Accessibility links

Ауғанстан сайлауының тосын нәтижелері


Алдын ала қорытынды бойынша сайлауда 2-орын алған кандидат Ашраф Ғани. Кабул, 21 сәуір 2014 жыл.

Алдын ала қорытынды бойынша сайлауда 2-орын алған кандидат Ашраф Ғани. Кабул, 21 сәуір 2014 жыл.

Ауғанстанда өткен президент сайлауының алғашқы қорытындылары күтпеген нәтиже көрсетті.

Президент сайлауына түскен Ашраф Ғани өзінің серігі ретінде вице-президенттікке генерал Абдул Рашид Достумды таңдағанда «бұл - көреген саяси шешім» деген пікір айтылған.

Өзбектердің дала командирі Достумның арқасында Ғани Ауғанстан өзбектерінің қолдауына қол жеткізуді көздеген. Ауғанстан сайлаушылары әдетте кандидаттардың ұлттық ерекшеліктеріне қарап дауыс береді, бұл жолы да жұртшылық бұл дәстүрінен жаңыла қоймас деген болжам болған.

ҒАНИДІҢ СӘТСІЗ ТАКТИКАСЫ

Сәуірдің 26-сы күні жарияланған дауыс берудің алдын ала қорытындыларына қарағанда, Ашраф Ғани екінші орын алған. Арыз-шағымдардан аман-есен өтсе, ол сайлаудың екінші кезеңіне қатысады. Дегенмен алғашқы нәтиже Ғани таңдаған тактиканың аса сәтті бола қоймағанын аңғартады.

Ауғанстан халқының 9 пайыздайын құрайтын өзбектердің арқасында Ғани Джаузджан провинциясында (69 пайыз дауыс) және онымен көршілес Фаряб провинциясында (65 пайыз) айқын басымдықпен жеңіске жеткен. Бұл екі аймақта да өзбектер көп тұрады.

Алайда Ғанидің өзбектер көп тұратын басқа үш аймақтағы көрсеткіштері мәз емес. Үш аймақтың ешқайсысында оның алған дауыстары 40 пайыздан аспады. Ол Сари-Пуль провинциясында - 39 пайыз, Саманган провинциясында - 27 пайыз, ал Құндыз провинциясында 38 пайыз дауыс жинады.

Есесіне бұл үш аймақта да Абдулла Абдулла көп дауыс алды. Соның арқасында ол бүкіл ел бойынша 44,9 пайыз дауыспен 1-орынға шықты.

Ғанидің Достумді үзеңгілес етіп таңдауының қауіпті жағы да болды. Ол өзбектерден көп дауыс жинаймын деп жүріп, әйелдер мен жастардың және басқа да этникалық топтардың қолдауынан айырылып қалды.

Нәтижесінде Абдулла оның «өзбек көзірін» пайдалануына мүмкіндік бермеді.

ХАЗАРЛАР ТАҢДАУЫ

Сайлаудың алдында Абдулланы Ауғанстандағы этникалық азшылық – хазарлар қолдайды деп ешкім ойламаған. Моңғол текті бұл этникалық топ - Ауғанстан халқының 9 пайызы. Сарапшылардың көбі хазарлардың дауыстары Абдулла Абдулла, Ашраф Ғани және үшінші орын алған кандидат Залмай Расулдың (11,5 пайыз) арасында бөлінеді деп келген. Бұл үшеуінің де сайлауалды бағдарламасында хазарлардың жай-күйі қарастырылған.

Алайда хазарлар көп қоныстанған провинция - Бамиян (68 пайыз) мен Дай Кундиде (75 пайыз) сайлаушылардың басым көпшілігі Абдуллаға дауыс берген. Сол сияқты хазарлар тығыз қоныстанған басқа да аймақтарда Абдулла өзіне берілген дауыстар саны жөнінен алдыңғы орынға шықты. Мәселен, ол Гор провинциясында – 60, Газни провинциясында – 54, Вардак провинциясында 36 пайыз дауыс жинаған. Ал Урузган провинциясында Абдулла 24 пайыз дауыспен екінші орын алды.
Пуштундардың дауысын алу үшін күрескен Абдулла Абдулла.

Пуштундардың дауысын алу үшін күрескен Абдулла Абдулла.

Сарапшылар Абдулланың бұл өңірлерде жақсы нәтиже көрсетуінің бірнеше себебін айтады.

Біріншіден, ол өзіне екінші вице-президенттікке хазарлардан шыққан аса ықпалды дала командирі, бұрынғы министр Мохаммад Мохакекті таңдады. Басқа кандидаттар да вице-президенттікке хазарлар өкілдерін алған, алайда Мохакектің беделі олардан күшті болып шықты. Басқа кандидаттардың үзеңгілестері - Ауғанстан үкіметінде және провинцияларда түрлі лауазымды қызмет атқарған адамдар. Бірақ олар билікте болған кезінде аймақтағы жағдайды жақсартуға берген уәделерін орындамаған, сондықтар хазарлардың сенімінен шығып қалған.

Абдуллаға жеңіс әперген және бір фактор – хазарлардың Ғаниге сенбеуі. Ғани пуштундардың көшпелі тайпасы – кучиден шыққан. Ал хазарлар осы кучи тайпасымен ғасырлар бойы жер үшін соғысып келген. Бұл бақталастық әлі күнге жалғасып отыр. Әсіресе кучилер жаз айларында мал жаюға хазарлардың жеріне өтіп кеткенде екі тайпа өкілдері арасында қақтығыстар болып жатады. Көбіне пуштундар билеген Ауғанстанның түрлі үкіметтері бұл бәсекеде көбіне кучилерге көбірек қолдау білдіріп отырған.

ҚАҚ ЖАРЫЛҒАН ПУШТУНДЕР

Болжамдар расқа айналып, тәжіктер жайлаған солтүстік және батыс аймақтардың сайлаушылары Абдулла Абдулланы қолдады. Жартылай тәжік, жартылай пуштун Абдулланы жұрттың көбі тәжік санайды. Себебі ол кезінде тәжіктердің Солтүстік альянсы көсемдерінің бірі болған.

Тәжіктер Ауғанстан халқының 27 пайызы екенін білетін Абдулла пуштундарды өз жағына шығаруға көп әрекет жасады. Ол пуштундар тығыз қоныстанған оңтүстік және шығыс өңірлерде белсенді науқан жүргізіп, өзінің пуштун екенін көп айтты, әрі оның сайлаудағы серігі, бірінші вице-президенті - пуштун.

Сарапшылардың көбі «жұрт оны тәжік санайтындықтан, пуштундардың жүрегін жаулай алмас» деп болжаған. Оның үстіне басқа кандидаттардың барлығы пуштун ұлтының өкілдері, әрі олар Абдулланы «өтірік пуштун болып жүр» деп айыптаған. Сондықтан, Абдулланың пуштундар арасында қолдауға ие болуы неғайбіл еді.

Бірақ сайлаудың алдын ала нәтижелеріне қарасақ, Абдулланың пуштундар арасында біраз беделі бар екені аңғарылады. Ол пуштундар көп тұратын провинциялардың екеуінде – Фарах (35 пайыз) пен Уардакта (36 пайыз) 1-орынға шыққан. Ал Нимроз, Хелманд, Забул, Логар және Нангархар провинцияларында дауысың бестен бірін ғана жинаған. Сайлаудың қарсаңында болжаушылар «Абдулла бұл аймақта 10 пайыздан артық дауыс жинай алмайды» деген еді. Бұл болжам расқа шықты.

Елдің шығысындағы пуштундар көп қоныстанған аймақтарда Ашраф Ғани басым түсті. Ал Залмай Расул Кандагарда көпшілік дауыс жинағанымен, оңтүстіктегі басқа аймақтарда артта қалып қойды.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG