Accessibility links

Вакцина егуге жәрдем берген ерікті құрбан болды


Дәрігер әйел полиомиелитке қарсы вакцинаны баланың аузына тамызып тұр. Ауғанстан, Кабул, 16 қараша 2009 жыл.

Дәрігер әйел полиомиелитке қарсы вакцинаны баланың аузына тамызып тұр. Ауғанстан, Кабул, 16 қараша 2009 жыл.

Полиомиелит көп тараған үш елдің бірі Ауғанстанда осы айдың басында вакцина егу жұмыстарына жәрдемдесіп жүрген 20 жастағы студент медбике Әниса үйінен шығып, жұмысқа бара жатқанда қасына мотоцикл мінген қарулы екі адам келіп, оны алты жерінен атып өлтірді.

Әнисаны өзі тұратын Кохистан қалашығындағы (Каписа өлкесінің шығыс бөлігі) ауруханаға дереу жеткізген. Бірақ ол жарақаттан сол ауруханада қайтыс болды.

Талибандар «бұл өлімге біздің қатысымыз жоқ» десе де, жергілікті жұрт олардан күдіктенеді. Бұған дейін билік өкілдері: «Талибан» «Вакцина егу - Ауғанстан халқының тұқымын құрту. Бұл - Батыстың әдейі жасап жатқан сұрқия жобасы» деп егу жұмыстарына кедергі келтіріп жатыр» деп айыптап келген.
Талибандар жетекшісі Хакимулла Мехсуд (ортада). 4 қазан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Талибандар жетекшісі Хакимулла Мехсуд (ортада). 4 қазан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)


«Талибанның» әйелдерге қатысты қатігез әрекеттері бұған дейін де талай байқалған еді.

«Әнисаның өліміне оның жұмысы себеп болды» деуге негіз бар. Тіпті оны факті деп те айтуға болады.

Әниса желтоқсаның 1-і күні қаза тапты. Содан бір күн бұрын ол тағы бір қастандықтан аман қалған еді. Көшеде келе жатқан Әнисаға қарулы адамдар оқ атқан. Ауғанстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, қаза табар алдында Әнисаға бөтен біреулер телефон шалып, «жұмысыңды тоқтатпасаң, көзіңді жоямыз» деп ескерткен.

Каписа өлкесіндегі әйелдер ісі департаментінің директоры Сафура Кохистанидің айтуынша, Ауғанстан аймақтарында әйелдер шабуылға жиі ұшырайды. Бөтен біреулер әйелдерге телефон шалып, қоқан-лоқы көрсетеді немесе доқ көрсеткен хаттарды түнде үйіне әкеп тастап кетеді. Олар әйелдерді «Жұмысыңды тоқтат, не болмаса өміріңмен қоштас!» деп қорқытады.

- Әйелдер қатты қорқады. Оқу орындарында, үкіметтік кеңселерде, қоғамдық орындарда жұмыс жасап жүрген әйелдер бізді де өлтіріп кетеді деп сескенеді, - дейді Сафура Кохистани.

«ШАҢ БАСЫП ЖАТҚАН ЗАҢ»

Кохистани Әнисаға қастандық жасаған қылмыскерлерді «қорқақтар» деп атады. Ол биліктен 2009 жылы қабылданған әйелдерді қорлауды тоқтауға қатысты заңды күшейтуді сұрайды. Ал құқық қорғаушылар «бұл заң әлі күнге дейін сирек қолданылады» деген шағым айтады.

Кохистани «қорлық көрген әйелдердің ешқашан әділдікке қолы жетпейтінін» айтты.

- Тіпті олардың талап-арыздары сотқа жеткен күннің өзінде қылмыскер ақталып кетеді, не болмаса еркектің қылмысын жеңіл қылмыспен алмастыра салады. Кей кездері жапа шеккен әйелдің өзін «моральдық қылмыс жасады» деп айыптайды, - дейді ол.
Ауғанстанның әйелдер ісі министрі Хусн Бану Газанфар. 8 наурыз 2008 жыл.

Ауғанстанның әйелдер ісі министрі Хусн Бану Газанфар. 8 наурыз 2008 жыл.


Ауғанстанның әйелдер ісі министрі Хусн Бану Газанфар 2012 жылы қараша айында «әйелдерге зорлық-зомбылық көрсеткен қылмыс түрлері биыл көбейген» деп мәлімдеді.

Министрліктің мәліметі бойынша, 2012 жылдың бірінші жартысында әйелдер жапа шеккен 3 мың 500 оқиға тіркелген.

Каписа өлкесінде әйелдерге қорлық көрсету оқиғалары жиі болады. Бірақ көшеде атып кету бірінші рет болып отыр.

- Отбасындағы ішкі кикілжіңнен туындайтын істер (әйелдерді қорлауды айтады - ред) бұған дейін кездескен. Бірақ біз колледжде оқып жүріп вакцина егу жобасына араласқаны үшін қаза тапқан саяси астары бар істі бірінші рет көріп отырмыз, - деді Кохистани.

Әниса БҰҰ қаржыландырған полиомиелит вакцинасын егу жобасына атсалысқан. Одан бөлек, емделуі қиын ауру түрлерінің алдын алумен айналысатын әлемдік денсаулық сақтау ұйымымен бірге жұмыс істеп жүрген.

«АЛЛАНЫҢ ҚАЛАУЫНА ҚАРСЫ»

БҰҰ дерегі бойынша, Ауғанстан - Пәкістан мен Нигериядан кейінгі полиомиелит ауруы ең көп тараған ел.

Каписа өлкесіндегі балалардың үштен екісіне ғана полиомиелитке қарсы вакцина егілген. Ерікті жұмысшылар өлкедегі барлық баланың иммунитетін күшейту жұмыстарына жәрдемдесіп келеді.
Пәкістан мен Ауғанстандағы полиомиелит жобасын жалғастырудан бас тартудың негізгі себебі - діни экстремистік топтардың қарсылығы.


Пәкістандағы «Талибан» жасақтары БҰҰ-ның вакцина егу әрекетін айыптаған еді. Талибандар қоқан-лоқысының кесірінен Пәкістанның солтүстік-батыс аймағы мен Ауғанстанның осы елмен шекара аймақтарындағы егу жұмыстары тоқтап қалды.

Қазір «діни экстремистік топтардың қарсылығы - Пәкістан мен Ауғанстандағы полиомиелит жобасын жалғастырудан бас тартудың негізгі себебі» ретінде аталады.

Пәкістандағы жергілікті «Талибан» жасақтары осыған орай пәтуа шығарып, егу жұмыстарына тыйым салды. Олар бұл жобаны «Мұсылмандар санын кеміту үшін Батыстың ойлап тапқан сұрқия амалы» деп атады. Діни экстремистердің арасында кең тараған тағы бір желеу - «Вакцина егуді ислам қолдамайды. Бұл - Алланың қалауына қарсы шығу».

Вакцина егу науқанын тоқтату үшін пәкістандық талибтер адам ұрлады, қызметкерлерді сабады, дәрігерлерге қастандық ұйымдастырды.

«БАЛАЛАРДЫҢ ЖАУЫ»

Ауғанстан президенті Хамид Карзай 2012 жылдың басында талибтерді «Ауғанстандағы полиомиелит вакцинасын егу жұмыстарына қарсылықты күшейтіп жатыр» деп айыптады.
Ауғанстан президенті Хамид Карзай (оң жақта) полиомиелит вакцинасын балаға тамызып тұр. Ауғанстан, Кабул, 26 шілде 2009 жыл.

Ауғанстан президенті Хамид Карзай (оң жақта) полиомиелит вакцинасын балаға тамызып тұр. Ауғанстан, Кабул, 26 шілде 2009 жыл.


Ауғанстан үкіметі полиомиелитке қарсы науқан кезінде мыңдаған еріктілер мен жүздеген халықаралық агенттіктерді жұмысқа тарту арқылы қауіпті ауруды тоқтатты десе де болады. 2010 жылы Ауғанстан үкіметі бар-жоғы 25 науқас тіркеген. Бірақ 2011 жылы ауру саны 76-ға жеткен.

Карзай талибтерді аймақтардағы полиомиелит вакцинасын егу жұмыстарына кедергі келтірмеуге шақырды. Ол үндеуінде «Вакцина егу жұмыстарына кедергі келтіретін адамның бәрі - біздің болашақ ұрпағымыздың жауы» деп мәлімдеді.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған Сағынай Кәрім.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG