Accessibility links

Ғани-Абдулла билік бөлісі ұзаққа бара ма?


Ауғанстан президенті Ашраф Ғани (сол жақта) мен үкіметтің бас атқарушысы Абдулла Абдулла

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани (сол жақта) мен үкіметтің бас атқарушысы Абдулла Абдулла

Ауғанстанда жаңа президент анықталып, дауласып келген екі үміткер «ұлттық бірлік үкіметін» құратын болды. Жаңа үкімет қандай міндеттерді атқармақшы?

Бірнеше айға созылған дау мен шиеленістен кейін Ауғанстан халқының басым көпшілігі таңдаған президент белгілі болды. Сайлауда алаяқтық жасады деп айыпталғанына қарамастан Ашраф Ғани ресми түрде президент деп танылды, ал оның бәсекелесі Абдулла Абдулла билікті бөлу туралы келісім-шартқа қол қойды.

Бұл ел тарихында билікті демократиялық жолмен таңдаған алғашқы сайлау болды. Дегенмен, «бірлік үкіметі қалай жұмыс істейді?» деген сауал көпті мазалайды.

ПРЕЗИДЕНТ ПЕН БАС АТҚАРУШЫ

Келісім бойынша Абдулла бас атқарушы деген лауазымды иеленді. Жаңадан тағайындалған лауазымды премьер-министрдің рөліне теңестіруге болар, келісім бойынша елде болашақта парламенттік жүйе орнайды деген үміт бар. Бірақ қазір ақырғы сөзді президент айтады.

Билікті бөлу туралы келісімге сай, жаңа үкімет бас атқарушы мен оның екі орынбасарынан тұрады. Қауіпсіздік пен экономикаға қатысты басқарушы лауазымдар мен министрлер жайлы шешім қабылдау кезінде «паритет» (екі жақтың тең басқаруы) орнамақ. Екі тарап та «ел басқару деңгейінде бір сатыда тұрады».

Төменгі деңгейдегі лауазымдарды тағайындау «тең» бөлінеді, демек, жұмысқа тағайындаудың бір жақты нұсқаулығы болмайды. Екі жақтың арасында осы тұста дау шығуы мүмкін, себебі Ғани адамдарды «қабілет-қарымына қарай» жұмысқа алу туралы айтқан.

Маусымның 14-і күнгі сайлауда халықаралық бақылаушы болған Австралия ұлттық университетінің зерттеушісі Шриджой Бозе қабілет-қарымға қарай жұмысқа алу қазіргі Ауғанстанда қалыптасып қалған клиентелистік жүйе өкілдері үшін тиімсіз болып көрінетінін айтады.

«Олар басшыға өз талаптарын өткізуге тырысады. Сондықтан президент пен бас атқарушы бір-бірінің өкілдеріне кесірін тигізіп алмай, өзара кикілжіңге келмей бәрін реттей алса жақсы» дейді ол.

Ашраф Ғани мен Абдулла Абдулланың келісім-шарт жасасқан сәті.

Ашраф Ғани мен Абдулла Абдулланың келісім-шарт жасасқан сәті.

Техникалық тұрғыда үкіметті президент басқарады, ал бас атқарушы үкімет саясатының жүзеге асуын бақылап, «президентке есеп береді». Бас атқарушы жаңадан құрылған «министрлер кеңесінің» тұрақты жиынына төрағалық етеді, олар күн сайын әкімшілікті бақылайды.

Келісімге қол қойылды, бірақ егжей-тегжейі әлі анықталып жатыр. Лауазымға отырған соң Гани бас атқарушының «жауапкершілігі, өкілеттігі мен құрметке лайықтығы» туралы арнайы президенттік бұйрық шығаруға тиіс. Бас атқарушының өкілеттігіне қатысты соңғы сөзді президент айтатын болғандықтан, құжатты талқылауда көптеген қайшылықтар туындауы мүмкін.

Бұндай жағдайда президент пен бас атқарушы түсінбестікті «серіктестік, ынтымақтастық және ең бастысы, Ауғанстан халқы алдындағы жауапкершілік қағидасына сай шешуге» тиіс.

БАС АТҚАРУШЫ ПРЕМЬЕРГЕ АЙНАЛА АЛА МА?

Бас атқарушы міндеті уақытша шешім ретінде қабылданды, түбінде ол премьер-министр лауазымына айналмақ. Жергілікті тайпа көсемдерінен құралған конституциялық Лойя Джирга екі жыл ішінде келісімді нақтылауға тиіс.

Президент ретінде Ғани жарлық шығарып, бас атқарушы лауазымын құра алады. Бірақ президент отставкаға жібере салмайтын, қауқары күшті премьер-министр лауазымын құру үшін конститутцияға өзгеріс енгізу керек. Конститутциялық Лойя Жирга осы өзгерістерді анықтап, бекітеді, содан соң парламент оған қол қояды.

Оған қоса президенттік жүйенің де ықпалы маңызды болады. Президент Джирга мүшелерін өзі таңдайды, жиын қорытындысын нақтылап, премьер-министрдің билік ауқымын анықтайды. Конституциялық Лойя Джирга тек аудандық кеңестер сайланған күнде ғана шақырылады, бұл жағдайды қиындатып тұр. Ғани мен Абдулла қол қойған құжат бойынша, бұндай кеңестерді «барынша жылдам» тағайындау жазылған.

Сайлаушылар бұрынғы ауған президенті Хамид Карзайдың портретін сахнадан түсіріп жатыр.

Сайлаушылар бұрынғы ауған президенті Хамид Карзайдың портретін сахнадан түсіріп жатыр.

«Кабулда екі қошқардың басы қосылуы мүмкін бе?» деген сауал әркімді алаңдатады. Халықаралық қауымдастық «ымыраласудың соңы елдің тұрақты дамуына ықпал етер» деген үміт білдірді. Вашингтон Ауғанстанға қажетті бірден-бір даму жолы - «демократиялық процеске құрметпен қарау» еді десе, аймақтық басшылар сайлау дағдарысының аяқталғанына қуанды. Талибан келісімді «жасандылық, алдаусырату» деп қабылдады. «Ашраф Ғаниды тағайындау мен жасанды әкімшілік құруды ауған халқы ешқашан қабылдамайды» дейді электрондық пошта арқылы журналистерге мәлімдеме жасаған Талибан өкілі Забиулла Муджахид.

Сайлаудан шаршаған ауған халқы келісімді үнсіз қабылдады. Кабул көшелерінде салтанатты шеру немесе қарсылық акциялары өтпеді.Сайлау комиссиясының дәрменсіздігіне күйінгендер бар. Комиссия этникалық топтардың қаһарынан қорқып, нақты қорытындыны жариялай алмады.

«Бұның бәрі адамдардың дауысы ештеңені шешпейді, Ауғанстан саясаты келіссөздер мен мәміле арқылы ғана реттеледі дегенді білдіреді. Бір сарапшы айтқандай, дауыстарды есепке алмау сайлаушыларды заңды құқынан айырып ғана қоймай, бұндай дағдарыстар болашақта тағы да қайталанатынын көрсетеді» дейді сарапшы Бозе.

Миллиондаған ауғандар Талибанның қоқан-лоқысына қарамастан сәуір мен маусым айында сайлауға қатысып, дауыс берді. Бірақ санақ нәтижесі күмәнді болып шықты.

Көптеген ауғандар Twitter мен басқа да әлеуметтік желі беттерінде сайлау үдерісіне наразылық танытты. Кейбірі билікті бөлу туралы келісімді сынап, «демократияға қайшы, саяси мүддені көздейтін шара» деп атайды.

Фруд Бежанның мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG