Accessibility links

Чемпионат қонақтары расизмді байқамаса, шетелдік студенттер кемсітудің бар екенін айтады


Львов қаласының көшесінде "Hate football, love racizm" ("Футболды жек көр, расизмді жақсы көр") деп жазулы тұр. Украина, 1 маусым 2012 жыл.

Львов қаласының көшесінде "Hate football, love racizm" ("Футболды жек көр, расизмді жақсы көр") деп жазулы тұр. Украина, 1 маусым 2012 жыл.

Украина мен Польшаға келген шетелдік жанкүйерлердің біразы «нәсілдік кемсітуді байқамадық» дейді. Ал Украинада оқып жатқан қара нәсілді студенттер жергілікті халықтың бірнеше рет қорлағанын айтады.


Жанкүйерлердің көбі Украина мен Польшаға келерде сақтанғандарын айтады. Чемпионат алдында баспасөз беттеріндегі расизм мәселесіне қатысты материалдар фанаттар арасында қызу талқыланған. ВВС арнасынан көрсетілген жергілікті жанкүйерлердің Харьковтағы стадионда азиялық студенттерге шабуыл жасаған видеосы да туристердің көңіліне қорқыныш ұялатыпты.

«КЕМСІТУ БАЙҚАМАДЫМ»

Нью-Йорк қаласының тұрғыны, 27 жасар қара нәсілді Эмека Бона есімді жанкүйер бұл жайттарға қарамастан, Еуропа чемпионатына келгенін айтады.

- Чемпионатқа дейін мен Украина мен Польша жайлы толық білмедім. Расизмге байланысты мәселелерге қарамастан, чемпионатты тамашалауға келдім, - дейді Бона.
Фанаттар төбелесі. Польша, Вроцлав, 8 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Фанаттар төбелесі. Польша, Вроцлав, 8 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)


30 жасар Лондон тұрғыны, қара нәсілді Лишен Украинада нәсілдік кемсітуді байқамағанын айтады.

- Киевтегі жағдай жақсы. Америкалық досым екеуміз бақта украиналық жанкүйерлермен бірге сыра ішіп, Боб Марлидің әнін айтып, біраз демалдық. ВВС арнасында көрсетілген жайттар мен Англия футболшысы Сол Кэмпбелдің айтқандарынан біраз қорқып едім, бірақ Киевте қандай да бір кемсіту байқамадым, - деп отыр Лишен.

«УКРАИНА – ЕУРОПА ЕМЕС»

Ал Киевте тұрып жатқан қара нәсілді студенттердің айтқандары мүлде бөлек. 22 жасар қара нәсілді франциялық студент Пиернот Кая Киевте төрт айдан бері тұрады.

- Осы уақыттың ішінде маған үш рет шабуыл жасалды. Бұл елде расизм бар. Бұл - Украинаның бүгінгі қоғамдық дерті. Қара нәсілді жанкүйерлерді Украинаға келмеуге шақырамын. Еуропаға барыңыздар. Ал Украина - Еуропа емес, - дейді Кая.

Пиернот Каяның төрт досы да оның сөзін құптап отыр.
Украина құрамасының фанаттары көшеде келе жатыр. Украина, Львов, 11 маусым 2012 жыл.

Украина құрамасының фанаттары көшеде келе жатыр. Украина, Львов, 11 маусым 2012 жыл.


Конгодан келген 22 жасар Хэмули Патрик Киевте үш жылдан бері тұрып жатса да, нәсілдік кемсіту көрмегенін айтады. Ал оның досы Джозеф «Метрода белгісіз топ бөтелке лақтырып, ұрып-соқты» деп отыр.

20 жастағы нигериялық студент Прешус «Таныстарымның көбі Еуропа чемпионатына расизмнан қорыққандықтан келмей қалды» дейді. Нигериялық студент:

- Достарымның көбі нәсілдік кемсітушіліктен сақтанып, Украина мен Польшаға келмеді. Дегенмен өз басым бұл елде расизмді байқамадым. Қазір Еуропа чемпионатының біраз ойынын тамашалап үлгердім, - дейді.

«УКРАИНАДА РАСИЗМ ЖОҚ»

Украиналық телекомментаторлар Денис Босянов пен Михаил Герасименко елде нәсілдік кемсіту жоқ дейді. Олардың айтуынша, украиналықтар - өте қонақжай халық. Олар «Украинадан гөрі Еуропаның басқа елдерінде расизм ушығып тұр» деген пікір айтады.

Ал Украина құрамасының бас бапкері Олег Блохин да «Украинада нәсілдік кемсітушілік жоқ» деп ойлайды.
Голландиялық жанкүйер украиналық полицеймен "Металлист" стадионына бара жатыр. Харьков, 9 маусым 2012 жыл.

Голландиялық жанкүйер украиналық полицеймен "Металлист" стадионына бара жатыр. Харьков, 9 маусым 2012 жыл.


Дегенмен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары Голландия құрамасының оқу-жаттығу жиынын тамашалаған жанкүйерлердің бірі қара нәсілді ойыншыларға балағат сөз айтқаны туралы ақпарат таратты.

Футбол жанкүйері Эмека Бона расизмге қатысты жарияланған ақпараттардың барлығы кейін Шығыс Еуропа елдеріндегі нәсілдік кемсітушілікті азайтуға әсер етеді деген ойда.

- Бұл материалдардың барлығы Шығыс Еуропадағы расизмге тосқауыл қояр деп үміттенемін. Ресейде өтетін 2018 жылғы әлем чемпионатында нәсілдік кемсітушілік мәселесі болмайды деген ойдамын, - дейді Бона.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG