Accessibility links

Франциядағы әуе апатында қазақстандықтар қаза болды


A320 жолаушылар ұшағы құлаған аймақта жүрген құтқарушылар. 24 наурыз 2015 жыл.

A320 жолаушылар ұшағы құлаған аймақта жүрген құтқарушылар. 24 наурыз 2015 жыл.

Еуропадағы ұшақ апатында қарағандылық бір отбасыдан үш адам қаза тапты. Қазақстанда туып өскен опера әншісі Олег Брыжак та осы апаттан мерт болған.

Қарағандының NV.kz жаңалықтар сайтының хабарлауынша, Еуропа аспанында апатқа ұшыраған Germanwings әуе компаниясының ұшағындағы жолаушылар арасында Қарағандыдағы кремний металын өндіретін зауытты басқаратын «Тау-Кен Темір» компаниясы директоры 50 жастағы Ербол Иманқұлов та болған. Онымен бірге әйелі және 26 жастағы ұлы қаза тапқан.

Германия баспасөзі ұшақ апатында қаза тапқандардың бірі - Қазақстанда туып өскен опера әншісі Олег Брыжак деп хабарлады. Қарағанды музыкалық училищесі мен Алматы консерваториясында білім алған Олег Брыжак 1991 жылы Германияға кетіп, 1996 жылдан бастап Дюссельдорф опера театрында әнші болып істеген. «Бильд» басылымының жазуынша, 54 жастағы әнші бұл жолы Барселонада Рихард Вагнердің «Зигфрид» атты шығармасы қойылымында өнер көрсеткен соң Германияға қайтып келе жатқан.

Францияда таулы аймаққа құлаған А320 жолаушылар ұшағының «қара жәшігі». 25 наурыз 2015 жыл.

Францияда таулы аймаққа құлаған А320 жолаушылар ұшағының «қара жәшігі». 25 наурыз 2015 жыл.

Сонымен бірге, Германия билік орындарының құлаған ұшақтағы жолаушылардың бірі Елена Блес есімді әйел де Қазақстан азаматы болуы мүмкін деген ақпаратын қазір Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі анықтап жатыр.

Француз құтқарушылары Альпі тауларында апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағының «қара жәшігін» тапқан. Француз полициясы апаттан ешкім тірі қалмаған дейді. Құтқарушылар таулы жерге құлаған ұшақ жолаушыларының сүйектерін іздестіру бірнеше күнге жалғасуы мүмкін екенін айтқан.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Франциядағы ұшақ апатында мерт болған қазақстандықтардың туған-туыстарына көңіл айтып жеделхат жолдаған. Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол марқұмдардың сүйегін анықтау және елге жеткізу жұмыстарына жәрдем көрсетуді тапсырған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі ұшақ апатында қаза тапқандардың туыстарына көмектесу үшін арнайы телефон байланысы қызметі ұйымдастырылғаны туралы хабарлады. Бүгін СІМ ұшақ апатынан мерт болғандардың туыстарына барынша көмек көрсетілетіні туралы мәлімдеген.

Germanwings әуе компаниясының апатқа ұшыраған Airbus A320 ұшағының сынықтары. 24 наурыз 2015 жыл.

Germanwings әуе компаниясының апатқа ұшыраған Airbus A320 ұшағының сынықтары. 24 наурыз 2015 жыл.

Наурыздың 24-і күні Барселонадан Дюссельдорфқа ұшып бара жатқанда белгісіз себептермен Францияның оңтүстігіндегі таулы аймақта апатқа ұшыраған германиялық Germanwings әуе компаниясының A320 ұшағында 144 жолаушы мен экипаждың алты мүшесі болған. Ұшақ жолаушыларының көпшілігі Германия және Испания азаматтары деп хабарланды.

Апатқа ұшыраған A-320 ұшағына иелік ететін Germanwings компаниясы – Германияның ең ірі әуекомпаниясы Lufthansa-ның еншілес кәсіпорыны. Lufthansa компаниясының Еуропадағы вице-президент Хейке Бирленбах «дәл қазіргі сәтте ұшақ апатына қатысты негізгі болжам – оның оқыс оқиға екендігі, ал өзге сөздердің бәрі – қауесет» деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG