Accessibility links

Азияда ер адамдар шамадан тыс көбейіп барады


Дағыстандағы ауыл көшесі. 9 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Дағыстандағы ауыл көшесі. 9 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Шығыс және Оңтүстік Азия елдері ұлдар мен қыздар санын теңестіру үшін күресіп келеді. Бұл елдердің кейбірінде 100 қызға шаққанда 130-140 ер бала туады.

Бұл мәселе Оңтүстік Кавказ бен Балқан елдерінің де проблемасына айналып отыр. Құрсақтағы баланың жынысына қарап түсік жасатудың кесірінен ер балалар күрт көбейіп, бұл қылмыстың өршуі, жезөкшелік, ВИЧ індеті және әлеуметтік қақтығыстарға себеп болған.

Осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалым, Science журналының Қытайдағы тілшісі, «Жасанды сұрыптау: қыздардан гөрі ұлдарды таңдау және еркектер жайлаған әлемнің келешегі» (Unnatural Selection: Choosing Boys Over Girls, and the Consequences of a World Full of Men) кітабының авторы Мара Хвистендаль Азаттыққа сұхбат берді.

ӘЙЕЛДЕР ЕРКЕКТЕРДЕН 100 МИЛЛИОНҒА АЗ

– Сіздің кітабыңыздағы «табиғи емес селекция» деген сөз нені білдіреді?

– Жер бетіндегі адам санына қарасақ, әйелдердің саны табиғи межеден 100 миллион адамға кем. Бұл - көбіне құрсақтағы баланың жынысына қарай түсік жасатудың кесірінен болған құбылыс. Яғни жүкті әйел шаранаға ультрадыбыстық зерттеу жасатып, оның жынысы қыз екенін білген соң, баланы алдырып тастайды. «Табиғи емес селекция» – осы құбылысты сипаттау үшін пайдаланылатын тіркес.
Science журналының Қытайдағы тілшісі Мара Хвистендаль.

Science журналының Қытайдағы тілшісі Мара Хвистендаль.


Баланы жынысына қарай таңдап туу Шығыс және Оңтүстік Азия, Оңтүстік Кавказ аймақтарындағы бала санын шектеу үрдісімен тікелей байланысты. Бұрын әйелдер төрт-бес құрсақ көтеретін, олардың біреуі болмаса біреуі ер бала болатын. Ол кезде жаңа технологияға арқа сүйеп, ұл таңдаудың қажеті болған жоқ. Ал қазір ұлды болғысы келетіндер көп. Бірақ жер шарындағы әйелдердің көбі бір-екі баламен шектелетіндіктен, іште жатқан шарананың жынысын ерте бастан анықтап, түсік жасату көбейді.

– Дәстүр, дамушы елдердегі бала санының кемуі және технология әсер еткен бұл құбылыс әлем елдеріндегі демографиялық процестерге қалай ықпал етіп отыр?

– 1980 жылдары Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Тайвань сияқты елдерде, Шығыс Азияның біраз бөлігіндегі қалалық жерлерде ультрадыбыстық зерттеу құралдары пайда болды. Осыдан кейін баланы жынысына қарай таңдап туу басталды. Бұл «дәстүр» 2000 жылдардан бастап Грузия, Әзербайжан, Армения сияқты мемлекеттерде, Балқан елдерінде пайда болды.

Кейбір елдердегі статистикалық мәліметті алу қиын, бірақ Албанияда да баланы жынысына қарай таңдап туу жайттары тіркелген. Қазір жұрт тек УЗИ аппаратымен шектеліп отырған жоқ, технология дамып келеді. Осы күні жүктіліктің жетінші аптасынан бастап-ақ шарананың қан құрамын тексеруге болады. Анасының қанын зерттеу арқылы баланың жынысын ерте бастан анықтауға мүмкіндік бар. Сонымен бірге экстракорпоралдық ұрықтандыру кезінде генетикалық диагноз жасатып, баланың ұл не қыз болатынын таңдауға да болады.

