Accessibility links

Ауған әйеліне «жедел жәрдемге» есек келді


Ауғанстандағы "есек жедел жәрдем". 2013 жыл.

Ауғанстандағы "есек жедел жәрдем". 2013 жыл.

Ауғанстанда шалғай ауылға қатынайтын жедел жәрдем көлігі жетіспейді. Ана мен бала өлімі күрт көбейген елде толғатқан әйелді перзентханаға жеткізудің жаңа тәсілі пайда болды.

Енді бұл елде толғақ қысқан әйелді перзентханаға көліктің «жаңа түрі» жеткізеді. Ол – арнайы жабдықталған «амбулаториялық есек».

Мұны Ауғанстандағы тың жаңалық десе де болады. Өйткені осындай есектердің арқасында жүкті әйелдер өздеріне қажетті медициналық жәрдемді уақытында ала бастады.

Есектердің жабдықталуының өзі бір «тарих». Есекті амбулаториялық көлікке айналдыру үшін ұлыбританиялық HealthProm қайырымдылық қоры мен дизайнер Питер Макл бірігіп жұмыс істеген.

ЕРЕКШЕ ЕР-ТОҚЫМ

Олар алыс ауылдардағы айы-күні жетіп отырған келіншектерді есекпен перзентханаға тасу үшін арнайы «ер-тоқым» ойлап тапты. Үрленетін арнайы «ер-тоқым» есектің жүрісін жайлы етеді.

Таулы жерде қолайлы көліктің жетіспеуінен көптеген ауған әйелдер перзентханаға бармай, үйде босанады. Бұдан ана мен бала өлімі көбеймесе, азаймай отыр.

Маклдың айтуынша, оның ойлап тапқан құралы толғақ қысқан әйелді перзентханаға жеткізуге қолайлы.

- HealthProm бұл тәсілді «толғатқан әйел үшін Ауғанстан ауылдарында бұдан басқа қолайлы құрал жоқ» деп бағалады. Егер әйелдер ауруханаға аман-есен жетіп, сонда босанса, баланың да, өзінің де тірі қалуына мүмкіндік көбейеді, - дейді ол.

«Есек жедел жәрдемнің» ең соңғы нұсқасы қыркүйек айының басында Лондондағы қарапайым медициналық технологиялар көрмесінде көрсетілген.

Макл амбулаториялық ер-тоқымның бөлшектерін - үрлемелі тоқым мен әйел шынтағын тіреп отыратын үрлемелі бөстекті, ер-тоқымның жантайып жатуға мүмкіндік беретін бөліктерін құрастырған.

YouTube видеосынан амбулаториялық ер-тоқымды көре аласыз:



Бұл тоқымның әртүрлі көлемдегі бірнеше түрі жасалып, былтыр Балх өлкесіндегі Чаркент қыстағында сынақтан өткізілді. Осылардың ішіндегі ыңғайлы бөлшектері таңдалып, ең соңғы нұсқасы бекітілді.

«АУҒАН ХАЛҚЫНА ҮЛГІ ЖАСАП БЕРДІК»

HealthProm ұйымының «Аналар амандығы» жобасының Мазари-Шарифтегі менеджері доктор Азада Парсаның айтуынша әйелдер жаңа құралды ұнатқан.

- Бұл тәсіл жүкті әйелді ауруханаға апаруға өте қолайлы. Олар бұл жаңалықты ұнатты. Толғақ қысқан әйелдер перзентханаға жеткенше есектің үстінде жатады, - дейді ол.

Чаркентте көбіне жүкті әйелдер түн ішінде таулы-қыратты жерлермен ауруханаға, не перзентханаға аттануға мәжбүр болады. Ондай кезде олар тиісті жерге 4 сағат жүріп әзер жетеді.

Парса «бұдан былай келіншектер медициналық құрал жабдығы жоқ, гигиеналық тазалық сақталмайтын үйде босанғаннан гөрі, есекке мініп, алыстағы ауруханаға аттанғанды жөн санайтын болар» деп үміттенеді.

HealthProm қазіргі уақытта Ауғанстан ауылдарына арналған, құны 120 доллар болатын, «ерекше ер-тоқымның» соңғы нұсқасын шығарып таратуға демеуші іздеп отыр.

Мазари-Шарифтегі бұрынғы тігінші биыл сатылған 8 ер-тоқымды тігіп шыққан. Маклдың жоспары бойынша, келесі жылы бұл ер-тоқымның барлық бөлігін жергілікті шеберлер өздері тіге бастауы керек. Бұны және кез келген шебер тігіп шыға алады.

- Менің жасағаным - үлгі ғана. Біз бұны сатып, пайда түсіргелі отырған жоқпыз. Біз халыққа үлгісін бердік. Мақсатымыз - барынша қолайлы нұсқа жасап шығу болған. Мұны енді ел-жұрт өздері дамытып әкете береді, - дейді ол.

Антуан Блуаның мақаласын ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG