Accessibility links

Рашид Нұғыманов «Еуразияға» қымбат жұлдыздарды шақырмады


11-ші Еуразия кинофестивалінің бас директоры кинорежиссер Рашит Нұғманов. Алматы, 19 қыркүйек 2015 жыл. Фестивальдің баспасөз қызметінің суреті.
11-ші Еуразия кинофестивалінің бас директоры кинорежиссер Рашит Нұғманов. Алматы, 19 қыркүйек 2015 жыл. Фестивальдің баспасөз қызметінің суреті.

Алматыда өтіп жатқан 11-халықаралық «Еуразия» кинофестивалі 25 қыркүйекке дейін жалғасады. Фестиваль бұл жолы өзгеріске толы.

Кинофестиваль конкурсы аясында 10 шығарма көрсетілмек. Ресейлік кинотанушы әрі мәдениеттанушы Кирилл Разлоговтың басқаруымен іріктелген фильмдердің арасында Грекия, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия режиссерлерінің туындылары бар. Бірақ бұл фильмдер – режиссерлердің жартысының дебюттік немесе екінші жұмыстары.

11-халықаралық «Еуразия» кинофестивалі конкурсындағы ең тәжірибелі режиссерлер арасында бұған дейін 14 фильм түсірген ресейлік Ирина Евтеева мен бес кинокартина түсірген қазақстандық кинорежиссер Ермек Тұрсынов бар. Ресейлік режиссер – «Арвентур», Ермек Тұрсынов «Жат» фильмін ұсынған.

Конкурстық фильмдердің арасында драма жанры басым. Фэнтези жанрында түсірілген екі фильм бар. Бұлардың бәрі (кейбірі 2014 жылы) өзге елдерде өткен кинофестивальдерде көрсетілген фильмдер.

«Еуразия» кинофестивалі ашылуында отырған көрермендер. Алматы, 19 қыркүйек 2015 жыл. Фестиваль баспасөз қызметінің суреті.
«Еуразия» кинофестивалі ашылуында отырған көрермендер. Алматы, 19 қыркүйек 2015 жыл. Фестиваль баспасөз қызметінің суреті.

Алматыдағы кинофестиваль фильмдері «Бүгінгі Азия», «Бүгінгі Еуропа», «Балалар Еуразиясы», «Деректі Еуразия», «Қысқа метр», «Ерекше көзқарас» бағдарламалары аясында көрсетіледі.

«Еуразия» кинофестивалінің ашылуы мен бірінші алматылық «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің ашылуы бірге болды. Биылғы фестивальде Орталық Азия режиссерлерінің 10 фильмін көрсетуді ұйғарған. «Қазақ панорамасы» бағдарламасында 2013-2015 жылдары түсірілген қазақстандық 10 фильм көрсетілмек.

«ЕУРАЗИЯДАҒЫ» ӨЗГЕРІСТЕР

«Жаңа қазақ толқыны» режиссерлерінің бірі әрі көрерменге 1980 жылдардың аяғында «Ине» фильмі арқылы танылған Рашид Нұғманов – кинофестивальдің жаңа тағайындалған бас директоры. Ол келген соң конкурстан тыс жаңа бағдарламалар (деректі, қысқа метражды және балалар киносы) қосылып, кинофестивальді өткізу тәсілі өзгерген. Ол киножұлдыздарды шақыру дәстүрінен бас тартқан. Кинофестивальді кинематографистер, кинопрокатшылардың іскерлік байланыс алаңы ретінде пайдалануға көбірек мән берілген.

«Еуразия» кинофестивалінің құрметті президенті, СССР халық артисі Асанәлі Әшімов қызыл кілемнің үстімен келе жатыр. Алматы, 19 қыркүйек 2015 жыл. Фестиваль баспасөз қызметінің суреті.
«Еуразия» кинофестивалінің құрметті президенті, СССР халық артисі Асанәлі Әшімов қызыл кілемнің үстімен келе жатыр. Алматы, 19 қыркүйек 2015 жыл. Фестиваль баспасөз қызметінің суреті.

Бірақ 11-халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде актрисалар Наталья Орынбасарова, Татьяна Друбич және Динара Друкарова сияқты бірнеше құрметті қонақ болды.

Сыртқы атрибуттарынан кинофестивальдің логотипі де өзгеріп, барыстың орнына садақ пен жебе бейнеленген. Кинофестивальдің сайты да толық жаңарған. Сайттағы ақпарат орыс және ағылшын тілдерінде ғана жарияланғаны күтпеген жаңалық болды. Кинофестивальді мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақфильм» киностудиясы және Алматы әкімдігі сияқты мемлекеттік органдар ұйымдастырып, өткізіп жатқанымен, сайтта қазақ тілінде ақпарат жоқ. Жаңартылған сайтта бұрынғы кинофестивальдар жайлы да ешқандай ақпарат жоқ.

Кинофестивальдің толық коммерциялық шараға айналып кеткені де тосын жаңалық болды. Енді фильм көрсетілімдерінің барлығына билет сатып алу қажет. Бұл талап фестивальға енген фильмдер көрсетілетін орын қожайындарының қалауымен енгізілген сияқты. Биыл бұл таңдау Kinopark киножелісіне түскен. Рас, олар билет бағасын арзандатып, 700 теңге деп белгілеген әрі студенттер мен балаларға жеңілдік жасаған.

«Еуразия» кинофестивалінің ашылуына келген жұрт. Алматы, 19 қыркүйек 2015 жыл.
«Еуразия» кинофестивалінің ашылуына келген жұрт. Алматы, 19 қыркүйек 2015 жыл.

11-халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің ашылу салтанаты мен қызыл кілемнің үстімен жүріп өту рәсімі де үйреншікті орыннан тыс – қаланың шетіндегі Esentai Moll сауда орталығында өтті. Сондықтан Алматыдағы Республика сарайы алдындағы Абай алаңындағыдай емес, бұл жолы қала тұрғындары аз жиналды.

Аккредитация алған БАҚ өкілінің бейджі ресми ашылу салтанаты өтетін залға кіруге құқық бермейді деген ескерту көптеген журналистер үшін күтпеген жаңалық болды. Залға кіру үшін олардан арнайы шақыру билетін талап етті, оның өзі кейбіреулерге ғана берілген. Ұйымдастырушылар сыйымдылығы аз кинозалдың проблемасын осылай шешкен тәрізді.

ӘЛЕМДІК ПРЕМЬЕРА

Биылғы «Еуразия» кинофестивалі қазақстандық және канадалық режиссерлер бірлесіп түсірген «Хакер» кинокартинасымен ашылды. Оның режиссері – Ақан Сатаев, сценарийі мен музыка авторлары да – қазақстандықтар. Басты рөлдердің көбіне шетелдік актерлер түскен.

«Хакер» фильмінде бас рольде ойнаған Каллэн МакОлифф (сол жақта) және фильм режиссері Ақан Сатаев (оң жақтан екінші). Алматы, 19 қыркүйек 2015 жыл.
«Хакер» фильмінде бас рольде ойнаған Каллэн МакОлифф (сол жақта) және фильм режиссері Ақан Сатаев (оң жақтан екінші). Алматы, 19 қыркүйек 2015 жыл.

Фильм оқиғасының Қазақстанмен еш байланысы жоқ әрі жергілікті актерлер жоқтың қасы, түскендерінің өзі санаулы шағын эпизодтарда ойнайды.

Фильмнің бас кейіпкері – Украинадан Канадаға қоныс аударған эмигранттардың баласы. Ол компьютерлік бағдарлама саласындағы білімін заңсыз ақша табуға пайдаланбақ болады. Алматы кинофестиваліне осы фильмде басты рөлде ойнаған актер Каллэн МакОлифф келді. Фильмнің орыс тіліндегі көрсетілімі кезінде кинозалдың жартысынан көбі бос болды.

КИНОҚҰМАР КӨРЕРМЕН ПІКІРІ

Бұрын өткен «Еуразия» кинофестивальдерінің бәріне қалмай келетін алматылық зейнеткер Қалымбек Толғанбаевқа көрсетілімнің ақылы болғаны ұнамаған. Ол «небәрі 31 мың теңге зейнетақы алатын менен 2000 теңге алды» деп қынжылады. Ол билет бағасы арзан болғанымен, фестивальдің өзге фильмдеріне бармайтынын айтты.

Алматылық Қалымбек Толғанбаев кино десе ішкен асын жерге қоятын жан. Алматы, 21 қазан 2012 жыл.
Алматылық Қалымбек Толғанбаев кино десе ішкен асын жерге қоятын жан. Алматы, 21 қазан 2012 жыл.

– Кинофестивальді мұндай орында өткізуге болмайды. Жұрт көбірек жиналу үшін оны «Арман» кинотеатры мен Республика сарайы жанында өткізу керек еді, - дейді кино десе ішкен асын жерге қоятын зейнеткер.

Ол «кинофестиваль бағдарламасын да жұрттың бәріне жететіндей етіп әзірлемепті, оны еш жерден таппадым» деп қынжылады.

Қалымбек Толғанбаевтың пікірінше, қазіргі кезде үйінде кинотеатры бар жұртты киноға бару көндіру – оңайға түспейтін шаруа.

XS
SM
MD
LG