Accessibility links

«Лойя Жирга» - Ауғанстандағы ықпалды құрылтай


Ауғанстан президенті Хамид Карзай (оңнан санағанда екінші) "Лойя Жирга" жиынында отыр. Кабул, 16 қараша 2011 жыл.

Ауғанстан президенті Хамид Карзай (оңнан санағанда екінші) "Лойя Жирга" жиынында отыр. Кабул, 16 қараша 2011 жыл.

Кабулда бүгін басталатын «Лойя Жирга» жиынында Ауғанстан мен АҚШ арасындағы қауіпсіздік келісімі талқыланбақ. «Лойя Жирга» деген не?

«Лойя Жирга» - ауған тайпалары ақсақалдарының, дінбасылары мен саяси көсемдерінің дәстүрлі жиыны. Ауғанстан қоғамындағы осы бір ерекше саяси құрылым тарихы, оның саяси жүйедегі орны қандай?

«ЛОЙЯ ЖИРГА» ДЕГЕН НЕ?

«Лойя Жирга» – пуштун тілінде «ұлы кеңес» деген сөз. Бұл – Ауғанстандағы түрлі этностардың, дін және тайпа қауымдастықтары өкілдерінің жалпыұлттық басқосуы.

2011 жылы қараша айында өткен "Лойя Жирга" жиыны. Кабул.

2011 жылы қараша айында өткен "Лойя Жирга" жиыны. Кабул.

​«Лойя Жирга» – ғасырлардан келе жатқан ескі саяси институт. Ол көбіне ұлттық дағдарыс кезінде не жалпыұлттық маңызы бар мәселелерді талқылау мақсатында шақырылады.

«Лойя Жирга» жаңа конституцияны қабылдау, соғыс жариялау, жаңа корольді таңдау немесе ауқымды әлеуметтік не саяси реформалар туралы заңдарды қабылдау кезінде өтетін жиын.

«ЛОЙЯ ЖИРГАНЫҢ» ҚҰЗЫРЕТІ ҚАНДАЙ?

Ауғанстан конституциясына сәйкес «Лойя Жирга» – ауған халқы пікірін білдіретін жоғарғы мінбер.

Бірақ ол ресми шешім қабылдайтын органға жатпайды. Шешімдерінің заңдық күші жоқ, сондықтан оның ұйғарымдарын Ауғанстан парламентінің қос палатасы бекітіп, қол қою үшін президентке жіберуі керек.

Бейресми түрде «Лойя Жирганың» ұйғарымы ақтық шешім саналады. Сондықтан, президент пен парламент оның шешіміне құрметпен қарауы тиіс.

«ЛОЙЯ ЖИРГА» ЖИЫНЫ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

«Лойя Жирга» жиынын Ауғанстан президенті Хамид Карзай сөз сөйлеп ашады. Бұдан соң делегаттар өз араларынан «Лойя Жирга» төрағасын таңдайды.

"Лойя Жирга" жиыны өтетін ғимаратты күзетіп тұрған әскер. Кабул, 19 қараша 2013 жыл.

"Лойя Жирга" жиыны өтетін ғимаратты күзетіп тұрған әскер. Кабул, 19 қараша 2013 жыл.

2 мың 500 делегат 17 комитетке бөлініп жұмыс істейді. Әр комитет 32 беттік құжаттың әр тарауын талқыға салады. Комитет ұсынылған құжат жобасына өзгеріс енгізуге не оны қабылдамай тастауға қақылы. Әр комитет ұсынысы төрағаға жіберіледі, төраға оларды жалпы мәжілісте көпшілік талқысына салу үшін оқып береді.

Барлық делегаттар қатысатын дауыс беру рәсімі кезінде делегаттар қол көтеріп дауыс береді. Егер көпшілік белгілі бір ұсыныстарды қолдаса, онда олар қабылданады.

ДЕЛЕГАТТАР ҚАЛАЙ ТАҢДАЛАДЫ?

Процесс түрлі жағдайда өтуі мүмкін. Елдің әр ауданы жиынға бір өкіл жіберу үшін сайлау өткізеді. Бұдан соң «Лойя Жиргадағы» орындар «әр 20 мың азаматқа - бір өкіл» деген есеппен бөлінеді. Орындардың біразы әйелдерге, босқындарға, көшпелі тайпаларға және азаматтық қоғам мүшелеріне беріледі.

Бұл жолы «Лойя Жирга» делегаттарын «ұйымдастыру комиссиясы» таңдады. Ол комиссия мүшелерін президент Хамид Карзай бекіткен.

Комиссия делегаттар тізімін толық жариялаған жоқ. Заң бойынша 25 жасқа толған, ешқашан сотталмаған және айыпталмаған адам «Лойя Жирга» мүшесі бола алады.

БҰРЫНҒЫ ЖИЫНДАР ҚАЛАЙ ӨТКЕН?

Ауғанстан тарихындағы ең әйгілі жиын 1747 жылы өткен. Ол жолы пуштун тайпалары өкілдері Кандагар қаласында король сайлауға жиналған. Тоғыз күндік Аманулла Ханның суреті.

Аманулла Ханның суреті.

пікірталастан соң олар Ахмад Шах Дурраниді король етіп сайлау жөнінде шешім шығарды. Дурани кейін Ауғанстан мемлекетін құрды.

Ауған королі Аманулла Хан әлеуметтік реформаларды қолдау мақсатында 1928 жылы «Лойя Жирга» жинынын шақырды.

Модернизация қажеттігіне жиналғандарды иландыру мақсатында Сорайя патшайым басындағы шәлісін шешіп тастады. Бұл шара халықты ашуландырғаны сондай, бұл оқиғадан соң олар патшаны тақтан тайдырды.

2002 жылы «Талибан» үкіметі құлаған соң шұғыл түрде «Лойя Жирга» шақырылды. Делегаттар Хамид Карзайды уақытша үкімет басшысы етіп сайлады. Сол жолы «Лойя Жиргаға» алғаш рет әйелдер қатысты.

Соңғы «Лойя Жирга» АҚШ-пен стратегиялық әріптестік шартын (Strategic Partnership Agreement with the United States) талқылау мақсатында 2012 жылы шақырылған. Делегаттар бұл құжатты қолдау керек деген ұйғарымға келген.

Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG