Accessibility links

Назарбаевтың екі сөзі Арменияда дауға ұласты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) мен Армения президенті Серж Саргсян. Минск, 24 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) мен Армения президенті Серж Саргсян. Минск, 24 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Армения парламенті ЕАЭО келісімін талқыламақ. Бірақ оған Қарабақ дауы бөгет болатын сияқты. Қазақстан президенті Назарбаев Қарабаққа қатысты екі мәлімдеме жасап, армян саясаткерлерінің сынына қалды.

Армения парламенті Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) қосылу туралы келісім-шартты қарашаның 17-18-і күндері, кезектен тыс отырысында талқыламақ. Армения саясаткерлері арасында дау көп, соның ішінде Назарбаевтың «ЕАЭО-ға Қарабақсыз кіресіңдер» деген сөзі де нарызылық тудырған.

КЕДЕН БЕКЕТІ

Армения саяси партияларының көпшілігі Ресей, Қазақстан және Беларусь құрған одаққа Арменияның мүшелікке өтуіне қарсы емес. Ал Армения мен Таулы Қарабақ арасындағы шекараға ЕАЭО кедендік бекет орнатуы мүмкін деп алаңдайтын оппозициялық «Наследие» партиясы елдің бұл одаққа қосылуына қарсы болып отыр.

Әзербайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ мәртебесіне қатысты қақтығыстың шешілмей тұрғанына ондаған жыл болды. Аймақ халқының көбі - этникалық армяндар, бірақ олар әлем елдері мойындаған Әзербайжан шекарасы ішінде отыр.

Таулы Қарабақ картасы.

Таулы Қарабақ картасы.

Парламенттегі «Наследие» партиясы фракциясының жетекшісі Рубен Акопян Ресей шенеуніктерінің уәдесіне сүйеніп, [Армения-Қарабақ шекарасына] «кеден бекеті қойылмайды» деп мәлімдеген биліктің уәдесін «ұшқалақтық» деп бағалайды. Оның айтуынша, келісім-шартта бекет қоймауға нақты кепілдік жоқ.

Арменияның «Дашнакцутюн» партиясының да Таулы Қарабақ мәселесіне байланысты ЕАЭО-ға деген күдігі сейілмеген.

Бұл партияның парламенттегі фракциясы жетекшісі Армен Рустамян Азаттықтың Армян қызметіне берген сұхбатында «Бірақ бұл процестің соңында Қарабақ шетте қалады немесе Әзербайжанның тапсырмасымен Қазақстан айтқандай болып шығады деп ойламаймын» дейді.

КОМПРОМИСС ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВ

Бұл дау Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мамырдың 29-ы күні Астанада өткен саммитте айтқан сөзінен шыққан. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің хатын оқып берген соң президент Назарбаев «Армения ЕАЭО-ға халықаралық қауымдастық мойындаған шекарасы аясында ғана қосыла алады» деп мәлімдеген.

Армения билігі іле-шала реакция білдіріп, президент Серж Саргасян «Назарбаевтың айтқаны ұнамады, бірақ оның сөздері зиян келтіре алмайды» деп мәлімдеді.

ТМД саммитіне қатысқан мемлекет басшылары: солардың ішінде Армения президенті Серж Саргсян, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко және Ресей президенті Владимир Путин. Минск, 10 қазан 2014 жыл.

ТМД саммитіне қатысқан мемлекет басшылары: солардың ішінде Армения президенті Серж Саргсян, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко және Ресей президенті Владимир Путин. Минск, 10 қазан 2014 жыл.

Армения президенті «Назарбаевтың айтқанына келсек, қазірден бастап шекара туралы айта бастағанымыз жарамайды. Біз ешқандай шекара туралы айтқан жоқпыз. Қарабақ мәселесі Кеден Одағында шешілмейді. Кеден Одағына Қарабақпен кіреміз деп кім айтты? Біздің заңдарымыз бойынша Қарабақ қазір Арменияның бөлігі емес, сондықтан ондай ойымыз болған емес. Бірақ Кеден Одағына мүшелік Таулы Қарабақ проблемасын шешуге көмектесетіні даусыз» деп мәлімдеген.

Алайда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Армениядағы дауды қоздырған тағы бір мәлімдеме жасағанына қарағанда, бұл мәселе оңай шешілмейтін сияқты. Қазанның 10-ы күні Минскіде Арменияны одаққа қабылдау туралы келісім-шартқа қол қойғаннан кейін президент Назарбаев «бұрын айтқан шетін мәселе бойынша ортақ ымыраға келдік, ЕАЭО-ға Арменияның қандай шекара шегінде кіретініне қатысты мәселе шешілді» деп мәлімдеді.

Біздің заңдарымыз бойынша Қарабақ қазір Арменияның бөлігі емес, сондықтан ондай ойымыз болған емес.

Назарбаевтың қандай ымыраны меңзегенін Армения жұртының көбі білмейді. Ел билігі де мұны түсіндірмеді. Бірақ Минск кездесуінен бірер күннен кейін Армения сыртқы істер министрлігі Армения мен Таулы Қарабақ арасындағы шекарада кедендік бекет орнатуға қатысты мәлімдеме жасады. Ереван «келісім-шартта бұл туралы ештеңе айтылмаған» әрі Армения мен Қарабақ арасындағы тауар айналымы «бұрынғы қалпында қала береді» деп мәлімдеді.

Арменияның ЕАЭО-ға қосылуы туралы келісім-шартты конституциялық сот та қарауы тиіс. Бірақ парламенттегі билік партиясы - Армения республикалық партиясы фракциясының жетекшісі Ваграм Багдасарян Ресей бастаған одаққа мүшелікке өту туралы саяси шешім қабылданып қойғанын, ал парламентте келісім-шартқа косметикалық өзгерістер ғана енгізілуі мүмкін екенін айтады.

Беларусь, Қазақстан және Ресей құрған Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО немесе ЕЭО) 2015 жылдың басында іске қосылады. Оған Армениядан бөлек, Қырғызстан да кіруге ниет білдірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG