Accessibility links

Ауған үкіметі cыртқа кетушілер легін тежемекші


Ауғанстан мен Палестина боқсындары Грекиядағы полиция бөлімшесінің қасында отыр. Неа Висса, 8 қазан 2010 жыл.

Ауғанстан мен Палестина боқсындары Грекиядағы полиция бөлімшесінің қасында отыр. Неа Висса, 8 қазан 2010 жыл.

Ауғанстан тұрғындарға заңсыз миграцияның қауіптерін ескертетін ақпараттандыру науқанын бастады. Елден шетел әскері шығатын күн таяған сайын сыртқа босып кетушілер көбейген.

Ұзақ уақыт соғыстан көз ашпаған ауған елі «заңсыз мигранттар мен саяси баспана сұраушылардың отаны» деген атқа ие болып, босқындарды қабылдап жатқан елдердің сынына ұшырап келеді.

«МАҚСАТ – ҚАУІП-ҚАТЕРДІ ТҮСІНДІРУ»

Ауған үкіметі соңғы уақытта ел арасында күшейген шетелге үдере көшудің қауіпті екені туралы ақпарат тарату науқанын бастады.

2012 жылғы мәлімет бойынша, 80-ге жуық елге 2 миллион 600 мың азаматы қашып барған Ауғанстан босқындар саны бойынша әлемде 1-орынға шыққан.

Бұл елден НАТО әскері 2014 жылы шығарылады. Осы мерзім жақындаған сайын елден кеткісі келетіндердің саны арта ма деген қауіп бар.

Халықаралық миграция ұйымының (IOM) Кабулдағы кеңсесінің ресми өкілі Сыдық Хазратзай «Ауғандардың көбі бастарын қандай қатерге тігіп отырғандарын білмейді» дейді.

Халықаралық миграция ұйымы Ауғанстанның босқындар және репатрианттар, еңбек және әлеуметтік қатынастар министрліктерімен, БҰҰ-ның Балалар қорымен бірлесе отырып, Ауғанстанның 34 аймағында құлақтандыру науқанын бастады. Халықаралық миграция ұйымының (IOM) Кабулдағы кеңсесінің өкілі Сыдық Хазратзай:

БҰҰ-ның босқындарға арналған лагері. Ауғанстан, Кабул, 20 маусым 2013 жыл.

БҰҰ-ның босқындарға арналған лагері. Ауғанстан, Кабул, 20 маусым 2013 жыл.

- Науқанның мақсаты – халыққа қабылдаушы елдердегі миграциялық саясаттың қатаңдауы, адам саудасымен айналысатын қылмыскерлердің қолына түсу қаупі, діттеген елге жету жолындағы басқа да қауіп-қатерлер жайлы жан-жақты ақпарат беру, - дейді.

Шараны жүзеге асыру кезінде негізгі жұмысты мемлекеттік ақпарат құралдары атқармақ. Сонымен қатар Кабул мен басқа да үлкен қалаларда қоғамдық орындарға заңсыз миграцияның қаупін баяндайтын постерлер ілінбек.

Ауылдық жерлерде бұл науқанды имамдар мен ақсақалдар жүргізеді. Олар тиісті ақпараттарды мешіттердегі уағыз немесе басқа да кездесулер кезінде таратпақ.

ТӨРТ БОСҚЫННЫҢ БІРІ - АУҒАНДЫҚ

Қарулы қақтығыстар, кедейлік пен болашаққа деген сенімсіздік миллиондаған ауғанды шетелге көшуге мәжбүр етті.

БҰҰ-ның жақында жариялаған есебінде «әлемдегі төрт босқынның біреуі – Ауғанстан азаматы» деген мәлімет бар.

БҰҰ статистикасында «соңғы екі жылда түрлі елдерден саяси баспана сұрап өтініш берген ауғандардың саны 30 пайызға артқаны» көрсетілген.

Хазратзайдың айтуынша, «ауылдардағы ауған жігіттері жұмыс іздеп, көрші Иран мен Пәкістанға өтіп кетеді».

- Қала тұрғындары мен кәсіби білімі бар мамандар алысырақ елдерге, көбіне Еуропа мен Австралияға кетуге талпынады. Ауғанстаннан кеткен заңсыз мигранттардың нақты статистикасы жоқ, себебі олар діттеген елдеріне заңсыз адам тасымалдаушылардың көмегімен барады. Олар мемлекеттік шекараны полиция бақылауы жоқ жерлерден кесіп өтеді, - дейді ол.

Ауған мигранттары тамақ ішу үшін кезекте тұр. Франция, Кале, қараша 2009 жыл.

Ауған мигранттары тамақ ішу үшін кезекте тұр. Франция, Кале, қараша 2009 жыл.

​Саяси баспана сұраушылар заңсыз делдалдарға Еуропа, Солтүстік Америка және Австралияға жеткізу үшін 20 мың АҚШ долларына дейін ақы төлейді.

Ауған үкіметі азаматтарға «эммигранттар барар жолда зорлыққа ұшырауы немесе тасымалдаушылардың оларды жолда қалдырып кетуі мүмкін екенін, кейде қабылдаушы елдердің үкіметі оларды Ауғанстанға кері депортациялайтынын» ескертеді.

«ҚАЙЫҚПЕН ҚАШҚАНДАР СУҒА КЕТУІ МҮМКІН»

Австралия мен Еуропаға заңсыз аттанған адамдар көбінесе сапасы нашар, шамадан тыс көп адам тиелген қайықтарға мінеді.

Халықаралық миграция ұйымының мәліметі бойынша, «2012 жылдың желтоқсан айында Түркиядан Грекияға қайықпен жетпек болған 26 ауған босқыны суға батып кеткен».

Австралия үкіметінің хабарлауынша, бұл елге Индонезия порты арқылы қайықпен босып келетіндердің көпшілігі - Ауғанстан, Иран, Ирак және Шри-Ланка азаматтары.

Соңғы жылдары нашар жабықталған, ескі қайықтар аударылып, жүздеген босқын суға кеткен.

Кристмас аралы маңында апатқа ұшыраған босқындар кемесі. 15 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Кристмас аралы маңында апатқа ұшыраған босқындар кемесі. 15 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Бұл жағдай Австралияны босқындарға қатысты жаңа ереже қабылдауға мәжбүр етті. Бұдан бұлай Австралияға бет алған босқындар жақын жердегі Папуа-Жаңа Гвинеяға жөнелтілмек. Биыл шілдеде Австралия мен Папуа-Жаңа Гвинея осы ережені бекітетін келісімге қол қойды.

Австралия ақпарат құралдарының хабарлауынша, заңсыз эммигранттарды көрші елге жөнелту саясаты жемісін беріп, елге келіп жататын босқындар мінген қайықтар саны азайған. Алайда жаңа ереже жарияланған соң да жағалауға осындай бірнеше қайық жүзіп келген. Өткен аптада 100-ден астам эммигрант мінген кеме Австралияның солтүстігіндегі Кристмас аралы маңында апатқа ұшырады. Батып бара жатқан кемедегі 105 жолаушы құтқарылды.

«АУҒАНСТАНДА БОЛАШАҚ ЖОҚ»

19 жастағы Кабул тұрғыны Ахмад Матеулла «үкіметтің құлақтандыру науқанының жолға жиналып отырғандарды райынан қайтара алмайтынын» айтады.

- Елдегі жағдай жұртты түрлі қауіп-қатерге қарамастан қашуға мәжбүр етіп отыр. Кабулда күн сайын жарылыс жасалады не жанкешті шабуыл жасайды. Мұнымен қоса халық экономикалық себептермен де көшіп кетіп жатыр, - дейді ол.

Матеулланың өзі «Еуропаға барып, туыстарын паналауды ойластырып жүргенін» айтады. Биылғы жылдың басында ол Иран шекарасын кесіп өтуге әрекет жасап көрген.

Ауғанстандағы босқындар лагерінде отырған отбасы. Кабул, 8 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Ауғанстандағы босқындар лагерінде отырған отбасы. Кабул, 8 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

- Мен үшін Ауғанстанда ешқандай болашақ жоқ. Мұнда таныстарың болмаса, не пара бермесең, ешқандай жұмысқа тұра алмайсың, - дейді ол.

Ахмад Матеулланың айтуынша, «көршісі Бельгияға жеткізуге уәде берген заңсыз тасымалдаушыларға 14 мың АҚШ долларын төлеген». Өзі де қандай жолмен болса да Ауғанстаннан кетудің амалын қарастырып жүр.

Фарангиз Наджибулла мен Хан Мұхаммад Сииндтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG