Accessibility links

Армения үкіметі қаржыландыратын «құпия» ұйымдар


Армениядағы танымал үкіметтік емес ұйымдарды билік қаржыландырмайды. (Көрнекі сурет)

Армениядағы танымал үкіметтік емес ұйымдарды билік қаржыландырмайды. (Көрнекі сурет)

Арменияда 30 шақты үкіметтік емес ұйым бірнеше жыл бойы үкіметтен қаржы алып келген. Азаттықтың Армян бөлімі тек қағаз жүзінде «жұмыс істейтін» бұл ұйымдарды таба алмады.

«Білімді ұрпақ» атты үкіметтік емес ұйымының (ҮЕҰ) мекенжайы ретінде Ереванның орталығындағы көше көрсетілген. Ол жерге келген кезімізде қаңыраған бос пәтер ғана тұрды. Ұйым туралы көршілер де ештеме білмейтін болып шықты.

Қатар тұрған бірнеше есіктің де «иелері» бар. Ол пәтерлерге «Arbanyak» («Жолдас») атты "адам құқықтарын қорғайтын" топ, «Жастар елі» атты "денсаулық сақтау саласындағы үкіметтік емес ұйым" тіркелген. Олардың да кеңселері бос тұр. Үйдің меңгерушісі ұйымдар туралы естімегенін, пәтерлердің «шетелдік қонақтар үшін» жалға алынғанын айтты.

Бұл ұйымдар 2010-2012 жылдары үкіметтен 1 миллион 200 мың АҚШ долларын алған 31 ұйымның қатарында бар. Бұл ақпаратты Еревандағы «Еркін ақпарат орталығы» елдің қаржы министрлігінен алған.

Алайда қаржы министрлігінің тізіміндегі бірде-бір ұйым Арменияның азаматтық қоғамының дамуына үлес қоспаған. Министрлік берген ақпараттан бұл ұйымдардың грант алардан бірнеше апта бұрын ғана құрылып, әділет министрлігінде тіркелгендері көрінеді.

«ТАСАДА ОТЫРУ»

«Еркін ақпарат орталығы» директоры Шушан Дойдоян бұл ұйымдардың атқарған қызметі туралы ақпарат жоқ екенін айтады.

- Ақпараттың жоқтығына таңғалдым. Өйткені әдетте ҮЕҰ өз қызметі туралы барынша көп адамның білгенін қалайды және барынша көп адамға өздері туралы ақпарат береді. Бірақ мына «ҮЕҰ» деп аталған ұйымдар тасада қалған, - дейді ол.
Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері полицейлермен кездесуге келіп отыр. Ереван, 28 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері полицейлермен кездесуге келіп отыр. Ереван, 28 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)


«Даму және интеграция» деп аталатын ҮЕҰ ең мол қаржыны – 183 мың АҚШ долларын (алты жоба бойынша) алған. Әділет министрлігі берген ақпаратта бұл ұйымды құрғандардың бірі ретінде 2012 жылға дейін Армения президенті Серж Саркисянның көмекшісі болып істеген, қазіргі депутат Левон Мартиросянның есімі көрсетілген.

«Даму және интеграция» ұйымының вебсайтында бұл ұйымды үкіметтің басқа қоғамдық ұйымдарға қаржы аудару үшін құрғаны айтылған. Бірақ ол арқылы қай ұйымдарға қаржы аударылғаны көрсетілмеген.

Тізімдегі ұйымдардың көпшілігі күмән тудырды. Мәселен, алты ұйымның құрылтайшысы ретінде Сурен Барсегян есімді адам көрсетілген. Мұндай адам туралы ақпарат табу, онымен хабарласу мүмкін емес.

Арменияның Гюмри қаласындағы журналистердің «Аспарез» клубының басшысы, демократиялық белсенді Левон Барсегян (Сурен Барсегянның туысы емес):

- Жаңа ғана құрылған бұл ұйымдардың үкіметтен соншама қаржыны тез арада қалай ала қалғандары түсініксіз. Олардың қоғамдық қызметтері де белгісіз, - дейді.

«ӘРІПТЕС ҰЙЫМДАР»

Армениядағы ең белгілі деген ҮЕҰ-лар Батыс елдерінің үкіметтері мен шетелдік қорлардың көмегін алып келе жатыр.

«Армян үкіметінің гранттарын құрамына президент әкімшілігінің шенеуніктері кіретін мониторинг тобы мен әріптес ұйымдардың өкілдері бақылайды» деп жазды Армения президентінің баспасөз хатшысы Арман Сагателян Азаттықтың Армян қызметінің сауалына берген жауабында.
Армения президенті Серж Саркосян (солдан санағанда екінші тұр). Ереван, 24 сәуір 2013 жыл.

Армения президенті Серж Саркосян (солдан санағанда екінші тұр). Ереван, 24 сәуір 2013 жыл.


Сагателян «әріптес ұйымдарға» анықтама бермеген, бірақ ол «ұйымдардың» үкімет гранттарының қалай жұмсалатынын бақылайтынын жазған. Ал жоғарыда айтылған «Даму және интеграция» вебсайтында ұйым өзін президент әкімшілігінің «әріптес ұйымы» ретінде көрсеткен.

Сагателянның айтуынша, «бұл мониторинг тобы қазір азаматтық қоғамды дамытуға ықпал ететін қаржыландыру тәсілін ойластырып жатыр».

Ереван баспасөз клубының төрағасы Борис Навасардян «құпия» гранттар мемлекеттік қаржы құпия жұмсалатындықтан пайда болады» деп есептейді.

- Біз мемлекеттік тендерлердің қалай берілетінін білеміз. Гранттар да тура сондай жолмен үлестіріледі. Біз азаматтық қоғамның дамығанын, жариялылық болғанын қалаймыз, - дейді ол.

Transparency International халықаралық ұйымының 2012 жылы жариялаған жемқорлық индексінде Армения 176 елдің ішінде 105-орында (Габон, Танзания мен Алжирден кейін) тұр.
XS
SM
MD
LG