Accessibility links

Ауғанстанда қыз баланың шілдеханасын жасаудың өзі ерлікке тең


Кабул қаласындағы Малалай перзентханасында жаңа туған сәбилер. Кабул, 17 қазан 2011 жыл

Кабул қаласындағы Малалай перзентханасында жаңа туған сәбилер. Кабул, 17 қазан 2011 жыл

Оңтүстік Ауғанстанда жаңа туған ұл баланың шілдеханасы ежелгі дәстүр бойынша тойлануға міндетті. Бірақ, Қандағардың үш жас жазушысы жаңа туған ұл емес, қыз баласына арнап той жасап, көне-заманнан келе жатқан ежелгі cалтты бұзды.


«Үш рет әмин деп айтыңдар» деп дауыстайды сақалды қарт кісі, жұлым-жұлым өлең кітабынан үзінді оқып тұрып.

- Әсем айдай аспандағы қыз бала келді әлемге
Әдемі гүлдей жайқалсын, жайнаған гүлдей көктемде.
Ұшып келген жұмақтан періштеміз бұл біздің
Шашып тұрған жарығын, нұрдай болып осы үйге, -

- дейді де дауыстап «үш рет әмин деп айтыңдар» деп бұйырады ақсақал.

Жаңа жазылған жырлардан үзінді оқып отырған қауымның ақсақалы, жергілікті жазушы Ахмад Мухамедиярдың қызының шілдеханасын тойлағаннан да маңызды бір іс атқарып отыр. Жергілікті жазушы оңтүстік Ауғанстанда ұзақ уақыттан бері тамырын тереңге жіберген патриархалдық дәстүрді өзгерте бастады.

Бұл жақта қыз баланың туған күнін тойламақ тұрмақ, отбасында қыздың дүниеге келуінің өзі ұят нәрсе болып саналады. Ал «Нашрах» деп аталатын нәрестенің туған күнін атап өтетін рәсім тек ұл балалар үшін ғана сақталған.
Мектепте оқитын ауған қыздар. Кабул, 11 қазан 2011 жыл

Мектепте оқитын ауған қыздар. Кабул, 11 қазан 2011 жыл


Қызының туған күнін мақтанышпен атап өту үшін өлең жазған Мухамедияр Ауғанстанның көп бөлігінде тек ұл балалалар ғана әкесінің мүлкіне мұрагер болып, әулеттің атын жалғастыратынын айтады.

- Мешеу қалған қоғамдарда әйел заты үнемі төмен саналып келді. Өкінішке қарай, біздің қоғамда керек десең оларға адам деп те қарамайды. Халықаралық қауымдастық пен біздің кейбір жетекшілер әйелдер құқығын насихаттаған боп жүр, бірақ шындығында олардың кейбіреулері өздерінің сол айтқандарын істемейді де. Бұның айқын мысалы ретінде айтайын, сол оқу-ағарту туралы айтып жүргендердің өздері керек десең өз қыздарын орта мектепке де жібермейді,- дейді ол.

Мухамедияр өзінің туған өлкесіндегі еркектер ғана үстемдік құрған ескі дәстүрді «нашрах» өлеңдерін шығару арқылы бұзып, қиратқысы келеді. Ауғанстанда «нашрах» дәстүрінің жүздеген жылдық тарихы бар, бірақ қазір бұл ескі ғұрып негізінен елдің оңтүстігі Қандағарда ғана қалған.
Қауымға жаңа қосылған тіршілік иесінің дүниеге келуін тойлауға отбасы мүшелері, дос-жарандар мен көрші-қолаң жиналады. Тойды отбасының бір тақуалау адамы жақсы дұғалар мен көне халық жырларынан үзінді оқып бастайды да, ары қарай ән, күй, жыр, бимен той жалғасып кете барады.

Бұл дәстүр барысында оқылатын өлең-жырлар жаңа туған бөбекті ардақтап, болашақта бала қоғамның қадірлі мүшесі болу үшін балдырғанды қалай бағып-қағу керектігі туралы ата-анаға кеңес береді.
Көшедегі ауған әйелдер. Кабул, 23 қараша 2011 жыл

Көшедегі ауған әйелдер. Кабул, 23 қараша 2011 жыл


Жырда бұл насихат былайша баяндалады:

«Бұл сәуленің сөнбеуі, саған ғана тәуелді
Жарқырап нұр шашқанша сақтай біл бұл сәулені
Бұл жарық нұр жеткенше өз үйің мен күллі елге
Риза болғын Тәңіріңе, аялап бұл нығметті».

Ауғанстан сияқты патриархалды қоғам әбден орныққан елде ұлды болуға қатысты әлеуметтік қысым күшті. Кейбір кездері осындай қысымның кесірінен кейбір ата-аналар қыздарын ұл бала етіп көрсетуге мәжбүр.
Ұлға зар кейбір ата-аналар қызының шашын қырқып, оған ұл баланың киімдерін кигізіп қояды. Көптеген жағдайда қыз бала бой жетіп, балиғатқа толған соң өзінің әйелдік табиғатына қайта оралады.

Мұндай әрекеттерге көп жағдайда тұрмыстық мұқтаждық пен қоғамдағы қысым итермелейді. Кей кездері осылай жасасақ, болашақта расында да ұлды болып қалармыз деп ырымдайтындар да бар.

Дари тілінде «бача-пош» деп аталатын еркекшора қыздар әулеттің абыройын өсіреді. Мұндай қыздар мектепте білім ала алады, түзде еркін жұмыс істеп, әйелдерді қоғамдық жерлерде ертіп жүреді. Қоғамдық орындарда әйелдер мен ерлер қатаң бөлінген елде қыздар үшін мұндай еркіндіктер қол жетпес арман.
Олар гендерлік теңдік туралы өзгелерге уағыздай бергенше, өздері үлгі болып, сөзімен де, ісімен де көрсетуге міндетті. Сонда ғана қара халық олардың сөзіне сеніп, үлгісімен жүреді.

Мұндай тозығы жеткен дәстүрлерді ел-жұрт білімсіздіктен, қала берді әйелдерге қарсы қалыптасып қалған надан пікірдің кесірінен ұстанады дейді Мухамедияр. Оның ойынша, бұл тозған дәстүрлерлер тоқтату - қоғамның оқыған, көзі ашық мүшелерінің міндеті.

- Бұқара халықты жарқын жолға бастау - ауғанның көзі ашық адамдарына жүктелетін міндет. Сонда ғана олар келелі келешекке жол аша алады. Олар гендерлік теңдік туралы өзгелерге уағыздай бергенше, өздері үлгі болып, сөзімен де, ісімен де көрсетуге міндетті. Сонда ғана қара халық олардың сөзіне сеніп, үлгісімен жүреді, - дейді ол.

Мухамедиярдың өзі болса, «нашрах» салтымен кішкентай қызына той жасап, Ауғанстандағы әйелдерді төмендетіп келген көне дәстүрлерді өзгертуге кішкентай да болса үлес қостым дейді.

- Қызды болу да Құдайдың саған төккен мейірім шапағаты. Ол да өмірдегі бақыт пен қуанышты толтыра түсуге себеп. Қыз балалар әкесіне қуаныш сыйлайтын бақыттың бір бұлағы ғой. - деп ағынан жарылады жас жазушы.

(Мақаланы Азаттық радиосының Ауған қызметі әзірлеген. Қазақшаға аударған - Сағынай Кәрім).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG