Accessibility links

Ауғанстандағы сайлау - ескі мен жаңаның тартысы


Ауғандық әйел сайлауда дауыс беру үшін сайлаушы ретінде тіркелуге келді. Ауғанстан, Герат, 19 қыркүйек 2013 жыл.

Ауғандық әйел сайлауда дауыс беру үшін сайлаушы ретінде тіркелуге келді. Ауғанстан, Герат, 19 қыркүйек 2013 жыл.

Ауғанстанда 2014 жылы өтетін президенті сайлауына кандидат тіркеу шарасы аяқталуға жақын. Мамандар «бұл сайлауда Ауғанстандағы бұрынғы және қазіргі ықпалды тұлғалар бәсекеге түскелі отыр» дейді.

2014 жылы сәуірдің 5-сі күні өтетін Ауғанстан президенті сайлауына 27 кандидат тіркелді. Оларды бір қабат шолып шыққанда-ақ бұрынғы дала командирлері мен ықпалды шенеуніктер көзге түседі. Батыс елдерінде білім алған бірнеше танымал технократты да байқайсыз.

Ауған сайлауының бұл жолғы ерекшелігі - әр кандидат сайлауға қатысу үшін бірінші және екінші вице-президенттерін қоса ұсынуы шарт. Яғни бұл сайлауға командалар түседі деген сөз. Мұндай ереже қолданылған кезде әдетте бірлігі әлсіз, жалған одақтар пайда болады.

Ауғанстанның сайлау қарсаңындағы ішкі жағдайы күрделі. Бұл елде әзірге ешқандай этникалық топ саяси сахнада басым болып отырған жоқ. Осы ретте кандидаттар этникалық факторды да ескеріп, этникалық қауымдардың даусын жинауға қабілетті, беделді серіктер қосып алуға тырысты. Сондықтан кандидаттар мен серіктерінің ұлттары әртүрлі.

Бұл сайлаудың нәтижесін алдынғы сайлаудағы ережелерге сүйеніп болжауға болмайды. Бұл жолғы сайлаудың сипаты бөлектеу.

Қазіргі 27 кандидат осы айдың аяғына қарай қысқарып қалуы мүмкін. Өйткені Ауғанстан тәуелсіз сайлау комиссиясы қазір тіркелген кандидаттарды тексеріп жатыр. Комиссия қазан айының 19-ы күні сайлауға қатысатындардың тізімін жариялайды. Соңғы тізім қараша айының 16-сы күні ресми түрде бекітіледі.

Ауғанстанда 2009 жылы өткен сайлаумен салыстырғанда бұл жолы кандидаттарға қатаң талаптар қойылып отыр: жасы 40-тан төмен болмауы керек, Ауғанстандағы 34 аймақтың 20 өлкесінен 100 мың қолдаушы табуы шарт. Одан бөлек, кандидаттар ауған ақшасымен 18 мың АҚШ доллары болатын жарна төлеуге міндетті.

Азаттық тілшісі жаңадан тіркелген кейбір қызықты кандидаттар тізімін шолып шықты.

АБДУЛЛА АБДУЛЛА

Абдулла Абдулла тәжік-пуштун отбасында туған. Бұрын Ауғанстан сыртқы істер министрі болды. 2009 жылы сайлауға қатысқан.

Ол өзіне серік етіп біріне-бірі қас, осыған дейін жауласып келген адамдарды таңдады. Жұрт мұнысына таңғалды.

«Хизб-и-Ислами» және «Жамағат-и-Ислами» партиялары - Ауғанстандағы азаматтық соғыс кезінде бәсекелес болған. Бірақ ежелгі жаулық «Жамағат-и-Ислами» партиясының мүшесі Абдулланың «Хизб-и-Ислами» партиясының өкілі Мохаммад Ханды серік етуіне кедергі болған жоқ. Мохаммад Ханның ұлты – пуштун.

Екінші серігі - Ауғанстандағы этникалық хазарлардың ықпалды тұлғасы Мохаммад Мохакек. Кабулдағы тәуелсіз зерттеу орталығының сарапшысы Кейт Кларктің пікірінше, бұл одақ есеппен құрылған.

- Екі жақ бірін-бірі мүлде ұнатпайды. Бірақ екі тарап мұндай одақты өте пайдалы деп есептейді. Абдулла «Хизб-и-Ислами» партиясының пуштун арасында беделі бар екенін біледі. Ол пуштундардың дауысын алудан дәмелі, - дейді ол.

АШРАФ ҒАНИ

Ашраф Ғани бұрын Ауғанстанның қаржы министрі және Дүниежүзілік банк қызметкері болған.

Ол Дайкунди өлкесінің губернаторы және Ауғанстанның әділет министрі болған, хазар қауымының жетекшісі Саруар Данишпен бірікті.

Ашраф Ғанидің екінші серігі - генерал Абдул Рашид Достум. Ол - бұрынғы дала командирі және Ауғанстандағы өзбектер жетекшісі.

Ғани 2009 жылы президент сайлауына қатысып, бар болғаны үш-ақ пайыз дауыс алған. Ауғанстанның Франция мен Канададағы бұрынғы елшісі, New America Foundation зерттеу орталығының Орталық Азия бойынша сарапшысы Омар Самадтың пікірінше, «бұл Ғанидің позициясын күшейте түседі».

- Генерал Достумның қолдауына ие болған Ғанидың арқа сүйейтін іргелі электораты бар деген сөз. Бірақ бұл қауымның дауысы жеңіп шығуға жетер ме екен? Ол осы қадамға барғанда неден ұтылуы мүмкін? Ондай этникалық топтар ауыл-аймақтарында алауыз болып отыр. Бөлшектеніп кетуге дайын отырған мұндай этникалық топтар көп. Меніңше, бұл одақ оған дауыс жинап беруі де немесе ол біраз дауысты жоғалтып алуы да мүмкін, - дейді сарапшы.

ЗАЛМАЙ РАСУЛ

Залмай Расулдың ұлты - пуштун. Сыртқы істер министрі болған. Жұрттың көбі Расулды президентікке лайық көреді.

Ол командасына бұрынғы вице президент және қастандықпен өлтірілген тәжік командирі Ахмад Шах Масудтың бауыры Ахмад Зия Масудты қосып алды.

Екінші серігі - Бамиян аймағының губернаторы болған хазар ұлтының өкілі Хабиба Сараби. Ол - президенттікке вице-кандидат бес әйелдің біреуі.

Кабулдағы стратегиялық зерттеу орталығының директоры Уәлиулла Рахманидің айтуынша, «Расулдың командасы Орталық Ауғанстан мен Солтүстік Ауғанстанда ықпалға ие болуы мүмкін».

- Ол қоғамдық қайраткер емес. Есесіне ұлттық қауіпсіздік қызметімен тығыз жұмыс жасаған стратег. Залмай Расул шыққан әулеттің ежелден келе жатқан беделі бар. Ол осы «ескі мұраны» пайдаланып, тайпаластар қолдауына ие болмақ, - дейді Рахмани.

АБДУЛ РАСУЛ САЙЯФ

Абдул Расул Сайяф - пуштуннан шыққан ықпалды заңгер, кабулдық дін ғұламасы. Оған қатысты даулы пікірлер көп.

Сайяф діни білімін Египетте алған. 1980 жылдары Ауғанстан СССР-мен соғысқанда «Әл-Қаида» жетекшілері оны Ауғанстанға алып келген.

Сайяф командасына бұрынғы энергетика және су министрі, Ауғанстанның батыс өлкесінен шыққан, ықпалды тәжік командирі Исмаил-Ханды қосып алды.

Сайяфтың екінші вице-президенті - Абдул Вахаб Эрфан, парламентте депутат болған этникалық өзбек.

КАЮМ КАРЗАЙ

Каюм Карзай - президенттік мерзімі аяқталып, биліктен кеткелі отырған Ауғанстан президенті Хамид Карзайдың ағасы, кәсіпкер және бұрынғы заңгер.

Каюм Карзай сайлауға бұрын тау-кен министрі болған, ұлты өзбек Вахидулла Шахранимен, ұлты хазар, бұрынғы парламент депутаты Ибрахим Касемимен қатыспақ. Бір қызығы - Каюмға ағасы қолдау көрсетпей отыр.

ХАДИША ГАЗНАВИ

Хадиша Газнави - жалғыз әйел кандидат. Оның екі серігі - ер адамдар. Біріншісі - генерал Мохаммад Касем Фаези. Екіншісі - генерал Хайыр Мохаммад Барез.

Екі серігімен салыстырғанда Хадиша Газнави соншалық танымал тұлға емес.

Канидаттыққа тіркелу жүріп жатқанда Ауғанстандағы ықпалды адвокат және әйелдер құқығы үшін күресуші, белсенді Фаузия Куфи де сайлауға қатысатыны жайлы жариялады. Бірақ жасы 40-қа толмағандықтан (Куфи 38-де) оның сайлауға жіберілуі әзірге неғайбіл.

Азаттық тілшісі Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG