азапталып өлтірілген 27 жастағы Фархунданың зираты басында отыр. Кабул, 26 наурыз 2015 жыл.

Ауғанстандық белсенді әйелдер азапталып өлтірілген 27 жастағы Фархунданың зираты басында отыр. Кабул, 26 наурыз 2015 жыл.

Оқиға тапа-тал түсте Шохи Дошамшира мешітінің қасында, полиция қызметкерлерінің көз алдында, президент сарайынан бірнеше километр жерде болған. Полицияның әрекетсіздігі мен қылмыскерлердің жазаланбауы халық ішінде үлкен наразылық тудырды.

«Полиция адамдарды қорғауға тиіс еді, бірақ олар немқұрайлы қарап тұрған» дейді «Бірлік» партиясының мүшесі, белсенді әйел Селай Гаффар. Оның айтуынша, бұл сұмдық жағдай үкімет пен оның адамдарының халықты қорғай алмайтынын (немесе оған ниетті емес екенін) көрсетеді.

Билік атына кір келтірмес үшін жылдам шара қабылдауға көшті. Ауғанстан президенті Ашраф Гани ішкі істер министрлігі, Улемдер кеңесі мен мешіт басшылығына оқиғаны зерттеуді бұйырған. Нәтижесінде 28 адам тұтқындалып, олардың кейбірі қылмысқа қатысы барын мойындаған.

Жиырма полиция қызметкері күдікті санатына алынған, Facebook парақшасына күш көрсетушілерді қолдап пікір жазған полицияның баспасөз хатшысы қызметінен алынған.

«ШЫДАМЫМЫЗ ТАУСЫЛДЫ»

Ауғанстандағы саяси топтар, діни қайраткерлер мен құқық қорғаушылар Фархунданың өлімінен соң күш біріктірді. Қалыптасқан дәстүрді бұзып, әйел белсенділер Фархунданың денесі салынған табытты бейітіне дейін өздері көтеріп апарды. Содан бері олар шеру өткізіп жатыр.

Фархунданың қазасына байланысты Жоғарғы сот кеңсесі алдында шеруге шыққандар. Кабул, 24 наурыз 2015 жыл.

Фархунданың қазасына байланысты Жоғарғы сот кеңсесі алдында шеруге шыққандар. Кабул, 24 наурыз 2015 жыл.

«Бірлік партиясы» мен «Afghanistan Green Trend» саяси партиялары мен Ауғанстан-1400 атты жастар ұйымы да шеруге қатысқан. Наурыздың 26-сы күні діни өкілдер Кабулдегі Фархунда қаза болған мешітке барып, «оны өлтіргендер ислам дініне қайшы іс жасады» деп шешім айтты. Наурыздың 27-сі күні жұма намазынан кейін «азаппен өлген Фархунданы» еске алу болмақ.

Шерушілер «Біздің бәріміз Фархундамыз!», «Қанышерлерге өлім!» деген ұрандармен шықты. «Әйелдердің омырауын кескенді көрдік. Алты жастан он екі жасқа дейінгі уыз қыздарды молдалар зорлап келді. Қыздарымыздың бетіне қышқыл шашып күйдірген кездері болды» дейді Селай Гаффар.

Ол Фархунданың өлімі зорлық-зомбылық пен әділетсіздікке үндемей келген қоғамның шыдамын сарқығанын айтты. «Адамдардың шыдамы таусылды. Енді жетер» дейді белсенді әйел.

Фархунданың қазасы әлеуметтік желіде толқу туғызды, наразылық шеруін өткізушілер нәтижесі жақсы болар, әйелдер мәселесі оң шешімін табар деп үміттенеді.

Фархунданың қазасына байланысты наразылық шеруіне шыққан ауған белсенділері. 23 наурыз 2015 жыл.

Фархунданың қазасына байланысты наразылық шеруіне шыққан ауған белсенділері. 23 наурыз 2015 жыл.

«Green Trend» партиясының жетекшісі Амруллах Салех Twitter парақшасына «Фархунда әділетсіздік пен заңсыздыққа қарсы күрестің белгісі» деп жазды.

Фархунданың отбасы баспасөз өкілдеріне көп сұхбат бермейді. Олар тек әйелдерге күш көрсетуге қатысты қор құратындарын мәлімдеген.

«Ол менің қарындасым еді. Енді бүкіл елдің қарындасына айналды» деді марқұмның ағасы Раджиб Азаттықтың Ауған қызметіне.

Фарангис Наджибулланың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG