Accessibility links

Ауғанстанның солтүстігінде ағаш егіп, маңайын бау-бақшаға айналдырған үйсіз-күйсіз қария өмір сүреді.

70 жастағы Гулам Сахи ес білгелі жүрген жерінде тұт, шие, қара өрік, тал, терек егумен келеді.

"Өткен-кеткен жолаушы мен еккен ағаштардың жемісінен дәм татып, көлеңкесінде тыныстасын деймін. Жақын маңда өзен, не бұлақ болмаса, ағаштарымды суару үшін сол жерден құдық қазамын" дейді ақсақал.

Ауғанстанның біршама тыныш солтүстік аймағындағы Бануу ауылында тұратын халық ол кісіні «Маланг» деп атап кеткен. Ол сөз «өмірін құдайға құлшылық пен адамдарға қызмет етуге арнаған, дүниеге қызықпайтын пенде» деген мағынаны білдіреді.

40 жыл ішінде ол Бағлан уәлаятындағы Андараб, Души және Нахрин аудандарында 13 бақ өсірген. Қария жұмыс істеп тапқан ақшасын сүйікті кәсібіне жұмсайды.

"Жұмысшы, фермер, ауруханада қарауыл болып та істедім. Қазір медреседе күзетшімін. Тапқан ақшамды көшет сатып алып, оларды бір жерден екінші жерге жеткізуге жұмсаймын" дейді Гулам Сахи.

Ол ешқашан үйленбеген, әке-шешесінен қалған лашық үйдің бір бөлмесінде бауырының отбасымен бірге тұрады.

Осы кезге дейін жиған мүлкі – ескі кілем, екі көпшік және бірнеше көрпе. Сахиге ата-анасынан Бануу ауылының сыртынан суармалы жер мұраға қалыпты. Күш-қайраты бар кезінде ол сол жерге қауын егуді кәсіп еткен.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, Сахи ақсақал қап толы қауынын арқалап, үй-үйді аралап жүріп жемістерін кедей-кепшік, жоқ-жітікке таратқан екен.

Өзінің айтуынша, қазір қауын өсіруге шамасы келмей қалған. Есесіне бақтарын аралап, суаруға қауқары әлі жетеді. Өмірлік кәсібі қарияға ешқандай пайда түсірмеген, бірақ ол кісі «өмірлік мақсатым – ағаш егу» дейді.

ВИДЕО: Гулам Сахи ағаш егіп жүр

"Бала күнімде ақсақалдардың «басқаларға пайда келтіретін істің сауабы көп» дегенін естідім. Сол күні бүкіл өмірімді ағаш өсіруге арнаймын деген шешім қабылдадым, себебі адамдарға пайда келтіретін басқа ештеңе ойлап таба алмадым" дейді Гулам Сахи.

Ол өз кәсібін Алла алдында сауапты іс деп есептейді.

"Мен өсірген ағаштардың кейбірі қартайып, қурай бастады. Ауыл тұрғындары оларды отап, мешіттерді жылытуға пайдаланады. Халық ағаштарымның жемісін жейді, ыстық күнде саясында отырып пана табады, қыста үйін жылытады" дейді қарт.

Сахи ақсақал саясатқа, ауылынан 220 километр қашықтықта жатқан Кабулдағы қала өміріне мүлдем қызықпайды. Қарияның 70 жылдық ғұмырында Ауғанстанда бірнеше рет билік ауысып, соғыстар болды, бірақ бұл оқиғалардың ешқайсысы оның өмірлік қағидасына әсер етпеген.

Ол кедей тұрмыс кешіп, ағаш егіп, кәсіп қылып келеді. Еңбегі мен сауапты ісінің арқасында "қарапайым Маланг" маңайын бау-бақшаға айналдырған.

"Көктем сайын Сахи ақсақал ауыл маңында 20-30 түп көшет егеді. Мұның барлығын өз еңбегімен, өз ақшасына жасайды. Осы маңда Шикардгирд деген ауыл бар. Сонда Сахидің жалғыз өзі өсірген бақ пен өзі қазған құдық бар" дейді оның ауылдасы Абдул Махмуд.

(Башир Ахмед Гезали мен Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG