Accessibility links

Бердімұхамедов өзіне ескерткіш қоюға рұқсат етті


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Рига, 11 қыркүйек 2012 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Рига, 11 қыркүйек 2012 жыл.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өз құрметіне тұңғыш ескерткіш орнатуға рұқсатын берді.

Ел үкіметі Ашғабат қаласында Арқадағқа (Түркіменстан президентінің ресми титулы – Жебеуші) ескерткіш орнатуға рұқсат сұрап президенттің өзіне өтініш жасады. Президент Гурбангулы Бердімұхамедовке бұл «халықтың өз бастамасы» деп түсіндірген. Ал «Халық тілегі – заң» деп мәлімдеген Түркіменстан президенті ескерткіш орнату идеясын мақұлдады.

Бүкіл елдегі мекеме, ұйымдарда жиналыс өтіп, жұрт монумент орнату бастамасын жаппай «қолдады». Ескерткішті түркімен астанасының «ең көрікті жеріне» орнатылады деп жоспарланған.

Бұл – Гурбангулы Бердімұхамедовке орнатылатын тұңғыш ескерткіш болмақ. Бірақ мүсіншілер Түркіменстанның қазіргі президентін ұлықтауға бұрын да тырысқан. Бердімұхамедовтің алғашқы мүсінін Ашхабад қаласында 2012 жылы таныстырған еді. Басына түркіменнің сеңсең бөркін киіп, асау арғымақтың үстінде оң қолын жоғары көтеріп отырған қалпында бейнеленген. Оң қолының тұсында ұшып бара жатқан көгершін көрінеді. Шағын көлемде жасалған мүсін гүлдер көрмесінің экспонаты ретінде орнатылған.

Түркіменабад қаласында Сапармұрат Ниязовқа қойылған ескерткіш.
Түркіменабад қаласында Сапармұрат Ниязовқа қойылған ескерткіш.

Түркіменстан конституциясында президент болып қанша сайланса да шектеу қойылмаған. Гурбангулы Бердімұхамедов президенттікке екі мәрте сайланған. Ол билікке 2006 жылы бұрынғы президент, өзімшіл әрі паң әмірші деген аты шыққан Сапармұрат Ниязов қайтыс болған соң келген.

Бердімұхамедов бұрынғы басшының атымен байланысты нәрсенің бәрін, тіпті Ниязовтың алтыннан сомдалған ескерткішін де жойды. Бірақ Түркіменстанда «жеке басқа табыну» дәстүрі сақталып қалды. Енді Түркіменстанда Гурбангулы Бердімұхамедовтің есімі дәріптелетін болды.

XS
SM
MD
LG