Accessibility links

Хамид Карзайдың айтқандары


Ауғанстан президенті Хамид Карзай биліктен кетті. Оның 13 жыл ішінде есте қалған мәлімдемелері баршылық.

Ауғанстанның биліктен кеткен президенті Хамид Карзай елді екі президенттік мерзім басқарды. Ол - ауған билігін бейбіт түрде келесі президентке тапсырған (29 қыркүйекте жаңа президент ант берді - ред.) бірінші билеуші. Азаттық Карзайдың 13 жыл ішінде айтқан, жұрт есінде қалған мәлімдемелерін ұсынады.

«Енді олар – қашқын. Оларды үкімет деуге, саяси қозғалыс деуге аузың бармайды. Ауғанстандағы аттары өшті. Бұлардан енді қауіп жоқ».

Бұл - Карзайдың 2002 жылы қазан айында CNN-нен (Late Edition хабарынан – ред.) айтқаны. АҚШ-тың Ауғанстандағы антитеррорлық операциясы басталған жылы Карзай «Талибан» туралы осылай деген еді.

«Құдайдың құдіретімен Ауғанстан үш-төрт жылда-ақ еңсе көтереді. Оған дейін, әрине, бізге халықаралық қауымдастықтың, соның ішінде АҚШ-тың көмегі қажет. Олар бізбен бірге болып, бізді жан-жақты қолдауы керек».

Бұл - Карзайдың 2003 жылы ақпан айында, Америка Иракқа шабуыл жасардан бір ай бұрын, АҚШ сенатының сыртқы қатынастар комитетінде айтқаны.

«Қолымнан келсе... оларды тоқтатып, атып құлатар едім. Егер қолымызда челак болса (арқанның басына байланған тас – ред.), соны лақтырып Америка ұшағын тоқтатар едік».

Бұл – Карзайдың 2008 жылы қараша айында АҚШ ұшақтарының ауған ауылдарын атқылауына қарсы айтқаны.

«Екі ел белдесіп тұр. Құдай бұйыртса, Ауғанстан жеңеді».

Карзайдың 2009 жылы ақпанда, Вашингтонмен арадағы қайшылық күшейген тұста айтқан пікірі.

«Шамамыз келгенше бұл елде бейбітшілік орнатуға тырысамыз. Бүкіл Ауғанстан аумағында толық бейбітшілік орнатуға бар күшімізді саламыз және «Талибан» қатарында жүрген бауырларымызды елге қайтып, өз отанымен қауышуға шақырамыз».

Карзайдың 2009 жылы қараша айында, президент болып екінші мерзімге сайланғанда айтқаны.

«Егер сіздер және халықаралық қауымдастық маған қысым жасай берсеңіздер, «Талибан» жағына өтем де кетем».

Бұл – Карзайдың 2010 жылы сәуірде, Ауғанстан парламенті сайлау туралы жаңа заң жобасын қабылдамай тастаған кезде, депутаттарға ренжігендегі сөзі.

«Иран үкіметімізге жылына бір не екі мәрте, бес-алты не жеті жүз мың еуро көлемінде көмек беріп отырады. Бұл – ресми көмек. Мұның бәрі ашық, жария түрде жүріп жатыр. Мұны тіпті [бұрынғы] президент Джордж Бушқа да айтқанмын. Жасырып-жабатын дәнеңе жоқ. АҚШ та дәл солай істеп отыр. Олар бізге қап-қап ақша беріп жатыр».

Бұл - Карзайдың 2010 жылы қазанда, оның іс басқарушысына «Иран үкіметі қапқа салынған 6 миллион доллар қолма-қол ақша берді» деген лақап тарағаны туралы тілші сауалына берген жауабы.

«Құдай сақтасын, бірақ егер Америка мен Пәкістан соғыса қалса, біз Пәкістан жағына шығамыз. Егер Пәкістанға шабуыл жасалып, халқы көмекке мұқтаж болатындай күн туса, біз оларды қолдаймыз. Себебі Ауғанстан – Пәкістанның бауыры».

Карзай бұлай деп 2011 жылы қазан айында, Пәкістанның Geo телеарнасына Исламабад пен Кабул арасының нашарлауына қатысты берген сұхбатында айттты.

«Алладан бізді бұл екі Ібілістен [АҚШ пен Талибаннан] сақтай гөр деп тілейік. Қазір ел ішінде осы екі Ібіліс жүр».

2012 жылы наурызда, АҚШ-тың Ауғанстандағы Баграм әскери базасы жауынгерлері Құранды өртеген кезде айтқаны.

«Кабул мен Хост қалаларындағы жарылыстар олардың [Талибанның] Америкаға қызмет етіп жатқанын айғақтайды. Олар «Ауғанстанда шетелдіктер болмаса да, жарылыс жасай береміз» деп қорқытқысы келеді».

Карзай мұны 2013 жылы наурыз айында 19 адам қаза тапқан жарылыстан кейін айтты.

«Ауғанстанда сыбайлас жемқорлық бар екені - ақиқат. Бұл – ащы шындық. Дегенмен үкімет ішіндегі парақорлық – жемқорлықтың кішкене бөлігі ғана. Жүздеген миллион доллар көлеміндегі ірі жемқорлықтың бізге қатысы жоқ. Жемқорлықтың үлкен бөлігі біздің үкіметімізді әлсірету үшін әдейі сырттан ұйымдастырылған. Бұған біз кінәлі емеспіз».

Бұл сөзді Карзай 2012 жылы желтоқсанда, жемқорлыққа сырт елдерді кінәлаймын деп отырып айтқан.

«Мен – бейбітшілікті қолдайтын адаммын. Мен соғысқа, қару-жараққа, саясатқа сүйенбеймін. Мұның бәрі – лас дүниелер».

Бұл - Карзайдың Washington Post газеті тілшісінің «Әлем білмейтін басқа қандай қырыңыз бар?» деген сауалына 2014 жылы наурызда айтқан жауабы.

«Егер Америка мен Пәкістан шын тырысса, Ауғанстанда бейбітшілік орнайды. Ауғанстанда соғыстың болуы шетелдіктерге тиімді. Ал жікке бөлініп соғысып жатқан ауғандар бұл соғыста құрбандыққа шалған тоқтыдай қырылып жатыр».

Карзайдың 2014 жылы қыркүйек айында биліктен кетіп бара жатып айтқаны.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG