Accessibility links

Ауғандар шетел әскерінен соңғы өміріне алаң


Қауіпсіздік басқармасында оқ-дәрі жарылған соң басқарма ауласын күзетіп тұрған ауған сарбаздары. Кабул, 12 желтоқсан 2013 жыл.

Қауіпсіздік басқармасында оқ-дәрі жарылған соң басқарма ауласын күзетіп тұрған ауған сарбаздары. Кабул, 12 желтоқсан 2013 жыл.

Ауғанстан президенті Хамид Карзай АҚШ әскерінің елден кетуін толық қолдайды. Алайда жұрттың көбі әскер кеткен соң жағдай ушыға ма деп алаңдайды.

Ауған үкіметі АҚШ әскерінің елден ертерек кетуін құп көреді. Алайда Ауғанстанның көптеген азаматтары Вашингтон әскері кеткен соң күніміз не болады деп алаңдайды. Себебі АҚШ Ауғанстанның негізгі одақтасы, әрі қорғаушысы болып келеді.

НАТО-ның Ауғанстандағы миссиясы аяқталған соң да шетел әскері бұл елде 10 жылдай қала береді деген болжам болған. Қауіпсіздік жөніндегі екіжақты келісімде АҚШ пен Ауғанстан осындай ұйғарымға келген. Алайда ауған тарапы ол құжатқа әлі қол қоймай отыр. Вашингтон әскері Ауғанстанда қалу үшін осы келісім күшіне енуі керек.

ҚАНША САРБАЗ ҚАЛАДЫ?

Алайда АҚШ президенті Барак Обама өткен аптада: «Вашингтон келесі жылдан бастап Ауғанстанда тек 9 800 жасақ ұстайды. Бұл жасақты 2016 жылдың соңына қарай алып кетеміз» деп мәлімдеді.

Ауғанстан жұртшылығы АҚШ-тың әскери және қаржылық міндеттерін орындайтынына күмәнмен қарап келген еді. Бірақ енді халықтың көбі «Әлі машықтанбаған ауған қарулы күштері шетелдің көмегінсіз талибтермен қалай күреседі?» деп үрейленіп отыр. Көпшілік шетел әскері түгел кетіп қалса, қайтадан аласапыран басталады-ау деп қауіптенеді.

Кабул университетінің Ауғанстанды зерттеу орталығының директоры Абдул Вахид Вафа «Ауған саяси элитасы болашағына алаңдап отыр» дейді. «АҚШ-тың Ауғанстанды қолдауға, бұл жерде әскер ұстауға құлқы бар ма - мәселе осында» дейді ол. Вафаның дерегіне қарағанда, «АҚШ әскерилері Ауғанстан ұлттық армиясы мен полициясын қолдауға 4 миллиард доллар қажет екенін айтқан».

New America қорының Орталық Азия бойынша ғылыми қызметкері, Ауғанстанның Франция мен Канададағы бұрынғы елшісі Омар Самад: «Вашингтонның әскерді Ауғанстаннан екі жыл ішінде алып кету туралы шешім қабылдауы АҚШ-тың Ауғанстан мәселесіне араласуға құлықсыз екенін білдіреді» дейді.

Самадтың айтуынша, «бұл АҚШ енді Ауғанстанға және дүниенің осы аймағына өткен 10 жылдағыдай баса назар аудармайды деген сөз».
Жанкешті шабуылынан өртеніп кеткен әскери автобустың жанынан өтіп бара жатқан оқушылар. Кабул, 26 мамыр 2014 жыл.

Жанкешті шабуылынан өртеніп кеткен әскери автобустың жанынан өтіп бара жатқан оқушылар. Кабул, 26 мамыр 2014 жыл.

​Елде қалатын 9 800 солдат Ауғанстанның 350 мың сарбаздан тұратын қауіпсіздік күштерін оқытып, жаттықтыруы тиіс. Бұған қоса, олар "Әл-Қаидадан" қалған бүлікшілерге қарсы шағын антитеррорлық операциялар жүргізуі мүмкін.

2015 жылдың соңына қарай АҚШ әскерінің жартысы Ауғанстаннан кетеді. Одан ары АҚШ-тың Кабулдағы елшілігін қорғайтын сарбаздар ғана қалады.

«АУҒАНСТАНДЫ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫРМАЙМЫЗ»

АҚШ әскер басшылары «Вашингтон Ауғанстанды тағдыр тәлкегіне тастап кетіп барады» деген күдікті жоюға тырысып жатыр. АҚШ және коалиция әскерінің Ауғанстандағы бас қолбасшысы, генерал Джозеф Данфорд мамырдың 28-і күнгі баспасөз конференциясында «Вашингтон ауған қарулы күштеріне көмектесе береді» деді.

АҚШ-тың Ауғанстанда қалған контингентіне НАТО-ға мүше және мүше емес елдердің бірнеше мың сарбазы көмек көрсетеді деп жоспарланған. Жеке келісім-шартқа қол қойған сарбаздар да Ауғанстанда қалады, бірақ олардың нақты саны белгісіз.

Алайда осының бәрі Ауғанстан тұрғындарының күдігін сейілтер емес. Олар «Ертең АҚШ сарбаздарының саны күрт азаяды. Тұрақсыздық қайта басталып, онсыз да әлжуаз экономика құлдырап кете ме» деп алаңдайды.
Жеке келісім-шартқа қол қойған сарбаздар да Ауғанстанда қалады, бірақ олардың нақты саны белгісіз.


Кабул тұрғыны Разақ: «Шетел әскері осында қала тұрса, қауіпсіздік үшін жақсы болар еді. Ал егер тегіс жиналып кетіп қалса, бұрынғыдай өзара тартыс қайта басталады» дейді.

25 жастағы кабулдық студент Ахмад: «25 жыл бұрын не болғанын бәріміз білеміз» дейді. 1989 жылы Совет Одағы әскерін Ауғанстаннан шығарып әкеткен еді. АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) Қызыл армияға қарсы моджахедтерді астыртын қолдаған. Ахмад осыған меңзеп, АҚШ-тың әскерін әкету туралы шешімін мысқылдап отыр.

Ауғанстан жұрты сол бір оқиғаны «сатқындық» деп түсінеді. Себебі ақырында АҚШ-тың мұнысы елді күйреткен азаматтық соғысқа ұласып, билікке «Талибан» келді. Вашингтон әскерін толығымен алып кететінін мәлімдеген соң, жұрт тарихтың қайталанып жатқанын айта бастады.

Ауған парламентінің депутаты Шүкрия Баракзай ханым «АҚШ-тың әскерін мұншалықты жылдам алып кетуі және тым аз жасақ қалдыруы қауіпті» дейді. Оның ойынша, Ауғанстанда кемінде 15 мың АҚШ сарбазы қалуы тиіс.

Тағы бір депутат Фаузия Куфи ханым мамырдың 27-сі күні Twitter желісінде «Қарулы күштеріміздің жауынгерлік рухын мақтан тұтамыз. Алайда 2014 жылдан кейін шетелдің 10 мыңнан астам жауынгері қала ма деп үміттенген едім» деп жазды.

Бұған қоса, Куфи ханымның айтуынша, «әскерді әкету жайлы мәлімдеме бүлікшілерге сигнал болды». «Енді олар шетел әскері елден толық кеткенше күте тұрады» дейді депутат.

Ауғанстанда маусымның 14-і күні президент сайлауының екінші туры өтеді. Оған бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла мен бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ғани түседі. Екі кандидаттың екеуі де әскер мәселесіне келгенде сақ сөйлеп, нақты пікірлерін білдірмей келеді.

Мәселен, Абдулла мамырдың 29-ы күні «France 24» телеарнасына сұхбат беріп, әскерін Ауғанстаннан шығарғалы отырған АҚШ-ты «жауапкершілікті түсінуге» шақырды. «АҚШ интервенциясына дейінгі (2001 жыл) жағдайдың қайталанғанын ешкім қаламайды» деді ол.

Ғанидің өкілі Аббас Ноян мамырдың 28-і күні Азаттыққа берген сұхбатында «АҚШ-тың әскерін әкету жоспары алаңдаушылық туғызбағанын, өйткені Обаманың табандылығы – бар болғаны Кабулды қауіпсіздік жөніндегі келісімге тезірек қол қоюға ынталандыру» екенін айтты.

Ауғанстан қарулы күштерінің ел ішіндегі қауіпсіздікті қадағалау ісін өз қолына алатынына қуанып жүргендер де бар. Алайда олар да халықаралық қауымдастықтың қаржы, қару-жарақ, барлау және басқа да мәселелер бойынша көмек беруін жалғастырғанын қалайды.

Кабул тұрғыны Дауд: «Егер армиямыз қазіргі заманның қару-жарағымен қамтамасыз етілсе, елімізді қорғай алады. Олай болмаса, үлкен проблемалар пайда болады» дейді.

«ТЕЗІРЕК КЕТСЕ ЕКЕН»

Ал кейбір тұрғындар халықаралық әскердің тез арада кетуін асыға күтіп жүр. Джавид есімді ауған азаматы: «Тезірек кеткені бәрімізге де жақсы болар еді» дейді. Ол АҚШ-тың дау тудырған түнгі жорықтары мен НАТО-ның әуе соққыларынан бейбіт тұрғындардың қаза болғанын меңзеп тұр.

Ал президент Карзайдың мәлімдемесі Ауғанстан азаматтарының көбінің пікіріне қайшы болып шықты. Мамырдың 28-і күні жасаған мәлімдемесінде ол «АҚШ әскерінің кетуі - президенттің де, үкіметтің де, Ауғанстан халқының да басты тілегі» деді.

Бұған қоса, Карзай «шетел әскерінің толығымен кетуі - "Талибанға" бүлікшіл әрекеттерін тоқтатуға тарихи мүмкіндік» деді.

Алайда АҚШ әскерінің Ауғанстанда қалу-қалмау мәселесін шешу Карзай емес, елдің келесі президентінің шаруасына айналады. Қауіпсіздік жөніндегі екіжақты келісімге қалай болғанда да қол қойылатын сияқты. Себебі Абдулла да, Ғани де президент бола салысымен келісімге қол қоятындарын мәлімдеген.

Президенттік қызметінің соңына қарай АҚШ-пен қарым-қатынасы нашарлап кеткен Карзай бұл келісімге қол қоюдан бас тартқан еді.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG