Accessibility links

Пәкістан: Талибан жаңа қолбасшысын тағайындағанын айтты


Пешауарда жанкештілік жарылыстан қираған Pearl Continental қонақ үйі. 10 маусым 2009 жыл.

Пешауарда жанкештілік жарылыстан қираған Pearl Continental қонақ үйі. 10 маусым 2009 жыл.

Пәкістандағы Талибан қозғалысы Хакимулла Мехсудты жаңа қолбасшы етіп тағайындағанын хабарлады. Бұрынғы жетекші АҚШ-тың әуе шабуылынан қаза тапқан болуы мүмкін. Алайда Пәкістан барлау ресмилері Талибанның жаңа қолбасшы тағайындауы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.

Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, жексенбі күні Талибан ресмилері Пәкістанның солтүстік-батысындағы журналистермен телефон арқылы байланысып, басшылық кеңесі, яғни шура жаңа қолбасшылыққа 28 жастағы Хакимулла Мехсудты таңдады деген.

Алайда Исламабадтағы барлау ресмилері бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Пәкістан мен АҚШ ресмилері Талибанның бұрынғы қолбасшысы Байтулла Мехсуд тамыздың 5-де Оңтүстік Вазиристанда орын алған АҚШ-тың әуе шабуылынан қаза тапқан болуы мүмкін деп отыр.

Талибан болса Байтулла тірі, бірақ оның денсаулық жағдайы нашар дейді.

Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Талибан өкілі Маулви Факир Мухаммад қозғалыстың шурасы жаңа қолбасшылыққа Хакимулланы бірауыздан мақұлдады деп мәлімдеген. Мухаммадтың айтуынша, қатты ауырып жатқан Байтулла көзі тірі кезінде өзінің мұрагерін тағайындауды қалаған. Хакимулла Байтулланың жақын одақтасы деп есептеледі.

Тәуелсіз сарапшы әрі бұрынғы дипломат Ахмад Саиди Азаттық радиосына берген сұхбатында Хакимулла бұрынғы қолбасшыға қарағанда қатыгездеу және ол Пәкістан мен Ауғанстанға үлкен қауіп төндіреді деп атап көрсетті.

«Талибанның кейбір қолбасшылары, олардың ішінде Маулви Факир, Маулви Назир, Гүл Бахадур Пәкістанда жанкештілік жарылыстарды ұйымдастыруға қарсы болған. Олар мұндай шабуылдарды тек Ауғанстанда ғана жүзеге асыру керек деп айтатын. Бұл мәселеге байланысты Талибан қолбасшылары арасында түрлі пікірлер бар. Хакимулла Пәкістан мен Ауғанстандағы шайқастарды қолдайтындардың бірі. Ол қолбасшы етіп тағайындалса, Ауғанстан мен Пәкістанда шабуылдар көбейеді», - дейді сарапшы Саиди.

Хакимулла Пәкістандағы Тахрик-е Талибан ұйымының әскери басшысы болған. Байтулла 13 жауынгерлік топ пен тайпалық фракцияларды біріктіру үшін бұл ұйымның негізін қалаған-ды.

Хакимулла маусымның 9-да Пешауардағы Pearl Continental қонақ үйінде болған жарылысқа байланысты жауапкершілікті өз мойнына алған еді. Ол шабуылдан кемінде 11 адам қаза тауып, 50-ден аса адам жарақаттанған-ды.

Хакимулла сондай-ақ наурыз айында Лахор қаласында оққа ұшқан Шри Ланка крикет тобы спортшысының өліміне қатысы бар екенін мәлімдеген болатын.

Ол осы уақытқа дейін Оракзай, Хайбер және Куррам тайпалық аймақтарындағы жауынгерлерді басқарып келген.
XS
SM
MD
LG