Шарананың қан құрамын тексеру технологиясы әлі де бастапқы даму кезеңінде тұр. Бұл әдіс АҚШ және басқа бірнеше аймақта қолға алынды, бірақ технологияның ерекшелігі – ол күн өткен сайын қалың бұқараға кең тарап, біртіндіп арзандай береді. ЭКО әдісі әлі де қымбат. Баланың жынысын таңдауға заң бойынша тыйым салынған Шығыс Еуропа, Азия елдері, Австралия тұрғындары Калифорниядағы емханаларға келіп, қомақты қаржы төлеп, таңдауына қарай ұл не қыз туады. Алдағы жылдары бұл технология да арзандайды.
Мара Хвистендальдің кітабының мұқабасы.

Мара Хвистендальдің кітабының мұқабасы.


ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП ЖАТҚАН ЕЛДЕРДІҢ ПРОБЛЕМАСЫ

– Сонда баланы жынысына қарай таңдап туу бай адамдардың арасында ғана тараған ба?

– Гендерлік теңсіздік артта қалған елдердегі құбылыс ретінде айтылып келді. Алайда демографиялық мәліметтерге қарасақ, мұның жаңсақ пікір екеніне көз жеткіземіз. Баланы жынысына қарай таңдап туу алдымен қалалық жерлерде, тез дамып келе жатқан мемлекеттерде көп байқалады. Сондықтан бұл құбылыс Қытайда, Үндістанда және Шығыс Еуропаның біраз аймақтарында көбейіп отыр. Бұл әдісті алдымен елдің элитасы пайдаланады.

– Қытай мен Үндістандағы демографиялық проблемалар бұрыннан белгілі. Ал сіз Оңтүстік Кавказ елдерін де сөз етіп отырсыз...

– Оныңыз рас. Мен зерттеген 2005 жылғы мәліметтер бойынша Әзербайжан, Армения, Грузияда 100 қызға 110 ұлдан, ал Арменияда тіпті 120 ұлдан келеді. Бұл – өте қауіпті құбылыс, себебі жағдай Қытайдағымен бірдей деген сөз. Бұл фактілер демографтарды таңғалдырғаны рас. Себебі бұл аймақта мұндай мәселе туындайды деп ешкім ойламаса керек.

Шығыс Еуропа елдеріндегі сияқты мұнда да түсік жасату көрсеткіші өте жоғары болып тұр. Бұл елдер дамып келе жатқандықтан, технология мұнда да келіп жатыр, ал бала туу көрсеткіші күрт кеміп кеткен.

Мұндай құбылысты осыдан ондаған жылдар бұрын Шығыс Азия аймағынан байқағанбыз, енді бұл Кавказ елдеріне келді.
Алматылық Есентай Қапардың төртемі (Бекайша, Нұрайша, Гүлайша, Жанайша) және кіші баласы (Нарғыз). 29 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматылық Есентай Қапардың төртемі (Бекайша, Нұрайша, Гүлайша, Жанайша) және кіші баласы (Нарғыз). 29 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)


– Бұл мәселені әлі заң бойынша реттемеген елдердің басшылары осы құбылысқа қалай қарайды?

– Бұл мәселе туындаған елдердегі алғашқы реакция – жоққа шығару (бұл құбылыстың бар екенін мойындамау – ред.), себебі модернизацияланып жатқан елде мұндай проблеманың болуы ұят саналады. 2010 жылдан бері Кавказ елдері проблеманы жасыра алмай қалды. Еуропа Кеңесі бұл аймақтағы баланы жынысына қарай таңдап тууды айыптайтын мәлімдеме жасап, арнайы делегация жіберіп, тексеру жүргізді. Бірақ әдетте проблеманың бар екенін мойындап, шара қолданғанша біраз уақыт өтеді.

Албанияға барып, онда кітабымды таныстырып, ресми адамдарға, соның ішінде денсаулық сақтау саласының өкілдеріне осы мәселе туралы айтқанымда, олар «мұндай мәселе жоқ» деп ақталды. Ал дәрігерлермен сөйлессең, басқа жайттың куәсі боласың. Олар сізге ауруханаларда баланы жынысына қарай таңдап туудың қалай жүріп жатқанын айтып береді. Әдетте мәселе көтеріп, дабыл қағатын алғашқы адамдар – дәрігерлер. Бірақ мұны ұлттық проблема деп мойындап, тиісті шара қолдана бастағанға дейін біраз уақыт өтеді.

БОЙДАҚТАР ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА ҚАТЕР

– Бұған қарсы неге шара қолдану керек? Ерлер мен әйелдер арасындағы демографиялық теңсіздік қандай әлеуметтік мәселелерді туындатады?

– Түп негізінде бұл сексизм мен әйелдер мәселесін туғызады. Ер балалар көбейіп кеткен елдерге барсаңыз, өмірлік жарын таба алмай жүрген еркектердің көптігін байқайсыз.

Қытай мен Үндістанда біраз уақыттан бері қалыптасқан үрдіс – бай еркектер кедей қыздарды ақшаға сатып алады. Олар Оңтүстік-шығыс Азияға арнайы танысу сапарларына барып, таңдаған қыздарын айттырып алып келеді. Ерлер көп болған жерлерде әйелдерді жезөкшелікке жегу де көбейеді. Ал стратегиялық тұрғыдан алып қарағанда, бұл – мемлекеттің тұрақтылығына қауіп төндіретін жайт.

Шығыс Азияның кей елдері еркектердің әйелдерден көп болуы тұрақсыздыққа итермелейтін фактор деп мойындап, шұғыл әрекеттерге көшті. Әйелдермен салыстырғанда ерлер арасында қылмыс көп тіркеледі. Сондықтан жастардың арасында ерлердің көп болуы қылмыс пен зорлық-зомбылықты өршітіп жіберуі мүмкін.
Ойнап жүрген балалар. Көрнекі сурет. (Фотоны Мадина Шадаева есімді оқырман жолдаған)

Ойнап жүрген балалар. Көрнекі сурет. (Фотоны Мадина Шадаева есімді оқырман жолдаған)


– Басқа аймақтарда, атап айтсақ, Орталық Азия елдерінде, мәселен Қазақстанда бұл мәселе туындауы мүмкін бе?

– Мұның қай елде туындайтынын болжау қиын. Демографтармен сұхбаттасқанымда олар да «Келесі кезекте қай елдер тұр?» деген сұраққа алаңдайтындарын айтады. Бірақ көбінесе санақ нәтижелері шығып, екі жыныс арасындағы тепе-теңдік бұзылғаны айқындалған кезде тым кеш болады. Баланы таңдап туу үрдісі біраз уақыт бұрын басталып кеткен болып шығады.

Нәрестенің жынысына қарай түсік жасату Түркияда көбейгенін естідім, Македонияға да демографтар жіті назар аударып отыр. Арнайы барып, фактілерді тексермейінше, бұл мәселе бірнеше жыл бойы жабулы күйінде қала беруі мүмкін.

– Мәселенің алдын алу үшін не істеу керек?

– Ұлды болуға деген құлшыныс азаймай тұр, бұл үрдістен арылу өте қиын. Меніңше, біз алдымен технологиядан бастауымыз керек. Технологияның Батыста пайда болатыны және оның жыныстық селекция мәселесін тудыратыны әу бастан белгілі болды. Меніңше, бұған қарсы халықаралық деңгейде жұмылу керек. Еуропа Кеңесінің бұл мәселеге назар аударуы қуантады. Сонымен қатар, БҰҰ-ның халықты қоныстандыру қоры белсендірек болса деген ұсыныс бар. Бұл жекелеген мемлекеттер өз бетімен шеше алатын мәселе емес.

Сұхбатты ағылшын тілінен Мұхтар Екей аударды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG