Accessibility links

Ауғанстан әйел құқықтарын шектей бастады


Боянып отырған ауғандық әйел. Көрнекі сурет.

Боянып отырған ауғандық әйел. Көрнекі сурет.

Ауғанстанның ықпалды дінбасы жақында қабылданған әйелдердің құқығын шектейтін қатаң пәтуаны қолдады.

Сегіз баптан тұратын бұл пәтуаны елдің солтүстігінде орналасқан Бағлан провинциясына қарасты Дех Салах ауданының жергілікті діни кеңесі – улема өткен айда қабылдаған. Жаңа енгізілген ережелердің бірі әйел адамның күйеуінсіз үйінен шығуына тыйым салса, енді бірі «исламға жат» деп саналатын әрі «зинақорлыққа шақыратын» опа-далапты сатуға шек қояды.

Ауғанстандағы Талибан билігі кезіндегі қатаң заңдарды қайта еске түсірген бұл пәтуаға адам құқықтарын қорғаушы белсенділер мен аймақ жұртшылығы наразылық танытты. Мұндай заңдарды қабылдауға тек жоғары дінбасылардың қақысы бар, ал ықпалды діни тұлғалар осыған дейін бұл мәселеге қатысты пікір білдірмей келген еді.

Ауғанстан президентінің кеңесшісі, елдегі ең жоғары діни ұйым – Ғұламалар кеңесінің мүшесі Маулауи Енаятулла Балиғ бұл тыныштықты бұзып, опа-далап дүкендерінің жабылуы мәселесін талқылау кезінде қатаң пәтуаларды жақтай сөйледі. «Бұл дүкендердің жұмыс істеуіне жол беруге болмайды, дүкендер зинақорлық емес, бизнес үшін қызмет етуі керек» деді ол шілденің 20-сында Reuters агенттігіне берген сұхбатында.

ЗАҢНАН ДА ЖОҒАРЫ ТҰРАТЫН ДІН

Сонымен қатар жаңа пәтуа әйелдердің емханаға күйеуінсіз баруына тыйым салып, олардың шариғат талаптарына сай киінуі қажеттігін ескертеді, бірақ киім үлгісі жайлы нақты айтылмаған. Пәтуада бұл ережелерге бағынбағандар «жазаланады» деп жазылғанмен, жазаның түрі нақтыланбаған. Талибан заманында полиция тәртіпке бағынбаған әйелдерге жұрт алдында дүре соғатын.

2014 жылдың соңына жоспарланған Ауғанстандағы шетел әскерін шығаратын күн тақаған сайын елдегі әйелдердің құқықтарына қатысты дау да күшейіп барады. Халықаралық бақылау бәсеңсігелі бері ықпалды дін өкілдері мен консервативтік топтар әйелдердің құқықтарын шектеуге тырысып жатыр.

Хазірет Әли мешіті маңынан өтіп бара жатқан паранжа киген әйелдер. Мазар-и Шариф. Көрнекі сурет.

Хазірет Әли мешіті маңынан өтіп бара жатқан паранжа киген әйелдер. Мазар-и Шариф. Көрнекі сурет.

Әсіредіншіл, әрі консервативтік қоғам қалыптасқан Ауғанстанда дін заңнан да жоғары тұрады. Яғни, ауған әйелдерінің ел конституциясында кепілдік берілген бостандықтарына ие болып, құқықтарын пайдалануына діни тұлғалар көбіне-көп тосқауыл қойып жатады.

Елдегі дінбасылардың ықпалы сонша - тіпті әйел депутаттар мен белсенділер әйел құқықтарын қорғауда жетістікке жету үшін олармен ымыраласуға мәжбүр.

Әйелдердің құқықтарын қорғаушы, әрі депутат Фаузия Куфидің өзі «дінбасылардың қолдауы болмайынша, шетел әскері кеткен күні әйелдердің осыған дейін жеткен жетістіктерінің күлі көкке ұшады» деген.

«Молдалардың айтқаны – заң, себебі біз ислам мемлекетіміз, мешіттерді әйелдерге қарсы пайдаланылып жатыр, оларды неге әйелдердің игілігі үшін пайдаланбасқа?» деді Куфи ханым Reuters агенттігіне берген сұхбатында.

«ӘЙЕЛДЕН БҰРЫН ЕСІРТКІНІ НЕГЕ КӨРМЕЙДІ?»

80 мың тұрғыны бар Дех Салах ауданы тұрғындарының көпшілігі улеманың шешімімен келіспейді және дінбасылар халыққа қыр көрсетіп отыр деп санайды.

Атын атамауды өтініп, Азаттық радиосының ауған қызметіне сұхбат берген Дех Салах тұрғыны бұл шешім – әйелдерді басып-жаныштауға сылтау болады дейді.

Өзен бойында есірткі шегіп отырған адамдар. Кабул. Көрнекі сурет.

Өзен бойында есірткі шегіп отырған адамдар. Кабул. Көрнекі сурет.

- Ғұламалар кеңесі мүшелері опа-далап дүкендеріне қатысты пікір айтып отырғанда үйлерінің алды мен мешіттердің маңайында гашиш, апиын сияқты есірткі өнімдерінің сатылып жатқанын неге байқамайды? Есірткіден мың-мыңдап кісі қырылып жатыр. Ауғанстанның бұдан басқа шешілмеген мәселесі шаш-етектен. Олар бұл мәселелерге қатысты ешқандай шешім шығарған жоқ, – деді аудан тұрғыны.

Дех Салахтың әкімі болған Абдул Расул жергілікті діни кеңес мүшелерінің қысымынан соң опа-далап дүкендерін жабу туралы шешім шығарды. Кеңес мүшелері «айтқанды орындамасаң, дүкендерді өртейміз» деп қорқытқан соң ол көнуге мәжбүр болған. Шілденің 6-сы күні оны дүкенін жапқысы келмеген саудагер атып өлтірді.

Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG