Accessibility links

Ауған әйелі «Талибан» содырларынан кек алды


Ұлы атыста қаза тапқан Резагүл қызы, келіні және кіші ұлымен отыр. Ауғанстан, Фатах провинциясы.

Ұлы атыста қаза тапқан Резагүл қызы, келіні және кіші ұлымен отыр. Ауғанстан, Фатах провинциясы.

Ауған әйелі «Талибан» қолынан қаза тапқан ұлының кегін алу үшін содырлармен атысқанын айтады. Қарулы қақтығыстан 20-дан астам содыр қаза тапқан.

Резагүл полицияға «Талибан» содырлары шабуылын тойтаруға көмектесу үшін, бір жағынан полиция офицері болған 27 жасар ұлының қазасы үшін кек қайтаруды көздеп, тапанша мен гранаталар алып шыққанын айтады. «Талибан» содырлары қарашаның 17-сі күні Ауғанстанның батысындағы Фарах провинциясында бақылау-өткізу бекетіне шабуылдаған еді.

«ТАЛИБАНМЕН» СОҒЫСҚАН ОТБАСЫ

Азаттықтың Ауған қызметіне сұхбат берген Резагүл «Қаным қарайғаны сонша, қолыма тапанша алып, оларды ата бастадым, граната лақтырдым. Жақындағанын аттым. Олар да бізге оқ жаудырды, біз де аттық» дейді.

Тек атын ғана айтқан Резагүл Фарах өңірінің Бала Булук ауданында болған атыста «жалғыз өзі он шақты тәліпті өлтіргенін» айтады.

Резагүлдің сөзіне қарағанда, таңертең үйінің қасындағы Ганжабад бақылау-өткізу бекетіне «Талибан» содырлары шабуыл жасаған. Бекетте оның күйеуі Абдул Саттар мен ұлы, тағы екі полиция офицері болған.

Жергілікті шенеуніктер сол күні «Талибан» содырларының Ганжабадқа ғана емес, Бала Булуктағы бірнеше жерге шабуыл ұйымдастырғанын айтады.

Резагүл «Шабуыл таңғы сағат бесте басталды. Олар Калашников автоматы, қолдан жасалған граната және басқа да қарулармен шабуылдады» дейді. Екі бірдей туысы полиция қызметкері болғандықтан, Резагүлге қару таңсық емес. Бірақ ол бұрын мылтық атып көрмегенін айтады.

Резагүлдің айтуынша, оның қызы мен келіні, кіші ұлы да атысқа қатысқан. Резагүлдің келіні Фатима «Мен атыс кезінде Калашников автоматтарын оқтап тұрдым. Граната да лақтырдым. Аяғыма оқ тиді. Жұбайым опат болды» дейді.

Әйелдердің айтуынша, атыс кешке дейін, содырлар шегінгенше болған. Жергілікті әскерилер «Бала Булуктағы шайқаста 27 содыр қаза тауып, 32-сі жараланды» деген ақпарат таратты.

Фарах полициясының бастығы Абдул Раззақ Яқуби Резагүлдің сөзін растап, оның отбасын мақтады. Ол «ерекше ерлік көрсеткен ауған әйелдеріне риза» екенін мәлімдеді.

Аудан губернаторы Мулла Саид Мохаммад «Талибан» содырларының жергілікті әкімдік ғимаратына, бірнеше полиция бекетіне шабуыл жасап, қауіпсіздік органдары қызметкерлерімен атысқанын» айтады.

«ТАЛИБАН» БІЗДІ ЖЕҢЕ АЛМАЙДЫ»

Шенеуніктер «Талибан» шабуылдарына 700 содырдың қатысқанын мәлімдеді. Бірақ бұл деректі растаған тәуелсіз дереккөз жоқ. «Талибан» тарапынан да ешқандай ақпарат болмады. Шенеуніктер «Талибан» шабуылдары сәтсіз болған кездерде үнсіз қалады» дейді.

Резагүл қарулы қақтығыстан үйінің тас-талқаны шыққанын айтады. Ол «Бәрінен айрылдық: бар ақшамыз, ыдыс-аяқ, терезе – бәрі өртеніп кетті. Бірақ форпосты қорғап қалдық» дейді мақтанышпен.

Бұл отбасы провинция билігі тауып берген, саман кірпіштен соғылған жер үйде тұрады. Резагүлдің кіші ұлы – 15 жасар Сардар Мохаммад атыс кезінде оқ пен граната тасыған. Жергілікті тілшілерге Сардар «Талибан» бізді жеңе алмайды» деді.

(Фарангис Наджибулла мен Ахмад Фитраттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG