Accessibility links

«Совет» пен «ауған» болып соғысқандар футбол ойнады


Бұрынғы ауған және совет жауынгерлері ойын барысында соқтығысып қалып жатты. Кабул, 18 сәуір 2013 жыл.
Бұрынғы ауған және совет жауынгерлері ойын барысында соқтығысып қалып жатты. Кабул, 18 сәуір 2013 жыл.

Сәуірдің 18-і күні ауған соғысы ардагерлері Кабул қаласында футболдан жолдастық кездесу өткізді. Бұрынғы жаулықты ұмыттыратын матчқа жұрт риза болды.

Ең соңғы рет совет және ауған солдаттары майдан шебінде жолыққан еді. Содан бері 20 жылдан аса уақыт өтті. Олар енді қайта кездесіп отыр. Бұл жолғы кездесу орны – футбол алаңы.

ЕСЕП: 1-0

Жолдастық кездесу бұрынғы совет солдаттары мен оларға қарсы соғысқан моджахедтер арасында өтті. Бұл матч оларды достастыру үшін ұйымдастырылды.

Жиылғандар «совет командасының» ойынына риза болды. Олар «моджахедтерді» 1-0 есебімен ұтты.

Көптеген ауғандар Мәскеуде кеткен еселерін әлі ұмытпаған. Өйткені Совет Одағы Ауғанстанды басып алған 10 жылдың ішінде 1 миллионға жуық ауған қаза тапты. Миллиондаған адам Ауғанстаннан қашып, босқынға айналды.

Мәліметтер бойынша, бұл соғыста 15 мың қызыл әскер опат болған.
Ауған соғысы ардагерлерінің жолдастық кездесуінің басталар сәті. Кабул, 18 сәуір 2013 жыл.
Ауған соғысы ардагерлерінің жолдастық кездесуінің басталар сәті. Кабул, 18 сәуір 2013 жыл.

Хазер Какар атты ауған журналисі Twitter-ге бұл кездесуді әжуалап «Біз «орыстарға қарсы жиһад» деп аталған соғыстан көп зардап шектік. Енді бұрынғы жау - бүгін дос. «Red bull»-ды (сусын – ред.) ішіп қоялық. Қадірлі моджахедтер мен Совет Одағының солдаттары! Бұл матчты сіздер бір-бірлеріңізбен соғыспай, миллиондаған адамдарды өлтірмей тұрғанда ойнауларыңыз керек еді» деп жазған.

Facebook әлеуметтік желісінде Ахмад Ширин атты қолданушы ащы мысқылмен «бұл ойын біздің жиһадшылардың бетіне тиген шапалақ болды» деп жазған.

Ауғанстан билігі бұл ойын туралы алдын ала хабарландыру таратқан жоқ. Өйткені ойын кезінде қақтығыс шығып кетеді деп қауіптенді. 5 мыңнан артық адам сыятын Ауғанстан футбол федерациясының стадионындағы кездесуді көруге бірнеше жүз адам ғана келген. Олардың барлығы да тыныш отырған.

Ойын басталардың алдында екі команда суретке түсу үшін тізіліп тұра қалған. Олардың ортасында Панджшер провинциясының губернаторы Керамуддин Керан тұрған. Кездесуді ондаған ауған полицейлері бақылаған.

Кабул қаласы теңіз деңгейінен 1 мың 700 метр биіктікте болғандықтан, ойын уақыты әдеттегі 90 минуттан 60 минутқа қысқартылды.

Ауғанстанда дәл осындай тағы екі кездесу жоспарланған. Біреуі жұма, сәуірдің 19-ы күні совет басқыншылығына қарсылықтың бастионы болған Панджшер аймағының солтүстігінде өтеді. Екіншісі жексенбі күні Балх провинциясының Мазари-Шариф қаласында өтеді.

ФУТБОЛ МЕН САЯСАТ

Бұл кездесулер Ресей мен Ауғанстан қарым-қатынастарының жақсара түскен тұсында өтіп жатыр. Мәскеу Ауғанстанға көмек ретінде гидроэнергетика және инфрақұрылым саласында бірнеше жобаны іске асыруға кірісті. Ресей жақында Ауғанстанның 12 миллиард доллар қарызын қайтармауға келісті.
Ресей президенті Дмитрий Медведев (сол жақта) пен Ауғанстан президенті Хамид Карзай. Сочи, 18 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей президенті Дмитрий Медведев (сол жақта) пен Ауғанстан президенті Хамид Карзай. Сочи, 18 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, Мәскеу Ауғанстанға 2014 жылы НАТО әскері шығарылғаннан кейін әскери техниканы жөндеуге және сақтауға көмектесу үшін мамандар жібермек.

Ауғанстандағы әскери техниканы (сауытты техника мен тікұшақтар) жөндеп-күтуден бөлек, Мәскеу Ауғанстанға Орталық Азия арқылы баратын көлік жолдарын кеңейтпек. «Солтүстік жолы» аталып кеткен әскери маршрут батыс әскері бұл елден шығарылғаннан кейін де Ауғанстан әскерін керекті жабдықтармен қамтамасыз етуге қажет.
XS
SM
MD
LG