Accessibility links

Түсік жасатпақ болған ауған әйел алты бала тапты


Мазар-е Шарифте бір анадан қатар туған алты сәби. 25 қаңтар 2012 жыл

Мазар-е Шарифте бір анадан қатар туған алты сәби. 25 қаңтар 2012 жыл

Солтүстік Ауғанстандағы Балх аймағында жергілікті басшылар бір уақытта алты баланы қатар босанып, оларды қалай бағамын деп уайымдап отырған жас анаға жәрдем көрсетпекші. Сара Гүл қаңтардың 24 күні үш ұл мен үш қыз босанды.


Ауғандық алты нәрестенің алаңдап отырған анасы жуық арада арқасын кеңге салып дем ала алмас. Бірақ бір құшақ боп қатар келген алты қуанышын кеудесіне қысып, мауқын басатын күні жақын.

Сара Гүл Ауғанстанның солтүстігіндегі Мазар-е Шариф қаласында қаңтардың 24-і күні босана салып, бірден алты нәрестелі болғанына қуанған еді. Алайда 23 жасар кедей отбасынан шыққан келіншек үш ұл мен үш қыздың болашақ қамын ойлап кәдімгідей уайымдап отыр.

Босанған күні Азаттық тілшісіне перзентханада берген сұқбатында, Гүл күйеуі Шукрулла екеуі отбасының болмашы табысын бір күннен бір күнге жалғау үшін жанталасып жүрміз деді. Ол аяғы ауыр кезінде тіпті өз еркімен түсік жасатуға әркеттенгеннін айтты.

Азаттық радиосының Ауған қызметіне берген сұқбатында алты сәбидің анасы мұншама баланы асырау үшін жергілікті биліктен қаржылай көмек күтетіндігін жеткізді.
Алты сәби қатар тапқан Сара Гүл. Мазар-е Шариф, 25 қаңтар 2012 жыл

Алты сәби қатар тапқан Сара Гүл. Мазар-е Шариф, 25 қаңтар 2012 жыл


Қаңтардың 25-і оған біраз жеңілдіктер жасалды. Балх облысының әкімі Гүлге жәрдем ретінде 1000 доллар ақша береміз деп уәде беріп отырғанда, Мазар-е Шарифтегі ол босанған перзентхана әкімшілігі оған 6000 афғани (120 доллар) жәрдемақы берген.

Алты балаға аяғы ауыр екендігін білген соң, Гүл мен оның 27 жасар күйеуінің өмірлері көп өзгеріске ұшыраған.

Олар туған ауылдарынан Шукрулла жұмыс тауып алар деген үмітпен Мазар-е Шарифке көшуге мәжбүр болған.

Ерлі зайыптылардың шектен шыққан кедейшіліктері құрсақтағы тіршілікті тоқтату туралы ойларға да жетелеген.

- Мен алты балаға аяғымның ауыр болғанына қуанған жоқпын, қала берді түсік тастағым келді. Бірақ, ол іске аспады. Мен неше түрлі дәрі іштім, қабырғадан секірдім, түк шықпады, - дейді Сара Гүл.

Босанатын уақыт жақындаған кезде Гүлдің қорқынышы сейілген.

- Біз өте кедейміз, бізге босанған кезде жәрдем беретін дәрігердің болатынына сенімді емес едім. Оның үстіне ішіп-жейтін ас-ауқатқа да зармыз, - дейді ол.

Мазар-е Шарифтің перзентханасында жұмыс істейтін Малайя есімді акушер қыздың айтуынша, алты бала уақытынан бұрын туғанымен әзірше жас ананың да, шақалақтардың да халдері жақсы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG