Accessibility links

Армениядағы Назарбаев көшесі атаусыз қалды


Орталық көшесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілген Арич ауылы. Армения. Қазан. 2015 жыл.

Орталық көшесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілген Арич ауылы. Армения. Қазан. 2015 жыл.

Арменияның Ширак облысы, Арич ауылындағы орталық көшелердің бірінен Нұрсұлтан Назарбаев есімі алынып тасталды. Әзірге көшеге жаңа ат берілген жоқ. Тұрғындар президент Назарбаевтың Армения туралы айтқандарына наразы.

Арменияның Ширак облысы, Артик ауданы Арич ауылындағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталып келе жатқан көше атаусыз қалды.

«НАЗАРБАЕВ АРМЕНИЯҒА КЕЛГЕН ЖОҚ»

Арич ауылының басшысы Роланд Назаретянның Азаттық тілшісіне айтуынша, Назарбаев есімін алып тастау туралы шешім төрт-бес күн бұрын өткен ауыл ақсақалдарының отырысында қабылданған.

- Біз дұрыс жасаған да шығармыз. Себебі, Назарбаев Арменияға келген жоқ. «Әзірбайжандар біздің бауырымыз» деп, «оларды армяндар өлтіріп жатыр» дейді. Бұл нені білдіреді?...- дейді ауыл басшысы.

Биылғы Таулы Қарабақтағы қақтығыс кезінде Қазақстан президенті Әзербайжан мен Арменияны жанжалды бейбіт жолмен реттеуге шақырған. Назаретян айтқандай мәлімдемелер болған емес.

Оның айтуынша, қазіргі кезде көшеден «Назарбаев көшесі» деген тақтайша алынып тасталған. Әзірге, көшеге жаңа ат қойылмапты.

- Төрт-бес атау бар. Әзірге, нақты шешім қабылданған жоқ, - дейді ол.

Арич кітапханасындағы Назарбаев бұрышы. Армения. 2015 жыл.

Арич кітапханасындағы Назарбаев бұрышы. Армения. 2015 жыл.

Арич ауылында президент Назарбаев атындағы көшеден басқа ауыл кітапханасында оған арналған бұрыш та бар. Назаретян бұрышқа тиіспей, тек ондағы Назарбаевтың үлкен портреті қабырғадан алынып тасталғанын айтты.

Арич ауылының тұрғыны Тигран Манвелянның айтуынша, Әзербайжан мен Армения арасында бірнеше күнге созылған жанжалдан кейін соған байланысты айтылған мәлімдемелер ауыл тұрғындарының ашу ызасына тие бастаған. Жоғары жақтан Назарбаев есімін көшеден алып тастау туралы нұсқау берілген соң ақсақалдар кеңесі жиналып, шешім қабылдаған.

- Ауыл әкімшілігі көше атуын өзгертпеуге тырысқанмен қарсылықтарға төтеп беру мүмкін емес еді. Жоғары жақтан бұған қатты мән беріп, қысым жасады. Қандай ат қоймасын, бірақ әйтеуір Назарбаев есімін алып тастау керектігін айтты. Ауыл тұрғындары да наразы. Себебі, ол соғыста (Таулы Қарабата жақында болған атыстар – ред.) жастар қаза тапты, - дейді Манвелян Азаттық тілшісіне.

ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІЛІГІНІҢ УӘЖІ

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Арменияның Арич ауылында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көше екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың белгісі ретінде пайда болған. 2011 жылы ондағы Қазақстан елшілігінің бастамасымен Қазақстан президентіне арналған бұрыш ашылған. Бұған дейін Азаттық Қазақстан елшілігінің жергілікті кітапханаға жылына бірнеше мәрте қажетті заттар сыйлап тұратынын жазған да болатын.

Әйткенмен Қазақстанның Армениядағы елшілігінің өкілдері Аричте «Назарбаев көшесінің ресми түрде мүлде болмағанын» айтады.

- Онда (Арич ауылында – ред.) мұндай көше ресми түрде жоқ. Тұрғындардың өздері тақтайша іліп қойған, - дейді елшілік өкілі Әскер Киіков.

Алайда Арич ауылының басшысы Роланд Назаретян «көшеге Назарбаев есімін беру туралы арнайы шешім болғанын» айтты.

Арич ауылындағы орталық көше. Армения. 2015 жыл.

Арич ауылындағы орталық көше. Армения. 2015 жыл.

​Таулы Қарабақтағы жанжалдан кейін 8 сәуірде Ереванда өтуі тиіс Еуразия экономика одағының үкіметаралық кеңесі Қазақстан тарапының келмеуіне байланысты өтпей қалған еді. Қазақстанның үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Мәскеуге кеңесті басқа елде өткізу туралы ұсыныс жасаған. Ал Армения Қазақстанды ЕАЭО-ның Ереванда өтуі тиіс болған саммитіне Әзербайжанды қолдау ниетімен қарсы шықты деп айыптаған болатын.

2015 жылдың көктемінде Астана қаласындағы Левон Мирзоян атындағы көше де армян диаспорасының қарсылықтарына қарамастан Қаныш Сәтбаев атына өзгертілген болатын. Бастама иелері «тарихшылар Мирзоянның қазақ интеллигенциясын жойылуына ықпал еткенін дәлелдеді» деген уәж айтқан.

Арич ауылындағы Назарбаев көшесі Қазақстан президентінің атына берілген тұңғыш көше емес. 2015 жылы Татарстан астанасы Қазан қаласында да Эспаранто көшесіне тұрғындардың наразылығына қарамастан Назарбаевтың аты берілген. Былтыр Түркияның Адан қаласында да Назарбаев көшесі пайда болды. Бұл - Түркияда Назарбаев атымен аталған төртінші көше.

Ал Аричтағы Назарбаев көшесі - Қазақстан президентінің атына берілген көшелердің ішінде атын өзгерткен алғашқысы.

Арич ауылы тұрғындарының саны бір мыңнан асады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG