Accessibility links

Ауғанстанда сайлау алдында ән байқауы өтеді


Президент сайлауына кандидаттардың суреттері. Ауғанстан, 2 ақпан 2014 жыл.

Президент сайлауына кандидаттардың суреттері. Ауғанстан, 2 ақпан 2014 жыл.

Ауғанстан сәуір айында өтетін президент сайлауына дайындалып жатыр. Осыған орай тұрғындар арасында музыкалық байқау жарияланды.

«Сайлау еркін өтеді, дауыс беруге құқығың бар! Еліміздің болашағы өз қолыңда екенін ұмытпа!»

Ауғанстанда демократияның тамаша дүние екенін дәлелдеу осындай ұрандар ілінген. Енді ауғанстандық cайлаушылар арасында музыкалық сайыс өтпек.

САЙЛАУҒА ӘНМЕН ҮН ҚОСУ

«2014 жылғы сайлаудың әнұраны» байқауына қатысушылар рок, рэп немесе діни әуендер арқылы сәуірдің 5-і күні өтетін сайлаудың маңызын сипаттауға міндетті.

Ұйымдастырушы Argus and Sound Central орталығы финалға шыққан он үміткердің ішінен бағы жанған жеңімпазға 1000 АҚШ доллары мөлшерінде сыйақы береді. Байқауға қатысушылардың әндері осы айда елдегі Толо (Tolo) телеарнасынан көрсетіледі.

Ауғанстанда өткен "Бейбітшілік концерті". Кабул, 20 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ауғанстанда өткен "Бейбітшілік концерті". Кабул, 20 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Әр үміткер рок, фьюжн (аралас жанр - ред.) немесе дәстүрлі музыка жанрында жазылған әнін ұсына алады. Сол үшін арнайы sola.af сайты ашылған. Оған әр ауғандық тіркеліп, әнін жүктей алады. Ауғандық музыкант әрі шараны ұйымдастыру тобының мүшесі Юсуф Ахмадшах:

"Байқауға ән жіберу өте қарапайым, қатысушы сайтқа кіреді де, музыка таңдайды. Әнін соған келтіріп айтады да сайтқа қайта жүктейді. Қатысушылар әнін аудио немесе бейне көрініс түрінде жібере алады" дейді.

«ХАЛЫҚ ӨЗ ҚҰҚЫҒЫН БІЛСЕ ДЕЙМІЗ»

Әннің мазмұны сайлау туралы болуы керек. Пуштун немесе дари тілінде орындалуы шарт. Бірақ ән жекелеген үміткерді немесе саяси партияны мадақтамауы керек. Ұйымдастыру тобының мүшесі Юсуф Ахмадшах:

"Қатысушылар сайлауға қатысты мәселелерді мақтауға немесе оған наразылық білдіруге құқылы. Сайыстың негізгі мақсаты - сайлауға қатысты тұрғындардың (сайыскерлердің – ред.) көзқарасын білу. Сайлау процесі туралы үкіметке айтар ойлары бар шығар, соны ән арқылы жеткізсін деп отырмыз. Мазмұны сайлау төңірегінде болуға тиіс дедік, бірақ оның қандай аспектісін жырлауды қатысушылар өздері таңдайды" дейді.

Ауғанстан президент сайлауына кандидаттардың бірінің насихат суреті. Кабул, 2 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ауғанстан президент сайлауына кандидаттардың бірінің насихат суреті. Кабул, 2 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Жеңімпазды кәсіби музыка мамандары мен өнертанушылардан құрылған қазылар анықтайды. Ақшалай сыйлықтан бөлек, жеңімпаздың әніне кәсіби бейнебаян түсіріледі. Екінші орынды иеленгендерге шағын ақшалай сыйлық беріледі.

Осы кезге дейін түскен өтініштерді талдай келе, Ахмадшах олардың бәрін студенттер мен жастар жібергенін айтты. Оның сөзінше, байқауға ресми тұлғалардың еш қатысы жоқ, бұл - ұйымдастырушылардың жеке бастамасы.

"Ауған халқы өз құқықтарын білгенін, сайлауға қатысқанын қалаймыз. Оны ән мен музыка арқылы жүзеге асырмақпыз" дейді Ахмадшах.

Ауғанстандағы соңғы президент сайлауы 2009 жылы өтті, оған халық аз қатысты. Ол жылы сайлау комиссиясы тұрғындардың 30-35 пайызы ғана дауыс бергенін мәлімдеді.

(Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG