Accessibility links

Ауған сайлауы бюллетенін 3 мың есек тасиды


Сайлауға қажетті заттарды есекпен апара жатқан ауғандар. Ауғанстан, Балх провинциясы, 3 сәуір 2014 жыл.
Сайлауға қажетті заттарды есекпен апара жатқан ауғандар. Ауғанстан, Балх провинциясы, 3 сәуір 2014 жыл.

Ауғанстанда сәуірдің 5-і күні президент сайлауы өтеді. Үкімет шалғай ауылдарға бюллетеньдер мен дауыс беру жәшіктерін жеткізіп үлгеру үшін ескі және жаңа тәсілдерді қатар қолданып жатыр.

Ауғанстанда 3 мыңнан астам есек бюллетеньдер мен дауыс беру жәшіктерін Бадахшан, Нуристан, Газни, Конар және басқа да провинциялардың тау шатқалдарындағы елді мекендеріне тасып жатыр.

«Біз оларды ауыл тұрғындарынан жалға алдық. Сайлау аяқталған соң қайтарамыз» дейді Ауғанстанның тәуелсіз сайлау комиссиясының өкілі Нур Мохаммад Нур.

Ол «дауыс беру аяқталған соң санау үшін бюллетеньдерді аудан орталықтарына қайтадан таситындарын» айтты. Есек иелеріне «сайлау екінші турға ұласатын болса, жануарларды тағы да жалдаймыз» деп ескертілген.

БЮЛЛЕТЕНЬ ЖЕТКІЗУ МАШАҚАТЫ

«Бюллетеньдер мен жәшіктерді сайлау учаскелеріне тасу жұмысы үш кезеңмен іске асырылады. Бірінші кезең - бюллетеньдерді Кабулдан провинция орталықтарына жеткізу. Ол үшін біз ұшақтар мен жүк көліктерін пайдаланамыз. Екінші кезең - аудан орталықтарына жеткізу. Үшінші кезең - бюллетеньдерді дауыс беру учаскелеріне тарату» дейді Мохаммад Нур.
Сайлау материалдарын ауылдарына алып келген ауғандықтар. Ауғанстан, Балх провинциясы, 3 сәуір 2014 жыл.
Сайлау материалдарын ауылдарына алып келген ауғандықтар. Ауғанстан, Балх провинциясы, 3 сәуір 2014 жыл.
Ауғанстан қорғаныс министрлігінің жүк көліктері жете алмайтын 49 ауданға бюллетеньдер мен жәшіктерді ондаған тікұшақ тасып жатыр.

Бірақ министрлік сәуірдің 2-сі күні ауа райы қолайсыз болғандықтан, шалғай 10 ауданға тиісті заттардың апарылмай қалғанын мәлімдеп, барлық материалдарды жуық арада жеткізуге тырысатынын хабарлады. Өйткені оларды шет ауылдарға есекпен апаруға тағы уақыт кетеді.

«ТАЛИБАН» ҚАУПІ

Ауғанстанның түкпір-түкпірінде 28 мың 500-ге жуық дауыс беру орталықтары мен шағын учаскелер ашылған. Алайда олардың кемінде 10 пайызы сайлау күні ашылмай қалуы ғажап емес. Себебі «Талибан» содырлары «сайлауды болдырмаймыз» деп мәлімдеген. Олар сайлауға дайындалып жатқан дауыс беру орталықтарына бірнеше мәрте шабуыл жасап та үлгерді.

«Бір жақсысы – содырлар бюллетень тасып жатқан есектерге тиіспеген» дейді Мохаммад Нур.

Билік сайлау кезінде қауіпсіздікті 350 мың сақшы қамтамасыз ететінін хабарлады.

(Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан).
XS
SM
MD
LG