Accessibility links

Арменияның полиция басшысы әжуаға қалды


Армениялық полиция басшысы Владимир Гаспарян.
Армениялық полиция басшысы Владимир Гаспарян.

Арменияның полиция басшысы Еревандағы наразылық шеруінде ерекше көзге түсті. Оның шерушілерге айтқан қаһарлы сөздеріне кейбіреулер ашуланса, енді біреулер күлкіге айналдырды.

Екі апта бұрын Владимир Гаспарян Армения ғана танитын көп шенеуніктің бірі еді. Бірақ Ереван көшесінде өте шиеленісті шеру басталғалы полиция басшысы жұрт назарына жиі түсетін болды.

Маусымның 19-ынан бастап биліктің электр қуатының бағасын өсіргеніне наразылық танытушылар «Электрлі Ереван» атты шеруге шыққан. Содан бері Гаспарян шерушілерге қатысты көзқарасын сан рет өзгертті.

Бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасары, қатаң әдістерімен танылған Гаспарян қазір күн сайын Ереванның орталығындағы маршал Баграмян атындағы даңғылға барып, жол қозғалысын тоқтатқан белсенділерге дауыс көтере ұрсып, оларды тыныштандыруға тырысады.

«Микрофонды өшіріңдер! Оны маған беріңдер!» деп бұйырды ол маусымның 28-і күні шерушілерге саусағын безеп. Содан соң алаңды босатуға «30 минут» беретінін ескертті.

Содан бір күн бұрын Владимир Гаспарян мәмілеге келетін сыңай танытып, ел президенті Серж Саргсян баға өсімін уақытша тоқтату жайлы шешім қабылдаған соң энергетика проблемасын тез шешеміз деп уәде еткен еді. Ол түгелдей ресейлік Интер РАО компаниясына қарайтын электр желілерін жақында Армения өзі басқаратын болады деп мәлімдеген.

Полиция басшысы шерушілерді қолдауға келген депутаттар мен бірнеше журналиске дүрсе қоя берді. Маусымның 28-і күні оның пікірін білгісі келген украиналық журналистке Гаспарян «Жоқ!» деп ақырып жіберген соң күзетшілері журналисті полиция басшысының қасынан алып кетті.

«Көзіме көрінбе!» деп ақырды ол тағы бір журналиске. «Алдымен осы елге еңбегіңді сіңір, содан соң тіліңді безе!» деген Гаспарян кетіп бара жатып тілшіні «бұзау» деп тілдеді.

Әзірге Гаспарянның дөрекі әрекеттері наразыларды қорқыта алған жоқ. Шерушілер оны қатты ысқырып қарсы алады және ел президенті Саргсяннан электр бағасын өсіру туралы бұйрықтың күшін жоюды талап етеді. Сондай-ақ, олар маусымның 23-і күні наразылық шеруіне шыққандарды күштеп қудалаған полицияларды жазалауды сұрайды.

Гаспарянның сөзі өтпей, кекесінге ұшырауына тағы бір себеп – армян билігінің сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқаны. Гаспарян сияқты шенеуніктердің жауапсыздығы халықты әбден ашындырған, шерудің негізгі себебін де содан іздеуге болады.

Шерушілер әлеуметтік желі беттерінде полиция басшысын келекелей бастады. Қатыгез басшыға қарсы шыққан көкөністер жайлы баяндайтын «Қызанақ мырза» деп аталатын советтік мультфильм кейіпкері – Чиполлиноға жасалған пародия интернетте кең тарады.

Мультфильмдегі ауаға жаңа салық салу туралы «Қызанақ мырзаның» пәрменін жариялаған полиция басшысының көкөністерден «азырақ тыныстауды» талап еткен сәті бейнеленген көрініске Владимир Гаспарянның шерушілерден «естерін жиюды, ақылға келуді» талап еткен сөзі салынған.

Онлайн сыншылар Гаспарянның айтқан сөзін америкалық актер әрі режиссер Мэл Гибсон түсірген, 13-ғасырдағы ағышын әскеріне қарсы соғысқан шотландтық жауынгерлер жайлы баяндайтын «Ержүрек» атты фильмнің бір көрінісіне де салыпты.

Клэр Биггтің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG