Accessibility links

Ауғанстан «әскери» экономикасы құлдырап барады


Атикулланың онсыз да шағын саудасы АҚШ әскері елден шығып жатқан тұста жүрмей қалды.

Атикулланың онсыз да шағын саудасы АҚШ әскері елден шығып жатқан тұста жүрмей қалды.

Ауғанстанда 10 жылдан аса шетел әскері болды. Мұның өзі жергілікті экономикаға үлкен сүйеу еді. Енді бұл әскер ауған жерінен кетіп жатыр. Олар кеткен сайын ауғандықтар экономикалық жағынан тарыға бастады.

Ауған жерінде халықаралық әскер тұрған жылдары бұл елдің экономикасы да әскер қажетін өтеуге бейімделіп кеткен. Бұл проблема Ауғанстаннан әскер шығып жатқан биыл қатты білініп отыр.

АҚШ солдаты велосипед теуіп барады. Ауғанстан, Парван провинциясы, Баграм аэродромының маңы, 27 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

АҚШ солдаты велосипед теуіп барады. Ауғанстан, Парван провинциясы, Баграм аэродромының маңы, 27 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Баграмдағы базарда сынған кондиционер, көрпе-матрас сияқты оны-мұны сатып тұрған Атикулланың көңілінде алаң бар. Ол сатып отырған заттардың көбі АҚШ-тың Ауғанстандағы ең ірі әскери базасы – Баграм аэродромынан әкелінген.

Баграм әуе базасын Ауғанстанның соғысқа негізделген экономикасының (war-economy) тірегі болды десек қателеспейміз. Халықаралық әскер Ауғанстаннан кетіп жатқандықтан, елдегі әскери базалар сияқты Баграм аэродромы да жабылмақ. Осы әскери базалардың арқасында нәпақасын айырып жүрген Атикулла сияқты мыңдаған ауған азаматының күнкөрісі қиындай бастаған.

- Мына қалған-құтқан заттарды сата бастағаныма үш-төрт ай ғана болды, бірақ сауда жүрмейді. Ешкім алып та, сатып та жатқан жоқ. Бұдан басқа не істеймін? Мұнда ешқандай жұмыс, күн көретін басқа ешқандай мүмкіндік жоқ, - деді Атикулла.

Атикулла Баграмға 2004 жылы келіп, әскери базаның ұшақ қонатын алаңын салатын құрылысқа төрт жылға келісімшартпен жұмысқа тұрды. Келісімшарт мерзімі біткен соң базаға цемент пен асфальт жеткізіп тұрған. Алайда, биыл оны аяқ астынан жұмыстан шығарып жіберді. Шетелдіктер Атикуллаға «кетіп барамыз, қызметіңнің керегі жоқ» депті. Ендігі саудасынан ештеңе шықпаса, ол шығыстағы Нангархар уәлаятындағы ауылына қайтып барады.

ЖАППАЙ ЖҰМЫССЫЗДЫҚ

Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ұйымының есебіне қарағанда, ауған халқының 40 пайызы (11 миллион 500 мыңдай адам) әскери базалардың айналасындағы бес километрлік радиуста өмір сүріп жатыр.

Кейінгі 13 жыл ішінде ондаған мың азамат әскери нысандарға жақын тұруының арқасында тұрақты жұмыс істеп, жалақы алып келген. Олар көбіне құрылысшы, аспаз, еден жуушы, қара жұмысшы, механик, аудармашы, күзетші болып еңбек еткен.

Әскери базаларға көкөніс, жеміс-жидек, азық-түлік, ауызсу сатумен айналысатын жергілікті кәсіпкерлердің де саудасы дөңгелеп тұрған. Көлік компаниялары олардың керек-жарағын тасымалдаса, құрылыс компаниялары түрлі нысандар мен ғимараттар тұрғызды, ал логистикалық компаниялар олардың қозғалысын үйлестіруге атсалысып, пайда тауып келді.

Ауғанстанды қайта құру ісі жөніндегі арнайы инспектордың (Special Inspector General for Afghanistan Reconstruction) мәліметіне қарағанда, 2011-2012 жылдар аралығында АҚШ үкіметі мен осы елдің түрлі мекемелері мердігелік қызметі үшін Ауғанстан компанияларына 5 миллиард доллар қаражат төлеген.

АҚШ-тың Ауғанстандағы Баграм аэродромы.

АҚШ-тың Ауғанстандағы Баграм аэродромы.

БҰҰ есебіне қарағанда, Кабулдағы 5 миллион халықтың 90 пайызға жуығы НАТО-ның 75 әскери базасы мен Ауғанстанның әскери нысандарынан нәпақасын айырып келген. Кабулдағы әйгілі «Обама базар» АҚШ әскери базаларынан ұрланған заттар мен азық-түлік сатудан пайда тауып отырды.

Бірақ Ауғанстанда шетел әскері ең көп болған 2011 жылмен салыстырғанда мұндағы сауда қазір саябыр тартқан. Ол кезде Ауғанстанда 800 әскери база, 130 мыңға жуық сарбаз болды. 2013 жылдың соңына қарай 800-ден 80 база қалды. Ал осы жылдың соңында он шақты әскери база, 9 мың 800 АҚШ солдаты ғана қалмақ.

Шетел әскерінің кетуі елдегі өнеркәсіп пен сауда айналымына үлкен зардабын тигізетін сыңайлы.

Бір кезде Ауғанстанда сауда жасап, тасы өрге домалаған бизнесмендер дүкендерін сатып, шетелге кетіп жатыр. Әскери экономиканың кесірінен аспандап кеткен үй бағасы біртіндеп қалпына түсті. Соңғы үш жылда Кабулдағы баспаналар екі есе арзандады.

Дүниежүзілік банк есебіне қарағанда, 2012 жылы Ауғанстанда экономикалық өсім 14 пайыз болса, былтырғы өсім бар болғаны үш пайызға зорға жеткен. Ал биыл экономика құлдырайды деген болжам бар. Оның үстіне президент сайлауы нәтижелері әлі шықпай жатыр. Бұл да қаржы саласының болашағын бұлыңғырлатып тұр.

БАГРАМ ҚҰРДЫМҒА БАТЫП БАРАДЫ

АҚШ әскери базаларының ауған экономикасына қаншалық жан бітіргенін Баграм аэродромынан бірнеше километр қашықтықта жатқан Баграм қаласындағы тіршіліктен-ақ көруге болады.

Жасы елулер шамасындағы Халим есімді азамат осы жылдың басында жұмысынан айырылды. Қазір ол күнкөріс үшін шағын тақтайға жеміс-жидек, көкөніс пен темекісін жайып қойып, сатып тұр.

- Ұшақ қонатын алаң құрылысына жеті жылдық келісім-шартпен жұмысқа тұрдым. Бұған қоса әскери базада тұрып жатқан солдаттарға баспана және алыстан бақылайтын мұнара салуға жалдандым. Қазір осы тақтаймен сауда жасап тұрмын. Баграм халқы азайып барады. Мұнда тұрып жатқандарының өзі ештеңе сатып алмайды, себебі олардың ақшасы жоқ, - дейді Халим.

Баграмдағы қазіргі тіршілікті мына фотогалереядан көре аласыз:

Бір кезде Ауғанстандағы бизнестің базарына айналған 200 мың тұғыны бар Баграмда табыс іздеген кісіге мүмкіндік мол еді. Қаланың қазіргі жағдайын осыдан екі-үш жыл бұрынғымен салыстыруға келмейді. Шетелдік тауарлар мен электроника заттары толып тұрған базарлар қаңырап бос қалған. Саудагерлер дүкендерін жауып жатыр, ал жұмыс іздеп шалғайдан келгендер ауылдарына қайтып кеткен.

Баграм аймақтық даму кеңесінің басшысы Елиасуддин Бахшидің айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын Баграм әскери базасында 50 мың ауған жұмыс істеген. Қазір соның тек азғантайы қалды. Жыл соңына қарай жұмысынан босайтын адам көбейе түспек.

- Әскердің кетуі Баграмға зиянға шықты. Жұмыстан қысқарту екі жыл бұрын басталған. Қазір қала халқының 80 пайызының күніне ең болмағанда бір рет тамақ ішуге жететін ақшасы жоқ, - дейді Бахши.

Жұмыс орындарын қысқарту әлеуметтік наразылық туғызып, жергілікті халық бірнеше рет әскери базаның алдында қарсылық шараларын өткізген. Тіпті бір жергілікті шенеунік жаппай қысқартуға қарсылық ретінде бір апта бойы аштық жариялады.

Аймақтағы жастарға жұмыс тауып берумен айналысатын қоғамдық ұйым құрған белсенді Хитаб Ахмадтың айтуынша, «Жаппай жұмыссыздықтың қалаға зардабы көп. Жұмыссыз жастардың бір бөлігі ұсақ қылмыстарға барса, енді бір бөлігі қарулы топтарға қосылып жатыр».

АҚШ әскери базасының бос қалған контейнерлері.

АҚШ әскери базасының бос қалған контейнерлері.

Хитаб Ахмед «Америкалықтар жастардың көбін жұмыстан шығарып жіберді. Бұл оларды қылмысқа, кісі өлтіруге, ұрлыққа итермелеп отыр» дейді.

Әскери базаның қалған-құтқан заттарын сатып тұрған Атикулла қас қарая үйіне қайтты. Ол қоштасарда «Америка бізді 13 жыл басқарды. Бірақ олар Ауғанстанды қайта құру үшін қыруар қаражат та жұмсады. Оларсыз болашағымыз бұлыңғыр» деді.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG