Accessibility links

Ауғанстандағы миссия аяқталды


АҚШ сарбазы тікұшақта отыр. Ауғанстан, 28 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

АҚШ сарбазы тікұшақта отыр. Ауғанстан, 28 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ауғанстандағы халықаралық әскери контингент қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін жергілікті қарулы күштерге өткізді.

Жексенбі күні Ауғанстандағы соғыс қимылдарына 13 жыл қатысқан 50 шақты елдің әскери қызметшілерінен құралған, АҚШ басқаратын халықаралық әскери контингент миссиясын ресми аяқтады. 2014 жыл Ауғанстанда өткізген соңғы алты жылдағы қан ең көп төгілген жыл болғанына қарамастан, қауіпсіздікті қамтамасыз ету функциялары ауған қарулы күштері мен құқық қорғау органдарына жүктелді.

Жексенбі күні халықаралық контингент қолбасшысы, америкалық генерал Джон Кэмпбел салтанатты рәсімде Ауғанстандағы шайқаста қаза тапқан (көбі америкалық) үш жарым мың жауынгердің рухына тағзым етіп, ауғанның жалпы саны 350 мың адам болатын қарулы құрамалары, армиясы және әскерилендірілген полициясы соғыс операцияларын өздігінен жүргізе алатынына сенім білдірді.

Халықаралық коалицияның Ауғанстандағы миссиясын ресми аяқтау рәсімі, Кабул, 28 желтоқсан 2014 жыл

​Бірақ НАТО миссиясының аяқталуы Солтүстік альянс Ауғанстанмен ынтымақтастығын толық тоқтатады дегенді білдірмейді. Әскери бөлімдер кеткеннен кейін елде 13 мың 500-дей шетелдік әскери кеңесші мен тылда жұмыс істейтін әскери қызметшілер қалады, оның 11 мыңы – америкалықтар. Президент Ашраф Ганидың елде шетелдік кеңесшілерді қалдыру туралы келісімге қол қоюына «Талибан» ұйымының шайқаспен жауап қайтаруы 2014 жылды соңғы алты жылдағы ең қан көп төгілген жылға айналдырды. Ауғанстандағы жағдай өте шиеленісіп тұр, президент сайлауы өткеннен кейінгі үш айда елде жұмыс істейтін үкімет жоқ, сыртқы көмектің қысқаруынан экономикасы зардап шегіп жатыр.

Америкалық дрон әуежайда тұр. Ауғанстан.

Америкалық дрон әуежайда тұр. Ауғанстан.

НАТО-да қазір миссияның аяқтайтын қолайлы сәт деген консенсус жоқ. Бірақ Гавайида демалыста жүрген АҚШ президенті Барак Обаманың таратқан мәлімдемесінде: «Сарбаздарының ерлігі мен жанқиярлығы арқасында АҚШ өз тарихындағы ең ұзақ соғысты жауапкершілікпен аяқтамақ. Әлемдегі жағдай реттеліп келеді, сіздердің арқаларыңызда әлемдегі қауіпсіздік нығайып, молшылық көбейе түсті» делінген. Оның бұл сөзі америкалық БАҚ-тарда, Fox телеарнасының жексенбілік эфирінде қызу талас тудырды.

Республикашыл The Weekly Standard саяси апталығы шолушысы Стивен Хейз: «Жоқ, мен мұнымен үзілді-кесілді келіспеймін. Обама нығайған қандай қауіпсіздікті айтып отыр? Президенттің бұл көзқарасы қарапайым америкалықтың ойымен, оның жақын көмекшілері, сенат пен өкілдер палатасының барлау мекемелерінің істері жөніндегі комитет төрағаларының пікірімен үйлеспейді. Таяу Шығыстағы терроризм, «Әл-Каиданың» Африкаға таралуы, Ресейдің Еуропадағы агрессиясы, Қытайдың Азиядағы экспансиясы күшейгені соншалық, конгрестің жуырда өткен ашық отырысында АҚШ сыртқы барлау басшысы «әлем бұндай былықта соңғы рет қашан болғаны есімде жоқ» деп турасын мәлімдеді. Президент өз әлемінде – АҚШ қауіпсіздігі автоматты түрде, жағымсыз болса да қажетті шаралар қабылдауға мәжбүр болмайтын әлемде өмір сүріп жатыр. Путин де өз әлемінде өмір сүріп жатқанымен, ол қиын қадамдарға баруға қабілетті. Көрші ел территориясының бір бөлігін аннексиялауға Ресейдің батылы жетеді деп бір жыл бұрын кім ойлап еді?» дейді.

Хейзді шоудың тағы бір қонағы, демократтарды қолдайтын «Вашингтон Пост» газетінің журналисі Боб Вудворд да құптайды.

АҚШ әскері мен Ауғанстан полициясы жарылыс болған маңды тексеріп жүр. Кабул, 13 қазан 2014 жыл.

АҚШ әскері мен Ауғанстан полициясы жарылыс болған маңды тексеріп жүр. Кабул, 13 қазан 2014 жыл.

«Әрине, Обама қателеседі. Әлемдегі қауіпсіздік нығая түскен жоқ. Мұны президенттің Ауғанстаннан әскерді шығарумен қатар терроризммен күресті аяқтамағанынан, ал «Ислам мемлекетіне» шектеулі емес, өлім мен өмір шайқасатын жаппай соғыс жариялағанынан байқауға болады. Бұл арада бір нәрсе қуантады. «Ислам мемлекеті» ұйымының да әскери және саяси формасы әлсіз әрі экономикалық жағдайы да мәз емес. Қалай болғанда да, Обама мен оның «Ислам мемлекетіне» қарсы халықаралық коалициядағы өкілі запастағы генерал Джон Аллен екеуінің мәлімдемесі арасында айырмашылық бар. Егер президент «исламшылдардың көзін толық жойғанша соғыса береміз» десе, генерал «Американың міндеті – олардың геосаяси амбицияларына бөгет болу» деп мәлімдейді.

Республикашыларды қолдайтын Wall Street Journal шолушысы Джейсон Раллидің болжамынша, 2015 жылы АҚШ исламшыларды Ираннан ығыстырғанымен, проблеманың орталығына айналған Сириядан шығара алмайды.

«Ғаламдық саясаттың тепе-теңдігін қамтамасыз ететін күш ретінде Американың маңызын жеткілікті бағаламайтын адам Ақ үйде отырғанда, бүкіл әлемнің, оның ішінде АҚШ-тың қауіпсіздігіне төнген қатер сейілмейді. Саяси спектрдің сол жақ бөлігіндегі электораты ығына жығылған Обама аса қауіпті содырлар – исламшылар отырған Гуантанамо түрмесін жапқысы келеді. Барлау дерегінше, бұл түрмеден босатылғандардың үштен біріне жуығы жиһадшылар сапына қайта қосылады. Жаңа тұтқындар тергеу үшін Гуантанамо түрмесіне жіберілмейді. Біз бір кездері Гуантанамо түрмесіне түскендерден «Әл-Каида» тобы туралы құнды деректер алатынбыз, ал мына топқа қатысты жедел деректер жоқ. «Ислам мемлекеті»» ұйымына қарсы күрестен нәтиже шықпау себептерінің бірі осында» дейді Джейсон Ралли.

​Fox телеарнасындағы пікірталасқа демократтарды жақтайтын USA Today газеті атынан қатысқан Сюзан Пейдж 2015 жылы Иранның ядролық бағдарламасын шектеуге қатысты бұрынғы проблеманы шешу перспективасы туралы айтты. Бұл мәселе бойынша қорытынды келісімге қол қою мерзімі екі мәрте кейінге шегерілді. Пейдж келесі жылы мәмілеге келу мүмкіндігі үлкен деп бағалайды. Өйткені жуырда Тегеранда АҚШ салған санкцияны толық алып тастау және мұнай бағасының арзандауы сияқты экономикасына қысымды азайтуға қосымша үміт пайда болды.

Мақала авторы - Азаттық тілшісі Евгений Аронов.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG