Accessibility links

Риоға Австралия атынан барған қазақ балуан


Талғат Ілиясов (қызыл формада) Алжирдегі олимпиадаға іріктеу жарысында күресіп жатыр. (Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды)

Талғат Ілиясов (қызыл формада) Алжирдегі олимпиадаға іріктеу жарысында күресіп жатыр. (Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды)

Өзбекстанда туған этникалық қазақ Талғат Ілиясов олимпиадаға Австралия атынан қатысты. Балуанға Риоға баратын қаржыны мемлекет емес, жанкүйерлер жинап берген. Қазақстанды әлі көрмеген спортшы осы елдегі туыстарына келіп қайтпақ.

Рио олимпиадасында еркін күрестен 74 килограмм салмақ бойынша белдескен Талғат Ілиясов жүлделі орынға жете алмады. Алғашқы кездесуінде жапониялық Сосукэ Такатанимен күресіп жатқанда шынтағын жарақаттап, жарысты аяқтауға мәжбүр болды.

Талғат Ілиясовтың шынтағын жарақаттап алған сәті. Рио-де-Жанейро, 19 тамыз 2016 жыл.

Талғат Ілиясовтың шынтағын жарақаттап алған сәті. Рио-де-Жанейро, 19 тамыз 2016 жыл.

35 жастағы Талғат Ілиясов Өзбекстанда, Ғазалкент қаласында туған. Ата-анасы – этникалық қазақтар. Әкесі Қалдар қазір Ташкентте тұрады. Ал анасы 2005 жылы қайтыс болған. Екі қарындасы да тұрмысқа шыққан, Қазақстанда тұрады.

Талғат Ілиясов 1995 жылдан бастап еркін күрестен Өзбекстан жасөспірімдер құрамасы сапында күрескен. 1997 жылы жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында қола медаль алады. 1999 жылы Австралияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 4-орын иеленеді. Бірақ осы жарыстан кейін ол Өзбекстан ересектер құрамасына ене алмай қалған.

- Австралияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында жергілікті балуанды таза жеңдім. Кейін Австралия жастар құрамасының бапкері осы елдің құрамасына шақырды. Екі айға жаттығуға келдім. Виза, жол шығынын өздері төледі. Ал 2000 жылы Мельбурн қаласына көштім. Өзбекстанда маған мүмкіндік болмайтынын сездім. Себебі менің салмағымда Өзбекстан құрамасына Осетиядан балуан келген еді, - дейді ол.

«АВСТРАЛИЯДА ЧЕМПИОНҒА СЫЙАҚЫ БЕРІЛМЕЙДІ»

Талғат Ілиясовтың Рио олимпиадасына келу шығынан мемлекет емес жанкүйерлері көтеріп алған. Оған Австралия халқы интернет арқылы 10 мың доллар жинап берген.

- Австралияда спортшы да, бапкер де мемлекеттен ақша алмайды. Олардың жарысқа баруына халық көмектеседі. Маған Риоға келу үшін 20 мың доллар қажет болды. Халық интернетпен 10 мың доллар жинап берді. Сол қаржыға келдім, - дейді ол.

Австралияда спортшы да, бапкер де мемлекеттен ақша алмайды. Олардың жарысқа баруына халық көмектеседі. Маған Риоға келу үшін 20 мың доллар қажет болды. Халық интернетпен 10 мың доллар жинап берді. Сол қаржыға келдім.

Спортшының айтуынша, Австралияда өмір сүру сапасы жоғары, бірақ Қазақстан не Өзбекстанда спортшы ретінде пайда табуға мүмкіндік мол.

- Қазақстан мен Өзбекстанда спортшыға жағдай жасалған. Шығынын мемлекет көтереді, ай сайын ақша алып тұрады. Ал Австралияда спорт әуесқой деңгейде. Өзің үшін айналысасың. Біз алдымен күні бойы жұмыс жасаймыз, жаттығу залына жұмыстан кейін барамыз. Жаттығу залдары ақылы, бірақ аса қымбат емес. Балаларды жаттықтырамын. Сондықтан маған жаттығу тегін. Олимпиадада медаль алған Австралия спортшыларына мемлекет сыйақы бермейді. Олар елге барған соң жарнамаға түсіп коммерциялық жолмен ақша табады, - дейді балуан.

«ҚҰРЫЛЫСТА ІСТЕЙМІН»

Талғат Ілиясов 2004 жылы Австралия құрамасының мүшесі ретінде Афина олимпиадасына жолдама алады. Бірақ олимпиада басталуға бірнеше ай қалғанда белін жарақаттап алып, жарысқа бара алмай қалады.

- Дәрігерлер жарысқа қатысуға болады деген анықтама бермей қойды. Олар «күреспен айналысуға болмайды, мүгедек болып қаласың» деп ескертті. Осылайша, Афинаға бармай қалдым. 10 жыл бойы емделіп қайта жаттығуға оралдым. Рио олимпиадасына жолдаманы мұхиттық аймақ елдері мен Африка балуандары арасында Алжирде өткен іріктеу жарысында жеңіп алдым. Ол жарыста күміс иелендім, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Балуан Австралияға оралған соң Рио олимпиадасы кезінде алған қол жарақатын емдетпек.

Талғат Ілиясов (Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды).

Талғат Ілиясов (Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды).

- Австралияға барып, қолымды емдетемін. Үйленуім керек, уақыт келді. Әзірге қалыңдығым жоқ. Көрерміз, Австралияда қала беретін шығармын. Онда көбіне құрылыста жұмыс жасаймын. Балаларды да жаттықтырамын. Бұл елде күрес аса қатты дамымаған. Соның дамуына үлес қосқым келеді. Рио олимпиадасына менімен бірге тағы бір балуан қатысып, жеңіліп қалды. Ол Австралияға Албаниядан келген.- дейді Талғат.

Талғат Ілиясов Қазақстанда болмағанын айтады. Ол биыл Өзбекстан мен Қазақстанға барып, туысқандарымен жолығып қайтуды да жоспарлап отыр.

Австралия құрамасы биылғы Рио олимпиадасында 8 алтын, 11 күміс, 10 қола медальмен жалпы есепте 10-орын алды.

Олимпиадаға барған Азаттық тілшісінің мәліметіне қарағанда, Рио ойындарына қатысуға шетелдік құрамалар сапында үш этникалық қазақ барған. Өзбекстанға олимпиаданың қола жүлдесін әперген Елмұрат Тасмұратов (грек-рим күресі, 59 килограмм) пен Риоға Қытай атынан барған Ерланбек Кәтей (еркін күрес, 65 килограмм) туралы Азаттық бұған дейін жазған еді.

Ілиясовпен бірге Австралия атынан Рио олимпиадасына қатысқан 33 жастағы балуан Сагит Призрени (65 кг) бірінші айналымда Қытай құрамасындағы қазақ Ерланбек Кәтейден жеңілді. Ал Кәтей екінші айналымда моңғолиялық Ганзоригийн Мандахнараннан ұтылып жүлдесіз қалды.

Рио-де-Жанейро олимпиадасы 16 күнге созылып, тамыздың 21-і аяқталды. Қазақстан үш алтын, бес күміс, тоғыз қола медальмен Риода жалпы есепте 22-орын алды.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG