Accessibility links

Әйелдер хұқының қорғалуы - БҰҰ-ның басты назарында


БҰҰ-ның соңғы басты конференциясына шенеунік әйелдердің үлкен делегацияларын жіберіп, өз елдерінде әйел мәртебесі мен жағдайы жақсарды дегенді көрсеткісі келген Ирақ пен Ауғанстанның әйелдер істері министрлері делегаттарға өткен кезеңде әйелдерге қатысты болған зорлық-зомбылықты түзететін мүмкіндік пен уақыт туды, алайда алда күрестер де болады деп атап көрсетті.

Әйелдер хұқы жөніндегі БҰҰ-ның конференциясына қатысқан министрлердің арасында Ирақтың солтүстігінен келген бұрынғы солдат пен Ауған әскерлеріне медициналық көмек көрсеткен балалар дәрігері де болды. Әлемдік азық-түлік бағдарламасы үшін жұмыс істеген Ирақ күрді Нармин Барзинджи Отман мен доктор Массуда Жалал енді қазір өз елдеріндегі әйелдер істері бойынша министрліктерге жетекшілік етеді.

Әйелдер хұқы шектеліп келген елдердің өкілдері ретінде олар әйелдерді зорлық пен зомбылықтан қорғап, әйелдер үшін білім алу мен дәрігерлік шаралардың қамтамасыз етілуі жолында жұмыс істеп жатырмыз дейді.

Сәрсенбі күні олардың екеуі де БҰҰ-ның конференциясында сөйлеген сөзінде әйелдер мәртебесін көтеріп, олардың хұқтарын қорғау шараларын алға жылжытуға саясат тұрғысында араласудың қаншалықты маңызды екендігіне тоқталған. Джалал осы жоғары дәрежелі жиында ауған әйелдері әлі де отбасындағы зорлық пен зомбылыққа жиі ұшырайды деп атап көрсетті.

Ол сондай-ақ әйелдер хұқының Конституцияда қорғалуына үміт білдірді. Дегенмен де ол мұнан соң осы мәселелер кеңінен талқыланған кезде әйелдер қоғамның саяси өмірінде теңдікке жетуі үшін алдымен олардың арасындағы сауатсыздықты жою керек, ал оған кемінде 15 жыл қажет болады дегенді айтты.

- Әйелдер сауатсыздықтан зардап шегеді. Мұндай сапамен олар қалай алға шығып, саяси өмірге араласа алады? Біз парламенттегі орынның 20 проценті әйелдерге тиесілі болғанын қалар едік, бірақ, онда олар сан үшін емес, сапа үшін келіп, парламент ісіне шынайы тұрғыда араласқанын қалаймыз, - деді доктор Массуда Жалал.

Ал Ирақ әйелдерінің сауаттылығы жоғарырақ. Сол себепті де мұнда әйелдердің саяси өмірге белсенді араласуға деген мүмкіндіктері де молырақ. Ирақта қаңтардың 30-ында өткен Ұлттық жиналыс сайлауында әйелдер парламенттегі барлық орынның 30 процентіне ие болды.

Бірақ, министр Отман діни экстремизм әйелдер хұқының сақталуына жол бермеуі мүмкін деп ескертті. Ирақ делегациясының басқа да мүшелері осындай алаңдаушылық танытқан. Жақында Ирақ ұлттық Ассамблеясына сайланған Уиждан Салим Азаттық радиосына былай деп айтты:

- Біз қазір өте бір күрделі кезеңде тұрмыз. Өйткені біз енді жаңа Конституцияны жазуға тиіс боламыз, Ирақ әйелдерінде бұған дейін көптеген хұқтар болды, енді жаңа Конституцияда солардың біразынан айрылып қаламыз ба деп қорқамыз.

Ирақтың адам хұқтары министрінің орынбасары Аида Ұссариан Ирақ әйелдері елдегі саяси өтпелі кезеңді жоғары билік деңгейіне жетуге пайдаланғысы келеді деп атап көрсетті:

- Біз қандай да бір шешімдер қабылдай алатындай тұлғалар болуымыз керек. Біз министрлер, мұғалімдер, дәрігерлер болуымыз керек, біз партияларда болуымыз керек. Бізде күрделі жайттар көп болды. Саддам бізге жеткілікті берді, біз олардың көпшілігін алуға дайын болмадық.

Әйелдер істері жөніндегі министр Отман Ирақ әйелдері егер жоғары билік тізгініне қол жеткізуге ұмтылғысы келсе, олар саяси партиялардың жетекшілері деңгейіндегі рөлге дейін көтерілуі қажеттігін жақсы біледі дейді.

АҚШ-та орын тепкен Халықаралық республикандық институт пен Ұлттық демократиялық институт Ауғанстан мен Ирақта әйелдердің саяси белсенділігін арттыруға көмек шараларын жүргізді. Халықаралық республикандық институттың Еуразия жөніндегі сарапшысы Стифен Никс өз тобы әйелдерді саяси бәсекелестікке қабілетті болуға оқытып-үйреткенін айтты.

Ирақта қаңтар айында өткен сайлауда шиит мұсылмандары блогы мен күрдтер тарабы жеңіске жеткен болатын, енді жаңа үкімет құрамын жасақтауда олар сүннит мұсылмандары тарабымен бірге келіссөздер өткізуде. Бұл процесс аяқталып, өз мәресіне жетпейінше, Ирақ Конституциясы туралы келіссөздер бастала қоймайды.

Ауғанстанда алғашында осы жылдың көктемінде өтеді деп межеленген парламент сайлауы үкіметтің оған дайындық жасауына көбірек мүмкіндік пен уақыт беру үшін кейінге шегерілуі де мүмкін.
XS
SM
MD
LG