Accessibility links

Ауған сайлауынан кандидаттың көбі шығып, екеуі қалды


Ауғанстан президенттігіне кандидат болған Залмай Расул.

Ауғанстан президенттігіне кандидат болған Залмай Расул.

Ауғанстан президенттігіне кандидат Залмай Расул өткен аптада сайлауға түсуден бас тартып, Абдулла Абдулланы қолдайтынын хабарлады.

Бұрынғы сыртқы істер министрі Залмай Расул мамырдың 11-і күні Кабулда Абдулланы қолдайтынын мәлімдеді. Ол сайлаудың бірінші турында үшінші орын алған. Алдын-ала есептелген нәтижелерге қарағанда, сәуірдің 5-і күні өткен сайлауда дауыс берген азаматтардың 44,9 пайызы Абдулланы қолдаған.

Одан кейін сайлаушылардың 31,5 пайыз дауысын алған бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ғани мен 11,5 пайыз дауыспен Залмай Расул тұр.

Сарапшылардың айымдауынша, Расулдың қолдауынан кейін Абдулла жеңіске бір табан жақындай түсті, ал Ғаниге екінші турға жетпей бәсекеден шығып қалу қысымы күшейді. Қантөгістерден зардап шегіп келе жатқан бұл кедей елге сайлаудың тезірек аяқталғаны тиімді. Егер екінші тур өтетін болса, жаңа қақтығыс тууы да ғажап емес.

Әуелі турдың түпкілікті нәтижесі ресми түрде жарияланған жоқ. Ол арыз-шағымдарды қарау мерзімі аяқталған соң, мамырдың 14-і күні хабарланады деген жоспар бар.

Ал Абдулла мен Ғанидің арасындағы бәсекенің тағдыры әлден-ақ шешіліп қалғанға ұқсайды. Өйткені бірнеше апта жабық түрде келіссөздер жүріп, Залмай Абдула Абдулла. Кабул, 24 сәуір 2014 жыл.

Абдула Абдулла. Кабул, 24 сәуір 2014 жыл.

Расул Абдулла Абдуллаға жол беретінін мәлімдеді. Сарапшылардың айтуынша, «құрылған жаңа альянс Ғанидің екінші турда жеңуіне мүмкіндік қалдырмайды». Екінші тур маусымның 14-іне жоспарланған.

Халықаралық дағдарыстарды зерттейтін топтың (International Crisis Group) Кабулдағы аға сарапшысы Грэм Смит: «Расулдың бұл мәлімдемесі Абдуллаға саяси салмақ қосып берді» дейді.

Шыққан тегі жартылай тәжік (шеше жағынан), жартылай пуштун Абдулланы жұрттың көбі тәжік санайды. Себебі ол кезінде тәжіктердің Солтүстік альянсы көсемдерінің бірі және тәжіктердің СССР әскеріне қарсы соғысқан лидері, марқұм Ахмад Шах Масудпен етене дос болған.

Ал Залмай Расул – Ауғанстанның оңтүстігіндегі Кандагар провинциясынан шыққан пуштун. Ол қолдаған соң Абдулланың тәжік екенінен секемденетін біраз пуштундар енді оған сенім артуы мүмкін. Бұған қоса, Абдулланы пуштун лидерлерінің бірі Гүл Ага Шерзай қолдап шықты. Шерзай – бұрын президент сайлауына түскен саясаткер, оңтүстіктегі Кандагар және Нангархар провинцияларының экс-губернаторы.

Бірақ сарапшылар Расулға дауыс берген сайлаушылардың бірден Абдулланы қолдап шығатынына күмән келтіреді. Ғани тобы да «Расулды жақтаушылардың Ашраф Ғани. Кабул, 27 сәуір 2014 жыл.

Ашраф Ғани. Кабул, 27 сәуір 2014 жыл.

барлығы бірдей Абдулланы қолдамайды» деген уәж айтады. Ең қызығы - Расулдың сайлаудағы серігі, Ахмад Шах Масудтың інісі Ахмад Зия Масудтың Абдулланы емес, Ғаниды қолдайтыны хабарланды.

Сарапшылар сайлаудың екінші турын өткізудің бірқатар қауіпті тұстарын атап отыр. Қаржылай шығынды айтпағанда, «Талибан» сайлауды пайдаланып, сойқан шығаруы мүмкін. Қосымша турда этникалық араздық өршіп кетуі де ықтимал.

Алайда Ғани тобы «Дүниежүзілік банктің бұрынғы қызметкері саяси бәсекені жалғастырады» деп мәлімдеді.

Кабул университетінің Ауғанстанды зерттеу орталығының директоры Абдул Вахид Вафа «Ғани алған бетінен қайтпайды» дейді. Оның сөзінше, сайлаудың екінші туры этникалық алауыздықты ушықтырып жіберуі мүмкін. Ал бұл – пуштун Ғаниге әбден ыңғайлы сценарий. Өйткені пуштундар – Ауғанстандағы ең ірі этникалық топ. Ресми мәліметтерге қарағанда, олар – Ауғанстан халқының 40 пайызы. Ал этникалық тәжіктер – шамамен 27 пайыз.

«Ғани тобының мынадай ішкі есебі бар: екінші турда этникалық мәселе көтеріледі де, пуштундардың 90 пайызы пуштун кандидатқа дауыс береді. Ал оныңыз – Ашраф Ғани» дейді Вафа.
Қараңыз: Орнын босатқан соң Карзай қайда барады?

Әдетте ауғандықтар кандидаттың этникалық тегіне қарап дауыс береді. Алайда осы сайлаудың алғашқы туры этникалық топтардың дауыс беру кезінде бірнеше жікке бөлініп кеткенін көрсетті. Бірақ екінші турда Абдулланы оңтүстіктегі пуштундардың жаппай қолдауы мүмкін.

Вафа «Ғаниге қысым жасалып жатыр» дейді. Ғаниге қолдау көрсеткен ықпалды тұлғалар мен саяси партиялар енді оны жарыстан шықпауға және екінші турдан бас тарту жайлы келісімге көнбеуге қыстап отыр. Себебі жаңа үкімет құрылғанда олар шетте қалуы мүмкін.

Мамырдың 11-і күні Кабулдың Intercontinental отелінде сөйлеген Залмай Расул: «Абдулланы этникалық алауыздықты болдырмау үшін қолдадым» деп мәлімдеді.

«Бас біріктіруіміздің басты мақсаты – сайлау этникалық топтардың бәсекесіне айналып кетті деген сөзді болдырмау» деді Расул. Көпшілік оны қазіргі президент Хамид Карзай қолдап отыр деп келген еді. Карзайдың өзіне үшінші рет сайлауға түсуге тыйым салынған.

Смит «Президент сарайындағы элита, әсіресе Карзай тобы президент саясатын Ғаниге қарағанда Абдулла дұрысырақ жалғастырады деп есептейді» деген болжам айтты.

Карзай биліктен ресми түрде кеткен соң да саясатқа ықпал ету ойында барын ашық айтқан еді. Абдулла да, Ғани де қазіргі президентке жаңа кабинеттен маңызды лауазым ұсынатындарын мәлімдеді.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG