Accessibility links

Футбол Ауғанстан халқының ынтымағын күшейтті


Ауғанстан - этникалық және діни араздық ушыққан ел. Бірақ Ауғанстан-Пәкістан футбол матчы ауғандықтарды біріктірді.

Қанша жылдан бері түрлі топтарға бөлініп, жанжалдасып келе жатқан ауған қоғамын тамыздың 20-сы күні, ел астанасы Кабул қаласында өткен 90 минуттық футбол матчы біріктірді.

АУҒАНДЫҚТАРДЫҢ ФУТБОЛДАН АЛҒАН ӘСЕРІ

Ауғанстан футбол командасы ежелгі бәсекелесі Пәкістан командасын өз алаңында 3-0 есебімен жеңді. Жұрт жаппай жеңісті тойлады. Бұл жеңіс ауғандықтардың ауызбірлігін күшейтіп, патриоттық сезімдерін оятты. Бірнеше жылдан бері діни, этникалық және саяси қақтығыстардан қалжыраған елде мұндай ынтымақ көрінбей кеткен еді.

Ауғанстанда өткен жолдастық кездесуге келген жанкүйерлер Кабулдағы Ауғанстан футбол федерациясының стадионын шулатты. Бұл елде халықаралық футбол матчының өтпегеніне 10 жылдан асты.

Ауған жанкүйерлері. Кабул, 20 тамыз 2013 жыл.

Ауған жанкүйерлері. Кабул, 20 тамыз 2013 жыл.

Ойын біте салысымен футболшылар Ауғанстанның жалауын алып, стадиондағы жанкүйерлер алдына шықты. Көшеде жеңісті тойлаған ел көліктерді жүргізбей тастады. Үлкен экрандар орнатылған ресторандар мен кафелерге ойынды көру үшін мыңдаған адам жиналды.

Футбол матчы кезінде полиция жасағы алаңды қоршап тұрды. Ойын алты мың адамдық шағын стадионда өтті. Полиция барлық адамдарды тексеріп, сөмкелерін тінтіп барып кіргізді.

Ауғанстан ұлттық құрамасының ойыншысы Билал Ороза «бұл - команданың ғана емес, бүкіл елдің жеңісі» екенін айтады.

- Мен бүгін аса қуаныштымын. Мұны тілмен айтып, жеткізу мүмкін емес. Бүкіл елді осы жеңісімен шын жүрегіммен құттықтаймын, - деді ол.

Ауғанстан футболшылары үшінші гол соққан сәтте ауғандық телекомментатор «Ұшарға қанатым жоқ, әйтпесе алаңды айналып ұшар едім. Дүниеге ауған болып келудің өзі қандай бақыт» деп дауыстап жіберді.

ФУТБОЛ МЕН САЯСАТ

FIFA ұйымдастырған бұл ойынды көруге футбол фанаттары елдің түкпір-түкпірінен келген. Солардың бірі Ахмадзай Фазелидің айтуынша, елдің Вардак провинциясының «Талибан» сарбаздары Ауғанстан командасына жеңіс тілеген.

"Талибан" қозағылысының мүшелері мәлімдеме жасап тұр. (Көрнекі сурет)

"Талибан" қозағылысының мүшелері мәлімдеме жасап тұр. (Көрнекі сурет)

- Осында келе жатқанымда «Талибан» өкілдері тоқтатты. «Футбол көруге бара жатырмын» дедім. Олар мені қуана-қуана Кабулға қарай өткізіп жіберді. Қазір қуанышым қойныма сыймай тұр. Өзімді осы елдің мықты патриоты сезініп тұрмын, - деді ол жергілікті журналистерге.

Ауғанстан футбол федерациясының төрағасы Керамуддин Карим :

- Бұл жарыс болашақта басқа елдердің Ауғанстанға келіп, футбол ойнауына есік ашады. Ауғанстан-Пәкістан жолдастық кездесуі Ауғанстандағы тұрақтылықтың нығая бастауының белгісі, - деді.

Бұл матч бейбітшілікті насихаттау үшін, әрі ел ынтымағын нығайту мақсатында өтті. Көптеген ауғандықтар бұл жеңісті зор мақтанышпен тойлады. Себебі, ауғандықтар Пәкістанды отыз жылдық үздіксіз соғысқа кінәлі деп санайды, көбі бұл елді ұнатпайды.

Бұл матч Кабул мен Исламабад арасындағы дипломатиялық қатынастар нашарлап тұрған тұста өтті. Екі жақ та шекарадағы тәртіпті жиі бұзып, бірін-бірі айыптап жатқан еді.

Ауғанстан командасының бапкері Хами Каргар ойын жеңіспен аяқталған кезде жылап жіберді. Ол жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары тілшілеріне:

- Ауғанстанның Пәкістанды жеңгеніне қуанамын. Пәкістан үнемі бізді менсінбей келген еді, - деді.

Футбол көруге келген ауған қызы. Кабул, 20 тамыз 2013 жыл.

Футбол көруге келген ауған қызы. Кабул, 20 тамыз 2013 жыл.

Ал кабулдық тұрғын Шабир Ахмад:

- Футбол десе ішкен асын жерге қоятын адамның бірі - мен. Мен үшін бұл ойынның маңызы зор. Бұл матч екі ел арасындағы достықты нығайту үшін өткзілсе де, Ауғанстан мен Пәкістан арасында бәсекелестік көп, - деді.

Ауғанстан мен Пәкістан спортшылары арасында бұған дейін де талай жарыстар өткен. Бірақ 1979 жылы Ауғанстанға СССР әскері кірген соң, Пәкістанмен дипломатиялық қатынас үзілді. Одан кейін басталған азамат соғысы мен «Талибан» билігінің орнауы екі ел командасының футбол алаңында кездесуіне жол бермеді.

Ауғанстан командасы өз алаңында соңғы рет 2003 жылы Түркіменстан футболшыларымен ойнаған еді.

2001 жылы «Талибан» ұйымының билігі құлаған соң футбол қайта жанданды. «Талибан» футболға тыйым салмаса да, ауған жерінде футбол мүлде дамымай қалды. Оның үстіне, «Талибан» стадионды ел көзінше адам жазалайтын орынға айналдырды.

Ауғанстан мен Пәкістан командалары арасындағы келесі кездесу желтоқсан айында, Пәкістанның Лахор қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG