Accessibility links

Ел көзінше атылған әйелдің өлімі дау тудырды


Ауған әйелін сотсыз ату
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:59 0:00

Зинақорлық қылды деп айыпталған ауған әйелді ату көрінісі.

Ауғанстанда жұрттың көзінше атылған жас әйелдің видеосы интернетті шарлап кетті. Бұл оқиға бірқатар саясаткерлер мен мұсылман әлімдердің жиіркенішін тудырып отыр.

Ауғанстанның Парван уәлаятында зина жасады деген күдікпен 22 жасар Наджиба есімді келіншекті Талибан мүшелері деп сипатталған қарулы адам ел көзінше атып тастаған. Бұл оқиға бойынша қазір қылмыстық іс қозғалды.

ТУ СЫРТЫНАН ТИГЕН ОҚ

Өлім жазасы орындалған сәттің видеосы Reuters агенттігі журналистерінің қолына түскен. Бейнекөріністе бір топ ер адам әйелді қоршап тұр. Әуелі олар дұға оқып, діни рәсім өтейді. Одан соң еркек адам жүресінен отырған жас келіншекке тақап келіп, мылтықпен арқасынан атқылайды.

Оқиға Парван уәлаятында Шинвари ауданы Кимчок ауылында болған. Бұл ауыл Кабулден шамамен 100 километр жерде, Ауғанстан астанасының іргесінде тұр. Оның үстіне Парванда АҚШ-тың «Баграм» әскери базасы да орналасқан.

Бұл қылмысты Талибан жасады деген ақпарат тарады. Билік Талибанның ықпалы бұл провинцияда жоқ деп келген. Ақпанда ғана уәлаят губернаторы Абдул Башир Саланги аймақты ел қауіпсіздігінің тірегі деп атаған еді. Қазір Шинвари ауданына Ауғанстан армиясы мен халықаралық әскер кіргізілген. Оларға жас келіншекті атып өлтіргендерді табу жүктелген.
Ауғанстанның Парван уәлаятында орындалған әйелді ату жазасы
Ауғанстанның Парван уәлаятында орындалған әйелді ату жазасы

Бұл видео халықаралық қоғамдастық пен Ауғанстан халқының наразылығын тудырды. Инциденттің кейбір жайттары да белгілі бола бастады. Абдул Башир Салангидің айтуынша, Талибанның екі командирі бұл әйелмен ашына қатынаста болған. Олардың әйелді зорлағандары, не өз келісімімен жыныстық қатынас жасағандары белгісіз. Осы күнәларын жасыру үшін бұл екі Талибан өкілі – біреуінің аты Азатулла, екіншісінің есімі Қадыр – бірнеше сағаттың ішінде әйелдің көзін жойған.

Талибан өз адамдарының бұл оқиғаға қатысы болғанын ресми түрде теріске шығарған мәлімдеме жасады. Билік өкілдерінің айтуынша, Талибан бұл іске қатысы барын мойындамауға мәжбүр. Өйткені олардың бұл қылығы шариғатқа қайшы. Қазір бұл ислам жасағының командирі Мурза Хан жаңа айтылған екі адамды жасаған қылмыстары үшін атып тастаған деген қауесет шықты.

ОРТА ҒАСЫРҒА ОРАЛУ

Үкімет бұл қылмысты «мұсылмандық пен адамшылыққа жат» деп атады. Ауғанстан ішкі істер министрлігінің өкілінің мәлімдеуінше, үкімет бұл қылмысты жасаған адамды табу үшін мұқият тексеру жүргізеді.

Ауған президенті Хамид Карзай шілденің 9-ы күнгі үндеуінде бұл оқиғаны жиіркенішті және кешіруге болмайтын қылмыс деп атады.

– Мұндай қылмысқа қасиетті ислам діні тарапынан да, елдің заңы тарапынан да кешірім болмауы керек, – деді Хамид Карзай.

Ауғанстандағы НАТО күштерінің басшысы, америкалық генерал Джон Аллен әйелдің өлімін «жантүршігерлік айуандық» деп атады.
Баласымен көлеңкеде демалып жатқан әйел. Джалалабад, 8 шілде 2012 жыл
Баласымен көлеңкеде демалып жатқан әйел. Джалалабад, 8 шілде 2012 жыл

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Уильям Хейг «бұл оқиғаға айран-асып болып, жиіркенгенін» айтты.

Ауған парламентінің өкілі Фаузия Куфи адам өлтірушілерді айыптап, «ел астанасының дәл түбінде, жүздеген адамның көз алдында қалайша мұндай қылмыс жасалды» деген сауалға жауап іздеді.

2014 жылы өтетін президент сайлауына қатысу ниеті бар Куфидің айтуынша, «бұл қылмыс ауған әйелдеріне көп жақсылық жасағанын айта беретін ел үкіметінің иегінің астында болды».

ТЕРІС ШАРИҒАТ

Кез-келген жазаны, әсіресе, өлім жазасын жұрт көзінше орындау елді Талибан басқарған 1996-2001 жылдары кең тараған. Бірақ Талибан билігі құлағанмен, ауған әйелдерінің жағдайы жақсара қойған жоқ.

Ауғанстандағы адам құқығы жөніндегі тәуелсіз комиссия басшысы Муса Махмудидің айтуынша, «қаншама іс атқарылса да, әйелдер әлі күнге дейін Ауғанстанда зорлық-зомбылық шегушілердің алдыңғы қатарында қала берді». Комиссияның дерегіне қарағанда, мұндай оқиға соңғы жылдары күрт көбейген.

Бірнеше күн бұрын елдің шығысында бір әйел мен екі баланың бастарын шауып тастаған. Полицияның айтуынша, бала-шағасын өлтірген еркектің бұл қылмысты жасауына да "ар-намыс" мәселесінің қатысы бар.
Талибан мүшелері. Көрнекі сурет
Талибан мүшелері. Көрнекі сурет

Мұндай жазалау әрекеттерін бірқатар жергілікті имамдар мен әлімдер Ислам дініне қайшы деп біледі. Шариғат бойынша жұбайларының көзіне шөп салған үйлі-баранды адамдарды таспен атып өлтіруге бұйырса болады.

Бірақ ауғанстандық әлімдер, қарапайым азаматтар, тіпті, Талибан өкілдері Парванда өлген 22 жастағы Наджибаны ату кезінде мұсылмандық шарттары сақталған жоқ деп есептейді.

Ауғанстанның шығысында тұратын мұсылман ғалымы Маулави Ханафи Азаттық тілшісіне Наджиба шариғат бойынша емес, төтенше жағдайда сотсыз атылды деп есептейді.

- Шынайы мұсылман әлімдер мұндай сотсыз үкімдерге тыйым салулары керек. Мысалы, қандай да бір қылмыс жасалса, куәгер мен дәлел болуы шарт. Әрбір үкім дәлелге негізделуі тиіс, - деді ол.

Ал Ауғанстандағы Талибанның өкілі Забинулла Муджахид Парвандағы жас әйел шариғат бойынша емес, жергілікті рудың өз дәстүріне сәйкес өлім жазасына кесілген деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG