Accessibility links

Армения омбудсмені сот жүйесіндегі коррупцияны әшкереледі


Армения адам құқықтары жөніндегі омбудсмені Карен Андреасян. Ереван, 23 шілде 2013 жыл.
Армения адам құқықтары жөніндегі омбудсмені Карен Андреасян. Ереван, 23 шілде 2013 жыл.

Арменияның адам құқы бойынша омбудсмені елдегі сот жүйесін коррупция жайлап алғанын мәлімдеді. «Армения сотында жемқорлық індетке айналып, судьялар тіпті тариф белгілеп алған».

Арменияның сот билігі жемқорлық жайлы бұл баяндамадан әлі ес жия алмай отыр.

ОМБУДСМЕН МӘЛІМДЕМЕСІ

Желтоқсанның 9-ы күні Армения адам құқықтары жөніндегі омбудсмені Карен Андреасян «Армения сот жүйесін коррупция жайлағаны сонша, судьялардың қолында бейресми прайс-лист (қызмет бағасы тізімі - ред.) бар» деп мәлімдеді. Ондағы пара мөлшері 50 мың АҚШ долларына дейін жетеді-мыс.

Андреасянның орынбасары Геня Петросян дүйсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында:

Армения соты. (Көрнекі сурет)
Армения соты. (Көрнекі сурет)
- Сұхбат жүргізу арқылы пара мөлшері шағым құнының 10 пайызын құрайтынын анықтадық. Респонденттердің көбі пара мөлшері бірінші инстанцияда - 500-10 000 (он мың - ред.) доллар, ал апелляциялық сотта – 200-15 000 (он бес мың - ред.) доллар шамасында, кассациялық сотта 10 мыңнан 50 мың долларға дейін жететінін айтты, - деп мәлімдеді.

Андреасянның тобы 120-ға жуық сот қызметкерлерімен, заңгерлер, адвокаттар және прокурорлармен сөйлесіп, олардың пікірін сараптап шыққан. Одан бөлек, соңғы жеті жылдағы Армения кассациялық соты пен әділет кеңесінің (құрамына президент, прокурор және әділет министрі енетін бақылаушы орган - ред.) үкім-қаулыларын талдай отырып, осындай қорытындыға келген.

Баяндама сот билігі өкілдеріне ұнамаған. Арменияның судьялар кеңесі баяндама авторларын «Арменияның соты туралы жалған идея таратты» деп айыптап, мәлімдемелерін «үкіметке қарсы тұжырым» деп жариялады. Судьялар кеңесінің өкілі желтоқсанның 11-і күні «Баяндама дәйексіз пікірлерге негізделген, мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамдық тәртіпке қатер төндіреді» деп мәлімдеді.

Армения бас прокуроры Геворг Костанян парламентте сөйлеп тұр. Ереван, 1 қараша 2013 жыл.
Армения бас прокуроры Геворг Костанян парламентте сөйлеп тұр. Ереван, 1 қараша 2013 жыл.
Сол күні Армения бас прокуроры Геворг Костанян «омбудсмен бізге нақты дәлелдер ұсынсын» деді.

Әділет министрлігінің өкілі Арсен Бабаян да баяндаманың шынайылығы мен нақтылығына күмән келтіреді.

Ал адвокаттардың көбі, керісінше, омбудсмен мәлімдемелерін қолдайды.

- Бұдан өткен шынайы әрі сенімді баяндама көрген емеспін, - дейді адвокат Тигран Айрапетян.

«СУДЬЯНЫҢ ПАРАҚОР БОЛҒАНЫ БИЛІККЕ ТИІМДІ»

Армения заңгерлері елде сыбайлас жемқорлықтың өршіп кеткені туралы айтып, бұрыннан шағымданып келеді. Кассациялық соттағы заң бұзушылыққа қарсы шыққан 500-ден астам заңгер былтыр біркүндік ереуіл ұйымдастырған.

Адвокат Айк Алумян тиімді шешім шығарып беремін деп пара бопсалаған судьяларды көп кездестіргенін айтады. Алумянның пікірінше, билік қазіргі сот жүйесін өзгертуге асықпайды, себебі судьялардың әлсіздігі оларды қажетті бағытқа икемдеуге мүмкіндік береді.

- Прокурорлар мен арнайы қызмет органдары судьялардың әлсіз тұсын біледі. Сыбайлас жемқорлықтан тартынбайтын, пара алуға дәніккен судьяны басқару оңай, осындай соттардың болғаны билікке ыңғайлы, - дейді Алумян.

Армения адам құқықтары жөніндегі омбудсмені Карен Андреасян. Ереван, 2 наурыз, 2011 жыл.
Армения адам құқықтары жөніндегі омбудсмені Карен Андреасян. Ереван, 2 наурыз, 2011 жыл.
Омбудсмен Арменияда пара алғаны үшін бірде-бір судьяның сотқа тартылмағанын айтқан.

Transparency International ұйымының дерегі бойынша, Армениядағы сот жүйесі - сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан секторлардың бірі. Осы жылы елдің сот жүйесі бес балдық жүйемен төрт ұпай алды. Ғаламдық жемқорлық барометрі (Global Corruption Barometer) бойынша парақорлықтың ең жоғарғы деңгейі бес балмен есептеледі.

Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG