Accessibility links

AI: Франция Әблязовты экстрадициялатпауы керек


Мұхтар Әблязов, оппозициялық олигарх.

Мұхтар Әблязов, оппозициялық олигарх.

"Француз үкіметі қазақстандық банкир әрі оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты экстрадициялатпауы керек" деп мәлімдеді халықаралық Amnesty International (AI) құқық қорғау ұйымы.

Ұйымның терроризм және адам құқықтары мәселелері бойынша сарапшысы Джулия Холл Франция сотының қазақстандық оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовты Ресейге немесе Украинаға экстрадициялау туралы қаңтардың 9-ы күні шығарған үкімін сынады.

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға шығып кетті.

2011 жыл - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатаң сыншысына айналған оппозициялық олигархқа Ұлыбритания саяси баспана берді. Қазақстан үкіметі Әблязовты 6 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Ал Әблязов өзіне қатысты қозғалған істердің саяси астары бар деп мәлімдеді. Осы жылы Қазақстан Ұлыбританияға Әблязовты экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон жоғарғы соты Мұхтар Әблязовты "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Үкіммен келіспеген Әблязов бұл елден де кетіп қалып, бой жасырып жүрді. Наурызда ол апелляциялық шағым жазды. Қараша айында Ұлыбританияның апелляциялық соты ақпандағы үкімді күшінде қалдырды. Осы айда Лондон соты Мұхтар Әблязовтан қазақстандық БТА банктің пайдасына 2,1 миллиард АҚШ долларын өндіріп алу туралы үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияның оңтүстігінен табылып, Украина сотының талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовты Ресей мен Украинаға экстрадициялау туралы үкім шығарды. Сәуірде Францияның кассациялық соты экстрадициялау туралы үкімді тоқтатып тастады. Сәуірде Ұлыбританияның оған берген саяси баспананы жою туралы шешім қабылдайтыны хабарланып, кейін ол процесс тоқтап қалды. 25 қыркүйекте Лион апелляциялық соты Әблязовты экстрадициялау ісін қайта қарай бастады. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Наурызда Францияның жоғарғы кассациялық соты Әблязовтың өтінішін қанағаттандырмай тастады. Қазанда Әблязовты экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьер-министрі Мануэль Вальс 17 қыркүйекте қол қойғаны белгілі болды.

"Ресей мен Украинаның арнайы қызметтері Қазақстан қауіпсіздік күштерімен үнемі әріптес болып келеді" дейді ол.

Әблязовтың Ресейде не Украинада әділ сотқа тартылуына күмән келтірген ұйым өкілі "оны Қазақстанға апарып, азаптауға душар ете ме деген анық қауіп бар" екенін айтады. Amnesty International ұйымының пікірінше, француз үкіметі Мұхтар Әблязовты адам құқықтарына бұзылатын немесе Қазақстанға беріп жіберетін елге жібермеуі тиіс.

"Еуропаның, соның ішінде Францияның үкіметі Әблязовтың адамдық құқығы сыйланатынына және қорғалатынына кепіл болып, үлгі көрсетуі керек. Әйтпесе Еуропа тұтқындарды қинау мен азаптау үйреншікті іске айналып бара жатқан Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстанның адам құқықтарын бұзу әрекетіне ортақтасқан болады" дейді ұйым.

Ресей мен Украинаның Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы өтінішін 9 қаңтарда қанағаттандырған Экс-ан-Прованс (Франция) қаласы соты Әблязовтың қорғаушыларына Ресейге экстрадициялау бойынша апелляциялық шағым беру үшін - 7 күн, Украина бойынша 5 күн уақыт берді.

50 жастағы Әблязов 2013 жылы шілде айында Францияның Канн қаласына жақын Ривьера курорттық аймағында ұсталып, содан бері франциялық құқық қорғау орындарының қамауында отыр.

Оны сотқа тартқысы келетін Қазақстан Франциямен тұтқындарды экстрадициялау туралы келісім-шарт жасаспаған.

Бірақ Украина мен Ресей оны экстрадициялау туралы өтінішті қатар түсірген.

Әблязовтың заңгері сот шешіміне қатысты апелляциялық шағым түсіретінін айтады.

Бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік, бизнесмен және оппозициялық көзқарастағы олигарх Қазақстандағы БТА банкті басқарып тұрған кезде 6 миллиард АҚШ долларын қаржылық алаяқтық жасау арқылы жымқырды деп айыпталады.

Әблязов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, бұл істен саяси астар көреді.

2013 жылы желтоқсан айында соттан Әблязовты қаржылық алаяқтық бойынша Украинаға экстрадициялауды сұраған франциялық прокурор оны диссидент емес, "ірі қылмыскер" ретінде тануға шақырған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көпке белгілі саяси дұшпанына айналған Әблязовқа қатысты кең көлемдегі іздеу шаралары жасалып келген еді. Сондай операциялардың бірі ретінде олигархтың Италияда тұратын әйелі мен қызы Қазақстанға күшпен қайтарылған.

2013 жылы желтоқсанның соңында оның отбасы мүшелерін Қазақстан билігі Италияға кері қайтарды, ал кезінде экстрадициялау ісіне септескен италиялық билік орындары бұл әрекеті үшін қатаң сынға ұшырады.
XS
SM
MD
LG