Accessibility links

Владимир Школьниктің қызы Алматыға Наркомфинді «әкелді»


Ресейлік фотограф Катя Школьник «Жоғалған уақыттың генетикалық коды» инсталляциясы ашылуында тұр. Алматы, 28 тамыз 2015 жыл.

Ресейлік фотограф Катя Школьник «Жоғалған уақыттың генетикалық коды» инсталляциясы ашылуында тұр. Алматы, 28 тамыз 2015 жыл.

Алматыда Катя Школьниктің «Жоғалған уақыттың генетикалық коды» инсталляциясы ашылды. Жоба авторы – Қазақстанда жоғары лауазымды шенеуніктің отбасында бой жеткен ресейлік фотограф.

Ресейлік фотограф Катя Школьник Мәскеу қаласында тұратын Татьяна мен Қазақстанның қазіргі энергетика министрі Владимир Школьниктің отбасында дүниеге келген. Владимир Школьник көрмеге келген жоқ, есесіне оның бұрынғы зайыбы Татьяна болды.

Катя Школьниктің екі жоғары білімі бар – инженер-физик және халықаралық қатынастар саласы маманы. Қазақстан сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген, кейін Мәскеуге көшкен. 2007 жылдан бастап фотосурет түсіру негізгі кәсібіне айналған. Арт-фото жанрымен айналысатын Катя табиғи жарықтың көмегімен түсіруді жөн көреді, қойылымдық кадрларға әуес емес. Мәскеудегі Artwin Gallery галереясы сайтының жазуынша, Катя Школьниктің 30-дан аса арт-фото топтамасы бар, оның жұмыстары Мәскеу мен Лондон қайырымдылық аукциондарында, оның ішінде «Кристис» аукционына шығарылған. 2011 жылы Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы мұражайда оның фотосуреттерінің көрмесі өткен.

НАРКОМФИН ҒИМАРАТЫ

Алматыда ашылған инсталляция – Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік мұражай мен Мәскеудегі Artwin Gallery көркем галереясының бірлескен жобасы. Бұл көрме совет заманындағы әйгілі ғимараттардың бірі – Мәскеудегі Наркомфин (Халықтық қаржы комиссариаты) ғимаратын зерттеу қорытындысы іспеттес.

Ғимараттағы заттардың ешқайсысына саусағымды да тигізбедім. Сондықтан бұл ностальгиялық сарындағы жоба болып шықты

Катя Школьниіктің айтуынша, 2009 жылдың күзінде әйгілі Наркомфин ғимаратының ішіне кірудің сәті түскен. Бұл ғимарат 1920 жылдардың аяғында советтің сәулетші-конструкторлары Моисей Гинсбург пен Игнатий Милинистің жобасы бойынша салынған. Дүние жүзіне әйгілі сәулет өнері ескерткіші қазір апатты жағдайда тұр, бірақ онда бірнеше отбасы әлі тұрып жатыр. Катя ғимаратқа екі фотокамерамен кірген.

– Бұл ғимаратты құдды «Титаник» сияқты ішіне сүңгіп, кеме рубкасы, каюталарды, дәліздерді, холлдарды аралап, жүзіп жүргендей сезімде болдым. Ескінің көзі болып қалған заттарды, өткен өмірдің іздері қалғанын, бірақ жансыз жұрнағын көресіз. Наркомфин ғимаратын аралағанда алған әсерімді осындай сезіммен салыстыруға болады. Мен «қаз-қалпында» принципін ұстанып, ғимараттағы заттардың ешқайсысына саусағымды да тигізбедім. Сондықтан бұл ностальгиялық сарындағы жоба болып шықты, - дейді фотограф.

Катя Школьниктің инсталляциясында Наркомфиннің ішкі көрінісінен түсірілген фотосуреттер қойылған. Инсталляцияға арналған зал конструктивизм принципі бойынша жабдықтаған. Мұнда кеңістікті қолдан құрастырып шығарған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: КАТЯ ШКОЛЬНИКТІҢ ИНСТАЛЛЯЦИЯСЫ

– Сіз инсталляция залын белгілі бір жүйемен аралап, экспозицияны бастан-аяқ көріп шығасыз. Жоба идеясы бойынша, көрерменнің бойында өзіндік талғамы мен естелігі сақталған белгілі бір мезгілге тап болғандай сезім пайда болуы тиіс, - дейді Катя Школьник.

Көрмеге келушілер әуелі қабырғалары қара түсті матамен қымталған қараңғы бөлмеге енеді. Қабырғада 1920 жылдардағы советтің дыбыссыз кинохроникасы өтіп жатыр. Екінші қабырғадағы таблода совет заманының «Барлық елдерде социализм жеңісі үшін алға!» деген әйгілі ұраны жазылған. Бөлмеге кірген адам сол заманның елесін көргендей болуы тиіс.

Келесі бөлмеде тор тартылған құрылыс сатылары орнатылған. Наркомфин ғимаратында түсірілген фотосуреттердің көбі осы бөлмеде ілінген. Ал еденде совет заманындағы «Өмір сүру жақсарды – көңілді өмір орнады», «Советтік дирижабль жасалынады!», «Еңбек әлемді бағындырады!» дегендер сияқты тағы бірнеше ұран жазылған.

КУРАТОРДЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Инсталляция көрмесінің ашылуына жоба кураторларының бірі, Мәскеудегі қазіргі заман өнері мемлекеттік орталығының пәнаралық бағдарламалар директоры Виталий Пацюков келген. Ол бұл жобаның мақсаты – мәдени жадыны жаңғырту екенін айтады.

– Инсталляция жаңа қоғам құрудың үлгісі ретінде машина-үй түрінде салынған әйгілі Наркомфин үйімен байланысты. Кезінде бұл ғимарат келешектегі әлеуметтік қатынастар үлгісін көрсететін кеңістік болған. Бірақ ол да бәріміздің өміріміз, тарихымыз сияқты біртіндеп үйіндіге айналып, тозды. Ал Катя осы тозған ғимаратты түсіру арқылы оның негізі болған идеяларды жадымызда жаңғыртады. Бұл идеялар қоғамды ұйыстыратын, шынымен адал әрі таза қатынастарды ұсынады, - дейді ол.

Виталий Пацюковтың айтуынша, біз біртіндеп жеке басты күйттейтін кеңістікке өттік те, ал келісім мен бірлік идеялары құрдымға кеткен. Оның пайымдауынша, мәдениет өмірдегі, тарихтағы бірлік, ұжымшылдық идеяларын жаңа кеңістікте қалпына келтірумен айналысады.

– Инсталляциядағы үйінділер салтанатты, құрылыс сатылары түрінде көрінеді. Демек, жоғалтқанымызға қарамастан, құрылысты ары қарай жалғастыруға болады, - дейді Виталий Пацюков.

Катя Школьниктің түсіндіруінше, залдағы кеңістікті құруға көмектескен құрылыс сатылары бәрін ұстап тұратын кереге нышанын білдіреді. Барлығы де кейін содан өсіп-өнеді дейді ол.

XS
SM
MD
LG